Қазақтың философиялық сыны тарихындағы өрен тұлға Сағат Әшімбаев мемлекет және қоғам қайраткері, айтулы әдебиетші, тележурналист, ұшқыр ойлы көсемсөзші, ұйымдастырушы еді.
Оның шығармашылық өмірбаяны мен өсу, өркендеу, өнер жолындағы бел-белестерін тізбелесек, 1965-1970 жылдарда КазГУ-дің студенті, 1969-1979 жылдарда «Лениншіл жас» газеті мен «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1979-1980 жылдарда «Жалын» баспасында жұмыс істеді, 1980-1986 ж.ж. Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау агенттігі (ВААР) Қазақ бөлімшесінің бастығы, 1986-1991 ж.ж. Қазақстан Радио және телехабарлар тарату жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Осы уақытта ұлттық тіл мен сана, ел тарихы, руханият жайы, иман, демократия және бюрократия, тәуелсіздік, салт-дәстүр, жастар тәрбиесі, қоғамдық құндылықтар хақында ордалы ойлар туындатқан «Парыз бен Қарыз», «Жүректен қозғайық!», «Қауышу» дейтін авторлық бағдарламалары Сағат Әшімбаевтың интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін, әлеуметтік-философиялық көзқарасын, тұлғалық болмысын танытты.
Ол – КСРО Жазушылар одағы жанындағы сын Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылары одағының хатшысы, республика Жастар сыйлығының лауреаты.
Сағат Әшімбаев «Сын мұраты» (1974), «Талантқа тағзым» (1982), «Парасатқа құштарлық» (1985), «Шындыққа сүйіспеншілік» (1993) атты әдеби-сын жинақтарының авторы.
Нені жазса да, нені айтса да әділетті, турашыл ұстанымын ту ғып ұстап сын өнерінің қағидаттарымен толық қаруланған шалқар білімімен, жанартаудай жалынды жүрегімен, көркемдік құбылыстарды жіті танығыштық-байқағыштық, ұшқырлық-тапқырлық, айтқыштық зерделілігімен, сыншылдық көзқарасымен, бірегей шынайы әдеби талдауларымен, түйдек-түйдек әсерлі толғамдарымен, жаңалықты байламдарымен ерекшеленген әдебиет сыншысы, қайраткер, ұйымдастырушы, ұлттың көкейкесті ой-арманын, асыл мұратын көгілдір экран алдында билерше толғанып, буырқанып яғни «қайраты бар кісінің, берекесі бар ісінің», дегендей рух жыршысы һәм жаршысы – Сағат Әшімбаев еді. Оның рухани жан тазалығы, адалдығы, ар үніне зер салатындығы, ақиқатшылдығы соншалықты жарқын, кемел, тірі, дәл, мықты мысалдарға жүгініп, құштарлықпен, мейірбандықпен ой-пікірін бейнелі жеткізетін-ді және де ойлау мен сөйлеу мәнері, стилі осыған бағынатын-ды.
Білімге құмарлық – кітап оқуға құмарлық. Оқығаныңды ыждаһатпен түсініп қабылдау, көңілге түю, жадыңда сақтау үшін конспектілеу, туындаған ой-пікірлерді жазып отыру – қаламгер Сағат Әшімбаевтың дағдысы. Бұған нақты дәлел – 1974-1991 жылдардағы 45 дәптері. Дүйсен Мүсірәліұлының көрсетуінше, 8-9 мың беттей. Оннан астамы сөздік есебінде. Ұзын саны 5 мыңдай күрделі сөз тіркесі жинақталған. Бұлардың баршасын «жұмыс дәптерлері немесе шығармашылық лаборатория, шеберлік мектебі», десе болады. Зейін қойып, қолмен қағазға түсіру бейне бір сарқылмас қазына, рухани қор. Бұл орайда оның осынау ұшан-теңіз жазбаларының ішінде мына бір дерегі ден қойғызады. Орыстың көрнекті ағартушысы Н.А.Рубакин (1862-1946) өз өмірінде 200 мың кітап оқыған. (22.05.1979). Сонда қайраткер, білімпаз Сағат Әшімбаевтың өмірдегі, өнердегі ұстанымы, қағидасы не екенін айқын көруге болады. Ол сөз өнерінің табиғатына тереңдеу мақсатында философияны, психологияны, стилистиканы, поэтиканы, социологияны барынша мән беріп, тебіреніп оқыған (тіпті классикалық физиканы, кибернетиканы, физиологияны, әскери медицинаны, космостық биоритмологияны, математиканы, механиканы, антропологияны, генетиканы). Мысалы, ол ойшылдардың мынадай терең мағыналы тұжырымдарын келтірген:
«Психология, как изучение человеческой души, является теоретической основой для искусства жизни и достижения счастья» (З.Фрейд). «Сознание есть мудрость» (Гегель). «Мудрость есть возвышение души» (Гегель). «Бог раскрывается внутри творения» (М.Хайдеггер). «Человек скрывает три вещи: недостаток ума, избыток денег, камень за пазухой» (Вольтер).Ұшқыр ойлы сарабдал Сағат Әшімбаевтың сын өнері, сөз сыры, ақындық, әдебиет жайындағы парасатты пайымдаулары қандай дегенде мына бір кесек ой толғамдарын айтуға болады.
