Өзбекстан астанасы Ташкентте көркем гимнастикадан кезекті Әлем кубогы жарысы өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде бақ сынаған Қазақстан құрамасының қыздары топтық кезеңде бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды.
Бірінші күнгі көпсайыс бәсекесінде жерлестеріміз қола жүлдеге қол жеткізді. Бас жүлдені Болгария құрамасы жеңіп алса, Өзбекстан қыздары күміске иелік етті. Ал жарыстың соңғы күнінде отандастарымыз доп және лента жаттығуында күміс медаль олжаласа, шеңбер жаттығуында үшінші орынға табан тіреп, Әлем кубогының қола жүлдесін мойындарына тақты.
Бұл сында ел намысын Сағина Мұратқызы, Айсұлу Мырзағалиева, Рената Жолдинова, Айдана Шаяхметова, Аружан Қасенова және Әсел Шүкірбай қорғады.