• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Сәуір, 2022

Дарынды ұрпақ дара ұлт қалыптастырады

750 рет
көрсетілді

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Балалар жылы» аясында «Балалар әлемі» атты республикалық балалар шығармашылығы көрмесі ашылды.

Қазақстан Республика­сының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев өске­лең ұрпақ­тың болашағын бүгіннен қам­тамасыз ету қажеттігін ай­та келе, жаңа кірген Барыс жылын «Балалар жылы» деп жа­риялады. Ұрпақты ұлты­ның жалғасы деп таныған бабалар аманаты мемлекеттің жар­қын болашағын айқындауға арналған барлық маңызды бағ­дарламадан көрініс табуы осы көрме іспетті мазмұны те­рең шаралардан бастау алады.

Балалардың шығармашы­лық тұлға­сын қалыптастыру және эстети­калық тәрбиесін да­мытуды мақсат еткен көрме түрлі тақырыпты ортақ идея­ға топтастырған. Әлемді ақ-қара түспен емес, қызылды-жасылды ашық бояу түсімен, бақыт пен бейбітшіліктің үйле­сімімен қабылдайтын бала таны­мын дәл әрі жан-жақты зерделеген Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы: «Жас ұрпақтың рухани үйлесімді тұлғасын, Отанымыздың көр­кемдік әлеуетін дамыту үшін балаларды ерте жастан өнерге деген сүйіспеншілігін өріс­тетіп, тәрбиелеу қажет. Олар­дың сұлулыққа деген құш­тарлығы –  ересек суретшілер үшін үлгі. Қа­зіргі уақытта елі­міздің педа­гогикалық қоғам­дастығы өскелең ұрпақты ұлттық бейнелеу өнерінің құпиялары мен қыр-сырына үйрету үшін тынымсыз еңбек етуде, өнер арқылы оларды қазіргі за­манғы көркем бағыттармен таныстырып, эстетикалық тәрбиені, сұлулықты бала бойына сіңіру үшін ізденісін арттырып келеді», деді.

Көрмеге еліміздің түкпір-түкпірі­нен іріктелген 7 мен 18 жас аралы­ғын­дағы дарынды балалардың шығарма­шылық жұмысы қойылды. Әртүрлі техникадағы және ағаш, металл, пластмасса, мата, жүн секілді түрлі материал­дар­дан жасалған сурет, графика, мүсіндер мен сән­дік-қолданбалы өнер бұйымдары бала қиялының тым терең және шексіз екенін көрсетеді. Бұл көрмеде бала­лардың эс­тети­калық сезімін, көркем­дік талғамын оятып, шығар­­машылық қиялын дамыту үрдісі белгілі жүйеде жи­нақ­талған. Шығарма­шы­лық жұмыстар арқылы әр аймақ­тан келген балалар құрдас­тарының тұрмысы мен өмір сал­тын, ұлттық және мәдени ерек­шелігін түсінуге үйренеді. Талант екенін тай күнінен көр­сетіп, бабы келіссе, бірегей шебер болып шығатынын бүгін дәлелдеп отырған бала­ларға арналған бұл көрме – баға жетпес қолдау. Әлі жас болса да, келешегінен үміт күттіретін талантты бала­лардың тырнақалды туын­дыларының ұлттың руханият ордасы болып отырған Мем­лекеттік орта­лық музей секілді ірі мәдениет орталы­ғына тұңғыш рет көпшілік назарына ұсы­нылуы «Балалар жылы» аясында ғана мүмкін болып отыр.

Музей басшылары, Т.Жүр­генов атындағы Ұлттық өнер академиясының профес­сорлары, ұлттық бейнелеу өне­­рінің іргесін көтерген көр­некті қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің қыз­дары Гүлдария мен Гүлна­зия көр­меге қатысқан жас да­рындардың шығар­машылық ізде­нісін жо­ғары бағалап, үздік деп танылғандарға Алғысхаттар мен энциклопедиялық альбом-кітап­тарды сыйға тартты.

 

АЛМАТЫ