«Сыншы жеке адамның творчестволық лабораториясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы бүкіл әдебиеттің дамуына жол ашушы адам». 05.03.80. «Образдылық – тілдің көркемдігі, яғни сөздің суреттілігі, бейнелілігі. Поэзиядағы көркемдік – өлең сөздің суреттілігі мен бейнелілігі, оған қоса әуезділігі. Абай поэзиясында баяндау да, толғау да, суреттеу де – бәрі-бәрі бар». 27.01.79.Әдеби туындыдағы көркемдік құбылыстарды саралағанда филологиялық білім мен талғампаздықтың қажеттігі – мәтінтанудың басты құралы.
«Шағын жанрдан жазушы шеберлігі әлдеқайда айқын көрінеді, әрі бұл жанр шеберлікті талап етеді». 14.02.79.Көркем әңгіме, новелланы мөлдіретіп жазу айрықша асқан шеберлікті қажет ететінін сұңғылалықпен сезінген.
Негізінде, жазушы тұлғасы – барша керемет қасиеттердің қайнар көзі. Ол оның интеллектуалдық болмысы, дүниетанымы, тәжірибесі, интуициясы, ой-парасаты. Бұл орайда Сағат Әшімбаев ой-толғамы былайша өрілген:
«Көркем шығармадағы кең құлашты азаматтық ой мен адамгершілік пафостың қайнар көзі жазушының азаматтық болмысы екені анық». 14.02.1979. «Көркем шығарма – жазушының өмір, уақыт, адамдар туралы көркемдік тұрғыдан айтылған философиялық концепциясы». 31.10.1979.Шынайы ақындық өнерді меңгеру мен поэзияның принциптерін жетік білудің айырмашылығын анық айтқанына мына бір пікірі айғақ.
«Ақындық интуиция – табиғаттың сыйы, ал ақындық мәдениет – оқу мен тоқудың нәтижесі». 3.02.1979.
Сыншылдық жөнінен келгенде Абай турасындағы тосын, жаңа байлам.
«Қазақтың ең данышпан сыншысы – Абай». 21.12.1978.
Негізінде, жазушы «қоғамның озық ойшылы», «Әдебиет қоғамнан биік», «Дәуірге сыншылдық тұрғыдан қараған», дейтін Сағат Әшімбаевтың түйінді тұжырымы (31.01.1979) бар. Тағы да Абай турасындағы «қаһарлы сынды көп айтқан», дейтін фразасын қосуға болады.
Қайраткердің 33-дәптерінде «тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек». Сонымен қатар әдебиет сыншысының Шәкәрімнің Л.Н.Толстоймен хат жазысқанын (8.06.1975), Л.Н.Толстой дүниеден өткенде ағылшынның «Таймс» газеті «Мир потерял точку опоры», деп қайғырғанын (29.11.1976), Жапония мен Англия мемуарларды көп оқитынын (19.07.1974) айтқаны бар.
Сыншылдық көзқарасымен, ойшылдық қырларымен, білімінің тереңдігімен, жазу өнеріндегі тәжірибесімен, адамшылық өнегесімен, есілтіп-төгілтіп сөйлеу мәдениетімен, таза пейіл-мейірімімен, ерен еңбекшілдік қабілетімен дараланған Сағат Әшімбаев негізінен афористік ойлауға бейім. Айталық: 1. Жер қозғалса бір апат, ел қозғалса үш апат. 30.09.1978 ж. 2. Жеке адам жалқы, халық қашан да талқы. 25.10.1978 ж.
