• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Сәуір, 2022

Қасымханның «Қаракөзі»

1519 рет
көрсетілді

«Қарамашы, қадамашы көзіңді» кімнің әні десе, Қасымхан Асанов деуі мүмкін үлкендердің. Жастардың біле қоюы екіталай. Бұл әнді Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков, Қайрат Байбосынов, Мақпал Жүнісовадан кейін шырқаған әнші ілуде біреу. Гитараның сүйемелдеуімен Сейіл Аяған орындап жүргенін білеміз бертінде.

Аталған әнді автордың алдында шырқап батасын алғанын айтады Секең. Алғашында Оспанхан Әу­­бә­кіровтің сөзіне жазылған Қа­сым­хан Асановтың «Қаракөзін» де Сейіл Аяғаннан естігенбіз. Баяу есті­летін сазды әннің әуені терең тол­ға­нысқа жетелейді. Кейіннен бірақ «Қаракөз» десек, алдымыздан Әбіла­хат Еспаевтың әні шығатын болды. Сөйтсек, Оспанханның сөзіне бірін­ші Әбілахат ән жазғанда, бұл ән ел ішіне кең тарап кеткенге ұқсайды. Ол сөзге Қасымхан да ән шығарған, бірақ анағұрлым кеңінен таралып кетпеген сияқты. Әбілахат Еспаевтың «Қаракөзі» жылдамырақ айтылып, тез жатталатын ән. Сонымен қатар Қасымханның да туындысы қазақ ән қоржынын байытар тамаша дүние дер едік.

Бұрнағы жылдары «Қазақ» радио­сының белгілі дикторы Сауық Жа­қа­нова Қасымхан шығармашы­лы­ғы­на тоқталып, кейбір әндерінің қол­ды бола бастағанын жазғаны есі­мізде. Сол жазбасының арасында компо­зитордың тағы бір ғажап әні «Қаракөз» «Алтын қорда» Әбілахат Еспаевтікі болып кеткенін айтып қын­жылады. Анығында, Қасымхан Аса­нов­тың «Қаракөзі» мен Әбілахат Еспаев­тың «Қаракөзі» екеуі – екі бөлек ән. Шатыстыратын себебі екеуі де Оспанхан Әубәкіровтің өлеңіне жазылған. Әбілахат Еспаевтың әні сәл жылдамырақ айтылса, Қасекеңнің «Қаракөзі» сырлы сазбен баяу есіледі. Мұны маған алғаш айтып, екі әннің аражігін ашып, айырмашылығын жі­лік­теп жеткізуші – белгілі әнші Сейіл Аяған.

Қ.Асановтың көзі тірісінде қасында жүріп, шығармаларының денін қағазға түсіріп алып ұрпаққа аманаттаушы – танымал әнші, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай бұл ән төңірегінде былай дейді: «Қасымхан заманы – ащы судың сәнге айналған кезі. Әсіресе өнерпаз қауымның жаппай бас қойған уақыты осы 1960-1970 жылдар. Қасымхан ағаның өз аузынан естіген «Қаракөз» әнінің қысқаша тарихы былай. Бірде Мұқағали, Шәмші, Оспанхан, Әбілахат, Қасымхан – бесеуі біраз күн тоқтамай сілтеңкіреп қойып, ертеңіне бәрі түксіз қалыпты. Ол заманда бас жазу деген бұлжымас дәстүр бар. Не істеу керек? Бас сынып, тіл ауызға сыймай барады. Қалтада соқыр тиын жоқ. Мұндайда араларындағы ең пысығы, қиыннан қиыстырып амал табатын Оспанхан Әубәкіров екен. Бұл жолы да аяқастынан амал табады: «Мен, міне, көрдіңдер ме, табан астынан әнге сұранып тұрған мынау, қатқан өлең жаздым. Осыған ән жазып бере қойсаңдар, радиоға апарып, қолма-қол қаламақы аламыз», деп сиясы кеппеген «Қаракөздің» сөзін басы ауырып отырған «бөтелкелестеріне» оқып береді. Бұған алдымен Әбілахат ұш­қыр­лық танытады. Қысқасы, «Қара­көздің» Әбілахат жазған нұсқасы «Қа­зақ радиосының» ән қоржынына бірінші түседі. 70 сом қаламақы жоға­рыда аты аталған бестіктің тағы да бірне­ше күнгі думанына еркін жетеді. Өзіне-өзі әрең келген Қасымхан ағамыз болса, әнге бірнеше күннен кейін оралады. Әннің әбден бабын келтірген соң, Оспанханға көрсетеді. Ән Оспанханға ұнайды. «Бірақ әннің сөзін өзгертіп жіберіпсің» деп дау шығарады. Сөйтсе, Қасымхан аға «Тырналар ұшып өткенде, Түседі-ау еске бала кез» деген жол­дарды «Қарлығаш ұшып жеткен­де, түседі-ау еске бала кез» деп өзгерт­кен екен. Бұған Қаскең «Біздің жақта тырна деген бір қадірсіз құс, Ар­қаның қазағы үшін сидиған тырнаға қарағанда үйінің шаңырағына ұя салатын қарлығаш әлдеқайда қасиетті» деп дау айта­ды. Ақыры бұл уәжге тоқтаған Оспанхан аға жоғарыда аттары аталған дос­тарына бұл әнді де бірнеше күн қатарынан жуған екен. Қасымханның «Қаракөзі» осылайша дүниеге келеді», деп еді Ерлан Төлеутай.

Бұл әннің қысқаша тарихы мен тағдыры осындай. Бұл бұл ма, Ерлан Төлеутай туындыға қатысты тағы бір кілтипанның шетін шығарғанын білеміз өткен жылдары. Негізінен кезінде радиодан беріліп тұрғанымен, қазір көп шырқала қоймайтын Қасым­хан әндерін түстеп, түгендеп жүрген мен білетін екі адам болса, Ерлан Төлеутай мен Сейіл Аяған. Ертеректе бір әңгімесінде Ерлан аға «таяуда» деп еді осы Қасымхан Асанов жайлы сөйлесіп қалғанымызда. «Қаракөз» әні туралы тағы бір келеңсіз­діктің куәсі болдым. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде әйгілі мәдениеттанушы, жазушы, дәулескер күйші Таласбек Әсемқұловтың дом­бырасын тапсыру салтанаты болып жатқан еді. Марқұм­ның көзін көргендер естелік айтты, ән шырқалып, күй тартылды. Бір кезде сахнаға жазушының Семейден келген жерлес­тері көтерілді. Ұмытпасам әнші Гүлшат Еруова ғой деймін, сахнаға көтерілген екі әйелдің бірі осы «Қаракөзді» Садық Кәрімбаевтың әні деп шырқай жөнелгені. Сәлден соң дас­тарқан басында бас қосқанда Семейден келген әнші апама «Қаракөздің» Қасымхан Асановтың әні екенін ұзақ дәлелдеуіме тура келді. Сөйтсем, ол кісі ұзақ жылдар бойы бұл әнді Садық Кәрімбаевтың әні деп айтып келеді екен. Түзеуге уәде берді», дейді өнертанушы.

Автордың бірнеше әнінің арасын­дағы бір туындының тағдыр-тала­йы осындай толқымалы. «Қазақ» ра­дио­сының қорында «Қарамашы, қадамашы көзіңді», «Шәрбәнға», тағы басқа әндері сақтаулы деп естиміз. Ал мына «Қаракөзі» әншісін күтіп жатқан оқшау туынды. Кімнің бағын ашар екен?