Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 сәуірде болатын кезекті сессиясының күні жақындаған сайын оның «Стратегия – 2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыбын талқылаған түрлі шаралар да көбеюде. Соның бірі кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас корпусында болып өтті.
Онда оқу орнының ұстаздар мен студенттер қауымының өкілдері университетте Қазақстан халқы Ассамблеясының атын алған кафедрада Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант, ғалым Абай Тасболатовпен кездесті. Кездесуді университет проректоры, белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы ашып, жүргізіп отырды. Өзінің кіріспе сөзінде ғалым Ассамблеяның көздеген ең бірінші кезектегі мақсаты еліміздің ішіндегі татулық пен бірлікті ұйыстыру екенін атап өтті. Ұйымның осы мұратын студент жастарға, қоғам мүшелеріне белгілі қоғам қайраткерлерінің көзімен, парасатымен білдіру, насихаттау біздің міндетіміз. Сондықтан бүгінгі кездесуге елімізге белгілі азамат, әскери қайраткер әрі педагог, тарих ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Абай Бөлекпайұлын шақырып отырмыз деп қонақты жиналғандарға кеңінен таныстырып өтті.
Одан арғы сөзінде Дихан Қамзабекұлы Ассамблея жұмысына терең баға беріп, оның тарихи орны осы күні әбден анықталып, бейбітшілік пен келісімнің дүниежүзіне танылған ұйымына айналғанын айтты. Әлемнің басқа түкпірлерін айтпағанда, кешегі кеңестік кеңістіктің өзінде болып жатқан неше түрлі этносаралық келеңсіз оқиғаларды көріп, біліп отырмыз. Қазақстанда сондай оқиғалардың алдын алуға, болдырмау тұрғысында Ассамблеяның атқарып жүрген жұмыстары ұлан-ғайыр, деді ол. Сонымен бірге, оқу орнының басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 сәуірде болатын сессиясына бір күн қалғанда университетте «Астана көктемі» атты шара өткізілетінін жеткізді. Оған сессияға қатысуға келген Ассамблея мүшелерінің бәрі де қатысады деп күтілуде, деген Дихан Қамзабекұлы келесі сөзді мейманға берді.
Абай Бөлекпайұлы өзінің әңгімесін Ассамблеяның маңызына тоқталудан бастады. Бүгінгі күні ҚХА елдегі татулық пен тыныштықты сақтауда айрықша институт болып отыр. Мұндай белсенді қызмет атқарып отырған ұйым Қазақстаннан басқа елде жоқ. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі этносаралық тыныштық пен татулықты сақтауға, соның арқасында мемлекеттегі экономикалық тұрақтылықты сақтауды көздеп, осы істерге ықпал ететін орган ретінде арнайы құрған ұйымы. Оның өміршеңдігін, әлеуметтік сұранысқа ие екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тіпті, жылдан-жылға бұл ұйымның маңызы да арта түсуде. Сондықтан да Ассамблеяның жұмыс тәжірибесін алыс-жақын шетелдерден арнайы адамдар, әлеуметтік саланың ғалымдары келіп зерттеуде. Ассамблея қатарынан 9 адам Парламент депутаты болып сайланған. Сол әріптестеріміз түрлі мәдени-этностық бірлестіктердің өкілдері болып табылады. Олар біздің заң шығару органымызға этностардың түрлі проблемалары мен ұсыныстарын жеткізеді және орталық атқарушы билік орындарына биік мінберден депутаттық сауалдар жасап, этностарға қатысты түрлі мәселелердің шешілуіне ықпал етеді, деді ол.
А.Тасболатов одан әрі депутат ретінде өзінің атқарып жүрген кейбір қызметтері туралы әңгімеледі. Соның ішінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев екеуінің Ауғанстанға парламенттік делегация мүшелері ретінде барған ресми сапары туралы айтты. Бұл елде емін-еркін жүру мүмкін емес, күндіз-түні тыныштық жоқ. Бізді де жан-жағымыздан күзет қызметкерлері қалың топ болып алып жүрді. Талибтердің жанкештілері шетелдік қонақтардың бәрін де жау көріп, қолдарынан келсе жарып жіберуге әзір тұрады екен. Қонған қонақүйімізде де біз аттанғаннан кейін екі күн өткенде жарылыс болыпты. Алайда осындай мемлекетке де көмек қолын созып жатырмыз. Бізде тыныштық, басқалар не болса, о болсын деп айтуға болмайды. Өйткені, көршідегі тұрақсыздық кез келген елге қауіп. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда ауғандық жастардың бейбіт мамандықтарға оқып жатқанын білесіздер. Бұлар елдеріне соғысшылдық емес, ертең бейбіт мақсат апарары сөзсіз. Сондықтан да Қазақстанның бұл бастамасын Ауғанстан басшылығы ғана емес, барлық прогрессивті адамзат қолдап отыр. Айта кететін жайт, орталықазиялық көршілер арасынан Ауғанстанға біздей ешкім де көмектесіп жатқан жоқ. Керісінше, бәрі де одан жамандық күтіп, есік-терезелерін бекітуде. Ертең альянс әскерилері түгел шықса, ауғандықтар көршілеріне де зиянын тигізуі мүмкін, дейді олар. Зиянын тигізбеу үшін оларға пайдалы көмек жасағылары келе қоймайды, деді депутат.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның НАТО-мен ынтымақтастығы туралы да айтты. Оның Парламенттік Ассамблеясына Орталық Азия мемлекеттері арасынан қазақстандық делегация ғана шақырылатынын жеткізді.
Жастық шағы, жоғары кәсіби білім алу жылдары туралы әңгімелеген кезде, генерал КСРО-дағы ұлтаралық қатынастар мәселелеріне де тоқталып өтті. Оның сол кездің насихат құралдары жарнамалайтындай әділетті екенін іс жүзінде көрмейтінбіз. Соның ішінде ана тілімізде сөйлеуге қатты тыйым салатынын бастан кештік. Ал біздің, Қазақстанның этносаралық саясаты керісінше, барлық этностардың өздерінің ұлттық тілін сақтап, салт-дәстүрлерін жаңғыртуына барлық мүмкіншіліктерді жасап отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл істің ұйытқысы және ол барлық ұлт пен ұлысты қазақ ұлтының төңірегіне топтасуға шақырады, деді А.Тасболатов.
Кездесу соңында генерал жиналғандардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Оқу орнының басшылығы студенттер атынан депутатқа естелік сыйлықтар тапсырды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
-----------------------------
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».