Әдебиет сыншысының шығармашылық еңбегінің беломыртқасы – «Азаматтық формуласы». Мұның өзі – азаматтық-ұлттық дәстүрлерге бай гуманистік-философиялық категория. Осы бір ұлы дәстүр, ұлы ұғым жайында толғағанда саңлақ Сағат Әшімбаев қайта өрлеу дәуіріндегі француз жазушысы, философы Мишель де Монтеннің (1533-1592) «Халық өзінің азаматтық манифесін сан ғасырлар бойы қанымен де, жанымен де жазады. Азаматтық манифесі айқын емес халықтың болашағы да айқын емес», дейтін пікірін келтіреді де, өзі мынадай тұжырымды нақтылы ой айтады. «Адамгершіліктің ақшаңқан апогейі – азаматтық», деп көрсетеді. Және де «біртұтас», «түп негізі бір егіз ұғым», деп жалынды сыншы «Әділдік ту тіккен жерде – шындық салтанат құрады», дейді де, өзі өмір сүрген ортадағы оспадарлықтың сәлекет-пәлекеттерді былайша мінездейді: «рухани жұт – тоғышарлық, көзқарастағы тайыздық, мінездегі өзімшілдік, дүниетанымдағы дүмшелік, сезімдегі желбуаздық, сөздегі екіұштылық, ниеттегі арамдық пен ашкөзділік, көңілдегі көрсоқырлық пен пейілдегі тарлық, көкейдегі тойымсыздық, жүрістегі сұйықтық, позициядағы самарқау бейтараптық, әрекеттегі жалтақтық, қарым-қатынастағы есеп пен пайдакүнемдік, принциптегі солқылдақтық, мақсат-мұраттағы жер бауырлаған ұсақтық, сенімдегі немқұрайдылық. Осының бәрі тоғышарлық «аурудың» басты-басты симптомдары». («Азаматтық формуласы», 1983 жыл).
Абайдың «күрескерлік-азаматтық бағытынан ешбір таймауын», кейінгі дәуірлерге үлгі, эталон етеді. Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған ойы озық сыншының «Батыс Еуропаның пәленше мемлекеті сыйып кетеді деген шартты салыстыру» жосықсыз дейді де, әрі қарай ойын былайша сабақтастырады: «Ендігі жерде республикамыздың рухани мәдениетіне қанша елді сыйындырып, қанша жұртты сүйіндіріп отырмыз деген фактілерге жүгінуіміз керек. Еш уақытта да жердің үлкендігі ұлттық сана-сезім үлкендігінің үлгісі болған емес және болмайды да!». «Қасіретті қаңтар» трагедиясынан кейін, мемлекет тәуелсіздігі мен тұтастығынан айрылып қала жаздағаннан кейін, халық жаппай қайыршылыққа, жұмыссыздыққа, дәрменсіз, мүшкіл, нәуетек күйге душар болғаннан кейін, халықтың рухы, намысы, қайраты жаншылғаннан кейін, көп асаймын деп көптің қарғысына жоғары лауазым иелерінің ұшырағанынан кейін, Сағат Әшімбаевтың ойлы сөзінің мағынасын жете түсінгендей болдық. Иә, Ұлы даламыздың игіліктерін: жерүсті мен астының өлшеусіз байлығының пайдасын халық көрген жоқ. «Ақтабан шұбырындыны» бастан кешіргендей күй кешті, қалаға қарай шұбырды, ел иесіз қалды. Адамгершілік, гуманизм хақында: «тіршіліктің мәнін, дүниенің сәнін төрттағандап ұстап тұрған ең ұлы принцип» «заңның да, адамның да құдіреттілігін танытатын ең ұлы күш!», деп қадап айтты.
Ұлт патриоты халықтың келешек тағдырын түбегейлі ойлап, ел, жер, ата-ана, халықтық мінез, дәстүр, тіл деп тебіренеді. Мәселен: «Туған тіліңді сүю деген оны егжей-тегжейлі білу, осы тілдің құдіретін патша көңілмен паш ететін Асан Ата мен Абайдан бастап бәрін оқу деген сөз». Ойшылдық рухтың иесі Абайдың «Тіл өнері дертпен тең», дегенінің астарына, сырына үңіліп, «жалпы тіл өнерін білмеудің салдары кімге болса да дертпен тең екендігін меңзеп тұр», деп жазады.
Сондай-ақ «Тіл байлығы – ой байлығы», «Тілдің бай тарихы – халықтың бай тарихы», «Кітапқа деген көзқарас – әдебиетке, тілге деген көзқарас», «Әдебиет – халық тарихының көркемдік көрінісі», «Творчество – рухани сүйіспеншіліктің ең жоғары түрі», дейтін тұжырымдары қай дәуір, қай қоғам болмасын өрнегі өшпес өнегелі ғибратнамалар.
