Еңбек министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстанда 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті әкімдіктердің рұқсатымен 16 278 шетелдік азамат еңбек етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 639 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 150 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 8 115 және 825 адам», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға 1 197 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 352 адам тартылды.
Еңбек министрлігінде атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 683 жұмыс беруші бар. Оларда 429 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ын құрайды.
Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Қытай – 3 685 адам, Түркия – 1 977 адам, Үндістан – 1 268 адам, Өзбекстан – 1 195 адам, Сербия – 1 109 адам.
Ведомствода еске салғандай, ішкі еңбек нарығын қорғау үшін жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота бөлінеді.
Ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша осы жылдың қаңтарында Еңбек министрлігі ШЖК тартуға квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке – 4 792 бірлікке (16%) қысқартты.
Аяна Тоғанбек