Өскемен қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 15 ардагер қалды. Олардың әрқайсысына Жеңіс күніне орай 1,5 миллион теңгеден беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде Жеңіс күніне орай біржолғы төлем алатын 3768 адам бар. Бұл мақсатта 220 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен мүгедектерінің әрқайсысына 1,5 млн теңгеден беріледі. Бүгінгі таңда шаһарда осындай 15 адам қалды. Ардагерлердің жұбайлары (150 адам), марапатталған тыл еңбеккерлері (69 адам), концлагерь тұтқындары (9 адам), қоршауда қалған Ленинград тұрғындары (5 адам) 100 мың теңгеден алады. Сондай-ақ тыл еңбеккері мәртебесін алған 3519 азаматқа 50 000 теңгеден беріледі», дейді қала әкімінің орынбасары Ирина Смит.
Біржолғы төлемдерден басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, Шемонаиха ауданы Выдриха ауылындағы «Уба» санаторийінде 67 тыл еңбеккері санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.