Қоғам өміріндегі жұлынқұрттарды, тоғышарларды, немқұрайдыларды, құзғын құлқынқұмарларды «Азаматтық формуласы» атты әлеуметтік-философиялық мақаласында тереңірек, кеңірек түсіндіру барысында мына бір дәйекті мысалы ойландырмай қоймайды: «Барлық трагедия атаулының түп-төркіні немқұрайдылықтан басталады» (Т.Манн). Бұл сөзді Нобель сыйлығының лауреаты, ұлы гуманист жазушы бірде өзіне қойылған «Еуропада фашизм қалай туды?», деген сұраққа жауап ретінде айтыпты. «Біздер – деп жазады ол – алғашында фашистік элементтер не бүлдірер деп мән бермей немқұрайдылыққа салынып жүрген кезде, олар біртіндеп үстемдік алып алды да, шетімізден біздерді біртіндеп құрта бастағандықтан көбіміз шетелдерге қашып бас сауғалауға мәжбүр болдық».
«...Сол себепті біз рухани-интеллектуалдық саладағы кейбір көңіл көншітпейтін немқұрайдылықтың бірен-саран көріністеріне тоқталмақпыз?».
Кітап оқуға енжарлық. Дүниеқоңыздық. Шындық пен әділет жолында селқостық таныту. Жақсы мен жаманды айырмаушылық. Осы орайда б.ж.б. ІІІ ғасырда өмір сүрген Диоген Лаэрцийдің: «Государство погибают тогда, когда не могут более отличать хороших людей от дурных», деген сөзін келтіреді. Сондай-ақ Абайдың:Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі – қан, бірі – май боп енді
екі ұртың –
дегенін де еске түсіреді.
Асылында, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіне кедергі жасайтын немқұрайдылық, тоғышарлық тәрізді кеселдерге осылайша шүйлігеді. С.Әшімбаевтың адам бойындағы өте-мөте төтенше зиянды құбылыстың сипаты исламдық-мұсылмандық дүниетанымда айқын айшықталған.
«Иа-син» сүресінің 6-ші аятына орай тәпсірінде былай делінеді: «Немқұрайдылық жүректің ең жаман дерті. Өйткені немқұрайдылыққа шалдыққан жүрек – әлсіреген жүрек. Ондай жүректің 1) сезінуге, 2) сүйсінуге, 3) әсерленуге ешқандай да дәрмені жоқ. Сондықтан да қандай да жүректі болмасын ескертіп, ақиқаттан хабардар қылып, оятқан абзал». (Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері. Е.Оңғаров, Н.Мұратәлі. – Нұр-Сұлтан: 2020. -646 бет.).
Сағат Әшімбаевтың табиғи қабілеті, ізденгіштік қасиеті, тумысынан зерделігі мектеп қабырғасында, сонан соң КазГУ-дегі студенттік жылдарында-ақ толық көрініс тапқан. Айталық, 1967-1971 жылдардың өзінде-ақ «Лениншіл жас», «Жетісу», «Қазақстан пионері», «Ленинская смена», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде 32 мақала және «Жұлдыз», «Жалын» журналында 4 мақала жарияланған. Сонымен қатар афоризмдерді, И.Эренбургтің «Пабло Пикассосын» қазақшалаған. Мінеки, осынау жарияланымдардың өзі оның қаламгерлік қолтаңбасын, әдеби сын-зерттеулер мен көркем шығармаларды сыншылдық көзқараспен, логикалық білгірлікпен әдеби-теориялық тұрғыдан талдауға деген ынта-зейінін байқатады. Таратып айтар болсақ, академик Мұқаметжан Қаратаевтың «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы» (1965), «Әдебиет және эстетика», атты кесек монографиясы (1978), Әбіш Кекілбаевтың «бүтіндей бір жаңа құбылыс репеттес» «көркем қарапайымдылыққа» ие «Бір шөкім бұлт» пен «Дала балладалары», дейтін шығармалары, қазақ әдеби сынының даму деңгейі, әлеуметтік-эстетикалық қызметі, жастар прозасының бағыт-бағдары, гуманистік, шеберлік сипаты, психологиялық лиризм жайы, көркемдік мазмұны, сыршылдық қуаты, Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» мен Төлен Әбдіковтің «Көкжиек» жинағына жазған рецензиясы, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің әдеби және көркем шығармашылығына қатысты ой-тұжырымдары, поэзияны ой мен сезімнің «сырлы толқынына» ұқсатуы, көркемдік шарттылық пен шешім, характер мен сюжет табиғатына үңілуі – студенттік жылдардағы балауса сыншының пікір, пайымдаулары қисынды, дәлелдері дәйекті, дәлелді, тіл мәдениеті ойдағыдай екендігін анық танытады.
