Петропавлда Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған қазақ күресінен ІІМ-нің және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының ведомствоаралық спартакиадалары аяқталды.
Екі күн бойы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайында еліміздің түкпір-түкпірінен келген погонды балуандар күш сынасты. Полиция департаменттерінің 18 құрама командасынан, сондай-ақ «Динамо» ДШСҚ Орталық кеңесінің 8 командасынан қатысқан балуандар бозкілемнің үстінде жеңімпаздарды анықтады.
Спартакиаданың қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Алматы қаласының полиция департаменті иеленді. Екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті, ал бірінші орынды қарағандылық полицейлер жеңіп алды. «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының ведомствоаралық спартакиадасының қорытындылары бойынша үшінші орынды ТЖМ командасы, екінші орынды Ұлттық ұланның командасы, бірінші орынды ІІМ командасы иеленді.
Жеке салмақ категориялары бойынша 100 кило және одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынды Алматы облысы полиция департаментінің қызметкері Жәнібек Дүйсембаев иеленді. 100 килоға дейінгі салмақта Алматы облысы полиция департаментінің қызметкері Александр Косачев, 90 кило салмақта Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкері Әсет Жүнісов, 82 кило салмақта Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкері Еркеғали Қуандық, 74 кило салмақта Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкері Дәурен Қамаш, 66 кило салмақта Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкері Ерболат Құнанбаев үздік атанды. Жүлдегерлер «Динамо Барысы» белдігімен, кубоктармен және грамоталармен марапатталды.
Төзімділік, күш-жігер және шыңдалған техника – мұның бәрі қызу тартыста сәтті өнер көрсетудегі маңызды қасиеттер. Спорттың тартысты түрі мен халқымыздың ұлттық дәстүрін біріктірген спорттық мереке 23 маусымда атап өткелі тұрған ел полициясының мерейтойына дайындықтың жарқын кезеңі», деп атап өтті облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов.
Спорттық мерекенің құрметті қонақтары қатарында Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, «Динамо» ДШСҚ Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов, облыстық күштік құрылымдардың басшылары, атақты спортшылар және ардагерлер қатысты.