Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі импортының жалпы сомасы 38,3 млрд АҚШ долларын құрады. Шамамен 32 млрд АҚШ доллар қаражат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жетекшілік ететін салаларға тиесілі. Өңдеу өнеркәсібі салаларында инвестициялық жобалар пулын қалыптастырдық. Аталған жобалар импортты алмастыруға және дайын өнімді экспорттауға бағытталған», деді министр.
Қайырбек Өскенбаевтың дерегінше, бірінші топта 700-ге жуық жоба қамтылған. Оның ішінде 286-сы - импортты алмастыратын жобалар. Пулдағы 95 жоба екінші топқа, яғни импортты алмастыруға дайындығы орташа тауарларға жатады. Үшінші топ бойынша 36 жобаны жүзеге асыру үшін тауарлар тізбегі айқындалды. Аталған тауарлар бойынша белсенді түрде инвесторлар іздестірілуде.
«Бірінші топқа қазірдің өзінде отандық кәсіпорындарда өндіріліп жатқан өнімдерді шығаруға бағыт алған 155 жоба енгізілді. Алайда аталған тауарлар импортты толық алмастыруы үшін өндіріс көлемін ұлғайтуымыз қажет», деді ол.
Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында импортты алмастыратын жобалар туралы хабарлама жарияланған соң көптеген белсенді кәсіпкер пулға кіруге министрлікке өтініш білдірді.
«Байланыс орталығы арқылы кәсіпкерлерге пулға кіру бойынша мамандар тарапынан кеңес берілуде. Айта кетерлігі, министрлікте облыстар бойынша бекітілген және жоба бастамашыларымен тікелей жұмыс істейтін жоба менеджерлерінен тұратын топ бар. Жұмыс барысында жобалық әдіс-тәсілдер мен EasyProject ақпараттық жүйесіндегі мониторингке арналған цифрлық құралдар қолданылды. Осы ретте жобалардың саны бойынша өзгертулер мен түзетулер енгізілуде. Жалпы өңдеуші өнеркәсіпте 108 мың жұмыс орнын құрумен инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңгеге 633 жоба тиесілі. Тау-кен өндіру саласы, агроөнеркәсіптік кешен және инфрақұрылымдық даму салаларына 8 мың жұмыс орнын құрумен инвестициялар көлемі 1,3 трлн теңгені құрайтын 57 жоба кіреді», деді Қайырбек Өскенбаев.