Дәстүрлі шара биыл да ауқымдылығымен ерекшеленді. Екі күн қатарынан өткен «Марғұлан оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетімен бірлесе ұйымдастырылып, ғалымдар еліміздің археология саласындағы жетістіктер мен алда жоспарланған зерттеулерге зер салды.
Жиында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы қол жеткен табысты зерттеулерді тілге тиек етіп, археология ғылымын дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде археология, этнология бойынша бес университет мамандар даярлауда. Бұған қоса бұл саламен айналысатын ғалымдардың 49,5 пайызын жастар құрайды. Саланы дамытуға байланысты министрлік жолға қойған міндеттерді жүзеге асыру барысында мамандарды мектептен бастап даярлау, студенттер, жас ғалымдармен жұмыс істеу, одан бөлек жетекші ғалымдарға жағдай жасау, жобаларға тарту жөніндегі жұмыстар бірте-бірте жанданып келеді. Осы орайда Ақан Оңғарұлы «Археология саласы бойынша арнайы топты даярлау қажеттігіне қатысты ұсыныс енгізіп отырмыз. Яғни негізгі мақсатымыз – археологияға салалық мамандарды даярлау», деп атап өтті.
Конференция барысында өткен жылы ел аумағында және көршілес мемлекеттерде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижелері баяндалып, ғалымдардың ашқан жаңалықтары және зерттеу тәжірибелері ғылыми қауымдастықтың назарына ұсынылды.
Осы жиында ғалымның қызы, медицина ғылымдарының докторы Дәнел Әлкейқызы сөз алып, әкесінің еңбектеріне деген қызығушылықтың зор екенін атап өтті.
«Әкем көп еңбек етті. Көзі тірісінде барлық кітапты шығарамын деп ойламаса керек. Бәлкім кейінгі ұрпаққа үміт артқаны болар. Отыз жыл бойы әкемнің жазбаларын өңдеп, архив мұраларын жасадым. Бүгінде ғылыми еңбектері 14 том болып жарық көрді. Мұрағатпен жұмыс барысында соншама мазмұнды әрі кең ауқымды дүниелердің көптігіне көз жеткіздім. Небір сирек деректерді кездестіргенде осының барлығы әкемнің еңбегі екеніне сену қиын еді. Қазір ойлап қарасам, баға жетпес құнды дүниелер екеніне қайран қаламын. Әкем менің болашағым туралы көп армандайтын. Менің таңдауымды дұрыс деп айта алмай кеткені, әрине, өкінішті. Өз шәкірттері мен ғалымдарға білгенін үйретіп, ғылыми зерттеулер төңірегінде ақыл-кеңес беріп, жауап жазудан еш жалықпаған әке еңбегіне деген құрметім шексіз. Ұстаздық өмірінде мыңдаған шәкіртке білім берген ғалым ретіндегі еңбектері болашақ ұрпақ үшін азық болатыны анық», деді Д.Марғұлан.
Әлкей Марғұлан еңбектерін зерттеуді Дәнел Әлкейқызы Ш.Уәлиханов атындағы тарих институты қызметкерлерімен бірлесе жүргізіп, том-том етіп құрастырып, әке мұрасын жандандыруды жалғастырып келеді. Ғалымның этноархеология саласындағы зерттеулері, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан таным беретін ескерткіштері туралы құнды еңбектері, жазба деректері ұлт болашағы үшін өте құнды.
Конференция жұмысына еліміздің жетекші ғалымдары, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, Бельгия, Италия, Қырғызстан, Ұлыбритания, Өзбекстан және Ресей ғалымдары қатысып, әлемдік археология жаңалықтарымен бөлісті.