Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» атты көрменің ашылуы өтті.
Мәртебелі жиынды ашып, сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камаладинов, аталған іс-шараның мақсаты – биыл даталы кезеңге иек артып отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылу және даму тарихы туралы тың деректерді насихаттау, сондай-ақ елдің әскери қауіпсіздігін нығайтудағы әскери-саяси басшылықтың рөлін көрсету екенін атап өтті.
Көрме сөресіне қойылған экспонаттар қатарында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру және тұңғыш Қорғаныс министрін тағайындау туралы Жарлық пен оған қол қою кезін бейнелейтін инсталляциялық мүсін, сонымен қатар М.Б.Греков атындағы әскери суретшілер студиясы суретшілерінің туындылары қойылып, ең бастысы бүгінгі Қазақстан әскерінің әлеуеті көрермен назарына ұсынылады.
Іс-шара барысында, Президент Мұрағатының авторлық ұжымы мен Қорғаныс Министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар жинағы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, таныстырылымы жасалды.
Мәдени шара барысында, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың ансамблі, Орталық әскери оркестрі әртістері, «Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушілері, сондай-ақ Құрмет қарауылы ротасы өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.