Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының Sarap сараптамалық клубы мен «Политолог» студенттік дискуссиялық клубы «Саяси реформалар: тәуекелдер мен перспективалар» тақырыбында бірлескен отырыс өткізді.
Сарапшылар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған саяси реформаларға орай пікірлерін білдіріп, студент жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, реформалардың жүзеге асуы, ықтимал тәуекелдер барысына талдау жасады.
Іс-шараны жүргізген «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов саяси реформалардың жаңа бағдарламасы республика өмірінің барлық саласына серпін беретін маңызды қадам екенін атап өтті.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев сайлау жүйесіндегі өзгерістер, азаматтардың сайлауға қатысу мүмкіндігі тұрғысында ой бөліссе, «Альтернатива» заманауи зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарёв Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды оқиға конституциялық реформа екендігіне тоқталып, Мемлекет басшысының елдегі саяси жүйені реформалаудағы басымдықтары жайында айтып өтті. Жарияланған саяси реформалардың мазмұны мен сипаты, оның ішінде суперпрезиденттік басқару моделінен шығуды ескеру, еліміздің негізгі заңына түзетулер әрбір қазақстандықтың өміріне елеулі өзгерістер әкелетініне сенім білдірген сарапшы конституциялық реформаны референдум арқылы жүзеге асыру елімізде ғана емес, шет елдердегі және халықаралық ұйымдар тарапынан да қолдау табатыны сөзсіз екенін атап өтті.
Еліміздің даму келешегіне қатысты маңызды мәселелерге тоқталған саясаттанушы Дина Айкенованың айтуынша, бұл бағытта саясат, одан кейін экономика саласына мән беріледі. Яғни саяси жүйенің трансформациясы ең алдымен, саяси мінез-құлық нормаларын, құндылықтарды өзгертуге бастайды.
Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы, саясаттанушы Әділ Каукенов Президент Жолдауында саяси жүйені жүзеге асыруға жетелейтін реформалардың маңызды бағыттарына тоқталды. Жолдауда көтерілген басымдықтар, әсіресе жергілікті биліктің күшеюіне, осы кезге дейін назардан тыс қалып келген маңызды елді мекендерді дамытуға ықпал етеді. Саясаттанушының айтуынша, елде қолға алынатын барлық бастама ендігі кезекте қаңтар қасіретін қайталамауға сабақ болуға тиіс.
Жиынға қатысушылар еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың өзекті мәселелеріне орай пікір бөлісіп, қалыптасқан жағдайға сараптама жасады. Жолдауда көтерілген басымдықтар әр азаматтың өміріне өзгеріс әкелуі тиіс. Ал Жолдауда көзделген өзгерістер қазақстандықтардың жарқын келешекке деген талпынысымен тығыз байланысты.
АЛМАТЫ