• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Сәуір, 2022

Тұрақты даму жөніндегі ұлттық шолу жарияланады

447 рет
көрсетілді

Қазақстан 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібінің іске асырылу барысы туралы екінші ерікті ұлттық шолуды әзірлеп жатыр. Оны алдағы шілде айында Нью-Йоркте ұсыну жоспарланып отыр.

Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Әлихан Абақановтың айтуынша, Қа­зақ­стан тәуелсіздік алған күннен бастап тұрақты даму қағидаттарына қырын қараған емес. Бұған еліміздің БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне қосылуы дәлел. Осылайша, Қазақстан тұрақты даму жолында кезең-кезеңімен жұмыс жүргізуде. Бүгінде елімізде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін институционалдық архитектура енгізіліп, тиімді жұмыс істеуде.

Қазақстанда Тұрақты даму жөніндегі үйлестіру кеңесі бар. Бұл барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, мәселелерді талқылауға арналған ашық алаң. Кеңес жұмысы тұрақты даму мақсаттарының бес негізгі бағыты (адамдар, жер, өр­кен­деу, серіктестік және бейбітшілік) бо­йынша жүзеге асырылады. 2021 жыл­ғы мамырдан бастап тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді мони­торингтеу комитеті іске қосылды. Ол Ұлттық экономика министрлігі жа­нын­­дағы консультативтік-кеңесші орган болып саналады.

– Ұлттық шолу жетістіктерді дербес талдау және тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы сын-қатерлерді анықтау үшін қажет. Бұл дегеніміз – тұрақты даму бойынша 2030 жылғы күн тәртібінің жаһандық мақсаттары мен міндеттерін орындаудағы прогресті бағалауды жүр­гіз­етін және есеп беретін процесс, – дейді Ә.Абақанов.

Қазақстан алғашқы ерікті ұлттық шолуды 2019 жылғы 16 шілдеде Нью-Йорктегі БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі саяси форумында ұсынған болатын. Екін­ші ерікті ұлттық шолуды Эконо­ми­калық зерттеулер институты Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп дайындауда.

Екінші ерікті ұлттық шолуды дайындау үшін БҰҰ жыл сайын мемлекеттерге бес басым мақсатты ұсынады. Осы жылы бес басым бағытқа «Сапалы білім», «Гендерлік теңдік», «Теңіз экожүйелерін сақтау», «Құрлық экожүйелерін сақтау» және «Серіктестік» еніп отыр. Әр елдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, басым бағыттарды анықтауға мүмкіндік бар. Қазақстан да осы жолды таңдады.

Экономикалық зерттеулер институ­ты­ның тұрақты даму мақсаттары жөнін­дегі хатшылық директоры Бақытгүл Хамбардың айтуынша, біздің ел басым бағыт ретінде келесіні таңдаған: «Кедейлікті жою», «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», «Сапалы білім беру», «Гендерлік теңдік», «Таза су және са­ни­тария», «Лайықты жұмыс және эко­но­микалық өсу».

– 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетудегі және Қазақстанның мін­дет­терді орындауындағы маңызды сәт – 2021 жылдан бастап мемлекеттік жос­парлаудың жаңа архитектурасын қалып­тас­тыру. Бұл ретте 2021 жылы тұрақты даму мақсаттарының ұлттық индикаторлары бекітілді. Олар елдегі тұрақты да­му мақсаттарының іске асырылуына мо­ниторинг жүргізуге ықпал етеді, – дейді Б.Хамбар.

Оның айтуынша, ерікті ұлттық шолу­дың алғашқы таныстырылымынан бергі үш жылдық кезеңде Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бо­йынша бірқатар маңызды іс-шараны жүзеге асырды. Атап айтқанда, халықты атаулы әлеуметтік қолдау шаралары әзірленді. Тұрақты даму саласындағы жобаларды қаржыландырудың кешенді ұлттық стратегиясын әзірлеу бойынша жұмыс басталды. Экономиканың кө­мір­текті бейтараптығы бойынша жұмыс жүргізілуде. Гендерлік теңдіктің болуы, білім беру және медициналық мекемелерге қолжетімділікті кеңейту және басқа да бағыттар бойынша мемлекеттік органдардың құжаттары талданды.

Экономикалық зерттеулер институты Қазақстанның дамуын қаржыландыруды және жедел кешенді бағалау сияқты құралдарды пайдалана отырып, үлкен талдау жұмысын жүргізді. Оның нәти­же­лері де екінші ерікті ұлттық шолуда көрініс табады.

– Қазақстанның дамуын қаржы­лан­дыруды бағалау тұрақты даму мақсат­та­рына қол жеткізудегі ағымдағы прог­ресті, проблемалық салаларды да баға­лауға мүмкіндік берді. Бағалау мем­ле­кеттік бюджет елдің стратегиялық мақсаттарын қаржыландырудың негізгі көзі болып қала беретінін көрсетті. Дамуға бағытталған қаржыландыру 2015 жылдары ішкі жалпы өнімнің шамамен 75 пайызына жетті. 2016-2019 жылдарда ішкі жалпы өнімнің 54,9 пайызы дамуға бағытталды. Бұл ретте елдің басқа көз­дер­ден, оның ішінде жеке ресурстардан дамуды қаржыландырудың үлкен әлеуеті бар. Дамуды қаржыландыруды бағалау бюджет процесі жүйесіне тұ­рақ­ты даму мақсаттарын бюджеттеу қағи­дат­тарын біріктіру қажеттігін көрсетті, – дейді Б.Хамбар.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақ­стан­дағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш Қазақстанды тұрақты даму мақсаттарын 2015 жылы қабылданған сәттен бастап қолдап келе жатқанын жеткізді.

– Биыл екінші ерікті ұлттық шолу еліміздің 17 өңірінде тұрақты даму мақсат­тарына қол жеткізуге мүдделі та­рап­тар мен халықтың белсенді қаты­су­ы­мен дайындалды. Бұл тұрақты даму мақсаттарының «ешкімді артта қалдырмау» негізгі қағидатына сәйкес келетін инклюзивті процесс ретінде ерікті ұлттық шолудың сапасы мен объек­тивтілігін арттыруға ықпал етеді. Ерікті ұлттық шолу консультацияларына 2 мыңға жуық адам қатысты. Шолуда олардың пікірлері ескеріледі, – дейді В.Времиш.

Еске сала кетейік, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің жаһандық рейтингінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ықтимал 100 балдан 71,6 балл жинап, 165 елдің ішінен 59-орынды иеленді. 2020 жылмен салыстырғанда өз позициясын 6 тармаққа жақсартты (71,1 балл, 65-орын).