Сағат Әшімбаев теориялық, методологиялық, философиялық ойлау мәдениетінің тереңдігіне қатысты ұлттық поэтиканың күрделі мәселелерін зерделейді.
Поэзияға симметрия, гармония, бояулар құбылысы, көркемдік бейнелеу «жүректің сөзі», «сезім байлығы» тән екендігін дұрыс бағамдайды. Сонымен қатар роман жанры, әдебиет тарихы (халық тарихы) көркемсөз философиясы, суреткерлік мәнісі (зерделілік, ойшылдық, кемеңгерлік), театр өнері, драматург, режиссер, актер тұлғасы хақында жүйелі топшылаулар жасайды.
«Сын – өнер», «сын – әдебиеттану ғылымының іргетасы» дей отырып, Ежелгі Шығыс аңызында «өсек айтқанның жолын кес, сын айтқанның, шын айтқанның қолын шеш», дейтін түйінді толғамын сүйене отырып, ой өрбітеді.
«Әдебиет – көркемсөз философиясы», деп өзі жазғанындай, сөз зергерлерінің ойлау, жазу, тіл мәдениеті, интеллектуалдық әлеуеті, суреткерлік көзқарасы, атап айтқанда, ұлт суреткерлері М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов шығармашылығындағы көркемдік идея, азаматтық әуен, халық өмірінің шындығы, елдік сана, шеберлік сабақтары, дүниетаным тереңдігі, кейіпкерлер жүйесі, сюжет құрау, характер сомдау, композиция хақында күрделі пікірлер өрбітті.
Академик-жазушы Ғабит Мүсіреповпен сұхбаттасып («Ғабит ағамен 227 минут», «Лениншіл жас»,1972 жыл, 10 қараша), оның шығармашылық өмірбаяны, қоғамға, заманға көзқарасы қандай екендігін мәлімдейді: «Сексенге келген мені дәл бүгінгі таңда кәрілік емес, адамгершілік проблемасы селкілдетіп отыр. ...Яғни ар-ождан, адамгершілік байлығымыз тым ортайып бара жатқан жоқ па?
Менің осынша өмір тәжірибемнен мықтап бір түйген нәрсем, «байлық қуған жерде бақыттың басы қисаяды», «дүниеге құмарлық жеңген жерде – адамға деген сүйіспеншілік жеңіледі, ақылға деген сүйіспеншілік жерленеді», деген атақты философ Салюскийдің сөздерінің туралығына көзім жетті» («Ғ.Мүсірепов туралы триптих», 1981 жыл).
Дәуір суреткері әрі куәгері Ғабит Мүсіреповтің кемеңгерлік ғибраттарын сұңқар табиғатты Сағат Әшімбаев қаз-қалпында былайша хатқа түсірген: «Оқу – ойдың қорегі, тоқу – жақсылықтың алғы шарты», «Жамандық атаулыны жаба тоқу – жамандыққа жол беру деген сөз», «Ойы тереңнің сезімі телегей, сезімі тереңнің ойы телегей».
Немесе:
«Мен Абайды 60 жыл бойы оқып келемін, әрбір оқыған сайын жаңа ой тауып келемін, сол үшін де өмір бойы табынып келемін», дейтін лебізі. Бар болмысымен, азаматтық даусымен, ақ-адал пейілімен жазатын сыншы: «Абайға табынбаған адам – ақылға табынбайтын адам!», деп өз ойын да қосады.
Қазақтың сыншылық-қоғамдық ойы тарихында лайықты орны бар жалынды көсемсөзші Сағат Әшімбаев өткір ойларын әлем данышпандарының пікірлерімен тұздықтап беріп отырады. Солардың біреуі былайша: «Барлық қылмыс атаулы – жақсылығы өз басынан артылмайтын адамнан басталады, өз қара басын күйттеген адамның өзегінде өзімшілдік деген қара құрт бар» (Томас Манн).
Жинақтай айтқанда, әдебиет сыншысы, тележурналист, саңлақ көсемсөзші, «сөз өнерінің философиясын» жарқыратып, заманның, халықтың, руханияттың айнасы дәрежесіне жеткізген Сағат Әшімбаевтың сыншылық-шығармашылық өмірбаяны өз алдына тарихи бір дәуір деу – ақиқат құбылыс.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы,
профессор