Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығын көптеген шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, атақты ғалымдар мен беделді қоғамдық ұйымдар өкілдерінің БАҚ-тағы пікірлерінен де аңғаруға болады. Олар Жолдауды қазақ елінің мүддесін көздеген құжат ретінде танып, оң бағаларын беріп жатыр.
Жолдауда өткен жолымызға әділ баға берілді. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы нақты міндеттер мен межелі мақсаттар айқындалды. Ауқымды іс-шараларды жүйелі түрде, кезең-кезеңімен абыроймен атқарып, ел дәулетін өркендету баршамыз үшін аса маңызды әрі киелі парыз екендігі де ескертілді. Ал оған қол жеткізу үшін мемлекетімізде саяси жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Ел ішінде оңтайлы саяси өзгерістер жүргізбей, мемлекетті орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық дамуды қалыптастыру мен қоғамда әлеуметтік әділдікке шынайы қол жеткізу мүмкін еместігі де ел-жұрттың назарына жеткізілді.
Осындай кешенді шаруаны атқаруда ең алдымен ұлттық заңнаманың ықпалы ерекше болатындығы ескеріліп, Конституцияға, оншақты Конституциялық заң мен отызға жуық салалық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Адам құқығы жөніндегі уәкіл мен Прокуратура мәртебесін қамтамасыз ететін жаңа Конституциялық заң жобаларын мейлінше мұқият әзірлеу қажеттігі туындады.
Президент шешімінің негізінде Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты зерделеу мақсатында білікті мамандардан арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған топ мүшелері төрткүл дүниеде орын алып отырған тұрақсыздық ықпалы мен ел ішіндегі ахуалды тезірек қалыпқа түсіру жағдайларын ескере отырып, өте қарқынды жұмыс атқарып, заң жобасын әзірлеп, Мемлекет басшысының назарына ұсынды. Президенттің қатысуымен өткізілген арнайы кеңес барысында қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетін және мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз ететін жаңа әрі тиімді құқықтық нормалар ұсынылды. Соның ішінде суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартып, елде әлеуметтік әділдік орнату мақсатында барлық азаматтың бірдей мүмкіндік алуына мызғымас кепіл болатын Президенттің өкілеттігі және Парламенттің мәртебесін айтарлықтай кеңейтуге бағытталған ұсыныстар оң қолдау тапты. Сонымен қатар сайлау жүйесін жетілдіру мен үдерісін жаңғырту, партиялық жүйені дамыту және құқық қорғау институттарын күшейтуге бағытталған озық ұсыныстар да Мемлекет басшысының қолдауына ие болды.
Осы өзгерістердің нәтижесінде елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына қол жеткізуге мүмкіндік беретін құқықтық негіз қалыптасады.
Кеңесте Мемлекет басшысы қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды жер меншігіне қатысты ұсыныс айтты. Көпке мәлім, жерге қатысты мәселе қай уақытта болсын өте қиын, мейлінше жауапты, құндылығы ерекше дүние болып танылады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Жер десе дірілдемей болмайды. Өйткені жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры» деген бүгінгі күнге дейін өзекті болып тұрған қанатты сөзін текке айтпаған болар. Ал қазіргідей аумалы-төкпелі заманда жер мәселесі тіпті өткір болып тұр. Жасыратыны жоқ, ел-жұрттың арасында жерге иелік жасау, орынды игеру және оның қойнауындағы байлығын ел игілігіне пайдалану тұрғысында сан қилы пікір, түрлі ой мен орынды ұсыныстар әртүрлі деңгейде жиі көтеріліп келеді.
Конституцияның қолданыстағы 6-бабының 3-ші тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп жазылған. Сонымен қатар 2011 жылдың 1 наурызында қабылданған «Мемлекеттік мүлік туралы» заң «мемлекеттік меншік құқығында мемлекетке тиесілі мүлікті иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді қоса алғанда, мүлікті құқықтық жүзеге асыру тәртібін, мемлекеттік мүлікке, оның ішінде мүлікті мемлекет меншігіне алу және жекешелендіру кезінде құқықтарға ие болу және тоқтату, сондай-ақ жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иелену және (немесе) пайдалану» тәртіптерін реттейді.
Байқап отырғанымыздай, Конституциялық нормада да, аталған салалық заңда да жер меншігі және оның қойнауын иелену, пайдалану және оған билік ету мәселелерінде халыққа тиесілі және мемлекет тек халық атынан меншік иелігін жүргізу өкілетті деген императивті талап қаралмаған. Ұлттық заңнаманың осындай олқы тұстарын пайдалану арқылы жер және оның табиғи ресурстарын пайдалануда көптеген келеңсіздікке жол берілгені мәлім болып отыр. Осындай заңсыздықтарды тоқтатып, әділеттілікті орнату мақсатында Президент: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы» деген нақтыланған жаңа норманы Конституцияға енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының ел игілігіне бағыттаған бұл шешімі көпшіліктің көңілінен шығады деп сенемін. Себебі құқықтық тұрғыдан саралаған уақытта бұл жаңа норма жердің және табиғи ресурстардың иесі тек халық екендігін нақтылап, ал мемлекет жерге және онын табиғи ресурстарына тек халықтың өкілеттік беруімен ғана меншік иелігін жүргізе алады дегенді білдіреді. Сонымен қатар жаңа норма жерге және жер қойнауының байлығына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтін ұлттық заңнамалар жобаларының халық назарында болуын жүктейді. Сондай-ақ айқындалып жазылған бұл конституциялық норма жерге және жер байлығына қатысты мәселелерді қарау барысында бұрмалап түсінуге немесе Конституцияға қайшы келетін басқа заңнамаларға жүгінуге жол бермейді. Яғни біркелкі қолдануды қамтамасыз етіп, Конституцияның 4-бабының 2-тармағында қаралған «Конституцияның ең жоғарғы заң күші бар және Республиканың бүкіл аумағында біркелкі әрі тікелей қолданылады» деген талабын кім болса да мәртебесіне немесе лауазымына қарамастан мүлтіксіз орындауға міндеттейді.
Мемлекет басшысы жұмыс тобы әзірлеген Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қолдай отырып, жобаның маңыздылығын ескеріп, өзінің Конституциялық өкілеттігінің шегінде Конституциялық кеңестің қорытындысын алуға шешім қабылдады. Бұл да Президенттің өте маңызды мәселелерге ерекше мән беріп, жауапкершілік танытып отырғандығын дәлелдейді.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты