Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубы қатарынан екінші рет, өз тарихында үшінші мәрте ел чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды. Жеті ойынға жалғасқан биылғы Қазақстан біріншілігінің финалдық бәсекесіндегі шешуші матчта «кеншілер» ұжымы өз мұзайдынында Көкшетаудың «Арланын» қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті.
Іргетасы 2006 жылы қаланған қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы 2009 жылға дейін Ресейдің әртүрлі чемпионаттарында өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Мәселен, 2006-2007 жылғы маусымда Ресейдің 1 лигасында қола жүлде жеңіп алса, келесі жылы жарыс жеңімпазы атанды. Ал 2009 жылы елімізде ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден бірінші ұлттық чемпионат өткізу туралы шешім қабылданды. Үш жылдың ішінде Ресейде біраз тәжірибе жинақтаған «Сарыарқа» ел чемпионатының алғашқы маусымында-ақ қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады.
Қазақстандағы алғашқы чемпиондығынан кейін қарағандылық команда қайтадан Ресейді бетке алып, Жоғары хоккей лигасында өнер көрсетуге бел буды. Жерлестеріміз 10 жылға жуық уақыттың ішінде екі мәрте Петров кубогына қол жеткізді. Атап айтқанда, 2014 жылғы бәсекенің финалында Түменнің «Рубин» клубынан алты ойында 4:2 есебімен басым түссе, араға бес жыл салып 2019 жылы финалда дәл осы «Рубинмен» кездесіп, бес ойынға жалғасқан матчта 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ЖХЛ-да тәуір нәтиже көрсетіп келе жатқан «Сарыарқа» 2020 жылы пандемияға байланысты түрлі шектеулерден кейін қайтадан ел біріншілігінде бақ сынауға мәжбүр болды.
Қарағандылық команда 2021 жылдың көктемінде екінші мәрте Қазақстан біріншілігінде топ жарды. Алты ойынға жалғасқан финалдық бәсекеде «Сарыарқа» Көкшетаудың «Арланынан» 4:2 есебімен айласын асырып, жанкүйерлерінің қошеметіне бөленді. Бір қызығы, биылғы финалда да екі команданың жолдары қайта түйісті. Тұрақты біріншілікте «Сарыарқа» мен «Арлан» былтырғыдай бірінші және екінші орынды иеленіп, плей-оффқа жолдама алды. Сөйтіп, екі ұжым да финалға дейін қарсыластарын қапы қалдырып, қатарынан екінші жыл финалда қайта жолықты. Алты ойында бір-бірін жеңе алмаған командалар (3:3) соңғы шешуші ойынды Қарағандыда өткізді.
Жетінші матчтың алғашқы шайбасын бірінші кезеңнің 15-минутында мұзайдын иелерінен Денис Федоров соқты. Екінші кезең басталған бетте Саян Данияр «Сарыарқаның» есептегі басымдығын еселей түсті – 2:0. Бұл өздерінің финалдық бәсекедегі соңғы мүмкіндігі екенін жақсы түсінген Көкшетаудан келген жігіттер жеңіліп жатқандарына қарамастан, жанұшыра алға ұмтылды. Нәтижесінде, екінші кезеңнің соңына дейін олар таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұл голдардың авторлары – Александр Евграфов (33 минут) пен Никита Лукин (37 минут). Алайда екінші кезеңнің аяқталуына тоғыз секунд қалғанда Михаил Рахманов «Сарыарқаны» тағы да есепте алға шығарды – 3:2.
Үшінші кезеңде де шиеленісті матч жалғасты. Бұл ретте жергілікті хоккейшілердің асығы алшысынан түсті. Бас-аяғы 10 минуттың ішінде Сергей Барбашев (49 минут) пен Никита Анаховский (59 минут) тағы екі рет нысананы дәл көздеді. Қорытынды есеп – 5:2, «Сарыарқаның» пайдасына.
Осылайша, үшінші чемпиондығына қол жеткізген қарағандылық ұжым кубок саны бойынша Павлодардың «Ертісімен» теңесті. Ал ел біріншілігінің ең титулды командасы Өскеменнің «Торпедосы» саналады. Шығыс Қазақстанның клубы 1992 жылдан бергі чемпионатта 13 мәрте тұғырдың ең биік сатысынан көрінген. Олар Қазақстан чемпионатында ең кейінгі рет 2007 жылы дара шыққан еді. Кейіннен өскемендік команда да Жоғары хоккей лигасында өнер көрсету туралы шешім қабылдаған болатын.
Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша, Илья Румянцев («Арлан») биылғы маусымның ең үздік қақпашысы, Эдгарс Сиксна («Сарыарқа») үздік қорғаушы және тағы бір «сарыарқалық» Михаил Рахманов үздік шабуылшы атанды. Ал «Ақтөбе» клубының ойыншысы Иван Зинченко маусымның үздік жас ойыншысы аталымына ие болды.
Финалдық матч аяқтала салысымен хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алған «Сарыарқа» және «Арлан» клубының ойыншылары елордада жаттығу жиынын өткізіп жатқан негізгі құрамның қатарына қосылды. Айта кетейік, жерлестеріміз 13-29 мамыр аралағында Финляндияда өтетін жоғары дивизионның әлем чемпионатында бақ сынайды. Жерлестеріміз «А» тобында Дания, Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Италия және Франция құрамаларымен шеберлік байқасады. Юрий Михайлис шәкірттері алғашқы ойынын 14 мамырда Дания хоккейшілерімен өткізеді.