• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Хоккей 19 Сәуір, 2022

«Сарыарқа» чемпиондығын сақтай ала ма?

196 рет
көрсетілді

Бұл күндері елі­міздің екі қала­сында, атап айт­қанда, Қара­ғанды мен Петропавлда шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының финалдық ойындары өтіп жатыр. Ел біріншілігінің плей-офф кезеңінде барлық қарсыласынан басым түскен Қарағандының «Сарыарқасы» мен Көкшетаудың «Арланы» биыл қатарынан екінші жыл Қазақстан Pro Ligasy-ның бас жүлдесін сарапқа салып жатыр.

Былтырғы ел біріншілігінің жеңімпазы «Сарыарқа» плей-офф кезеңінің жартылай финалында елорданың «Номадымен» кездесіп, қарағандылық хоккейшілер соңғы, шешуші матчта қарсыластырын ірі есеппен жеңіп, жарыстың финалына шықты. Жалпы есеп – 4:2. Ал жартылай финалдың екінші жұбында өнер көрсеткен Көкшетаудың «Арланы» жетінші кездесуде Атыраудың «Бейбарысын» 2:1 есебі­мен қапы қалдырып, жалпы серияда 4:3 нәти­жесімен финалдық сайысқа жолдама алды.

Екі финалист арасындағы алғашқы кездесу Қарағандыдағы алты мыңға жуық жанкүйер сыятын «Қарағанды-Арена» мұзайдынында өтіп, қарағандылық команда күтпеген жерден «Арланнан» жеңіліп қалды. Қарағандылық хоккей­шілер матчтың бірінші кезеңінде көкшетау­лықтардың қақпасына толассыз шабуыл ұйымдастырғанымен, Илья Румянцев қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Дегенмен екінші кезеңнің 36-минутында мұзайдын иелерінен Михаил Рахманов мергендік танытып, мақтаулы Румянцевтен айласын асырды. Үшінші 20 минуттықта ойынға өзгеріс жасаған қонақтар айнал­дырған төрт минуттың ішінде екі шайба соғып, таразы басын өздеріне аударды. 44-минутта Роман Бердников ойын­дағы есепті теңестірсе, 48-минутта Роман Гра­боренко командасының екінші шайбасын соғып, маңызды жеңіс сыйлады – 2:1.

Араға бір күн салып екі команда Қара­ғандыда екінші ойынын өткізді. Бұл кездесуде де көкшетаулық команда жеңіске бір табан жақын тұрған еді. Алайда овертаймда мықтылық танытқан «Сарыарқа» ойыншылары жеңісті жұлып алды – 4:3. Осылайша, алғашқы екі ойыннан кейін сериядағы есеп теңесті.

Бірінші кезеңде мұзайдын иелерінен Кирилл Беляев дубльдің авторы атанса, қонақ команда сапынан Александр Мень­щиков пен Виталий Жиляков гол соқты. Ал үшінші кезеңде Владимир Боровков «Арланды» алға шығарғанымен, матч аяқталар тұста Михаил Рахманов таразы басын теңестіріп кетті. Сөйтіп, ойын овер­­таймға ұласты. Қосымша уақытта Алек­­сандр Борисевич мергендігімен көзге тү­сіп, «Сарыарқаға» жеңіс сыйлады. Се­рия­­ның келесі матчтары Петропавлда өтеді.

2021/22 жылғы турнир регламентіне сәйкес, ½ финалдың қорытындысы бойын­ша жеңіліске ұшыраған және тұрақты чемпионаттың нәтижесі бойынша жоғары орын алған «Бейбарыс» биылғы Pro Ligasy-ның қола жүлдегері атанды.