• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 03 Мамыр, 2022

Рухани тазару рәуіштері

434 рет
көрсетілді

«Дүниедегі ең қиыны – адам болып қалу» депті ұлы Шыңғыс Айтматов. Ал адамдықтың басты шарты – адамгершілік һәм ар мен иманда. Сондықтан болса керек, пенде жаны әрдайым тазару мен кемелденуге зәру. Жүрегін қолына ұстап, кірлеген жанын жарқырату үшін театрға асығатын адамның әрекетін де сондай сәтте ұғыну қиын емес. Өйткені пендеге тиесілі жүректің бәрі тазаруға бейілді, мінсіздік – тек Аллаға тән. Ондайда «тазарғың келсе – театрға бар» деген тәмсілдің де төркінін шын ұғына түсетіндейсің. Өйткені саф өнерде – өмірдің өзі өрнек түзеді.

Қасиетті Рамазан айына орай елор­да­лық Жастар театрында ұйымдас­тырыл­ған ауқымды жо­ба – «Дүние – жалған» рухани кешіне қатысқан көрерменнің әрқайсысының дәл осындай катарсис күйін басынан кешкеніне сенімдіміз. Өйткені өнер тілін­де өрнектелген өмірдің өзегінде адамның ізгілікке деген үміті мен ынтымақ-бірлік, бейбіт өмірге деген тілегі қатар өрілгендей. Оның үстіне әлем алақанындағы аядай мемлекеттердің арасындағы аяусыз текетірестер, күні кеше ғана халқымыздың қабырғасын қайыстырып, қабағына қаяу сал­ған қасіретті Қаңтар оқиғасынан кейін де болар, сол күні театр сахнасында қо­йылған Сұлтан Раевтың «Жұмаққа қарай ұзақ жол...» әфсанасы мен ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин­нің «Қылкөпір» поэтикалық драма­сының көрермен тарапынан сарапталуы әдеттегіден өзгеше бол­ғандай.

Тәуелсіздік тұсауын кес­кен жас та жасампаз Жастар театрының 15 жыл­дық мерей­тойын мерекелеу аясында ұйым­дастырылып, «Дүние – жал­ған» деп атау берілген рухани кеш бағдарламасы екі бөлімге орайластырылыпты. Алғашқы бөлімінде ұсынылған Сұлтан Раевтың философиялық мәні терең «Жұмаққа қарай ұзақ жол...» әфсанасы көңілде жүр­ген көп сұраққа жауап берді.

Тұйық кеңістікке жиналған жеті адам. Жалғызбасты, бақыт­сыз, үмітсіз жандар өздерін: Император, Көлеңке, Жартас, Ақын, Ремарка, Құрбан деп таныстырады. Олардың мақсаты – Жұмаққа жету. Қойылымның дамуы Жұмаққа апарар жол жанды тазарту мен рухани ізденістің метафорасы деген ойға жетелейді.

Спектакльде Жұмаққа апарар жол­айрық­тың қай тұстан бөлінерін әркім өзі түйсінеді, өзі­нің түсінік-танымына қарай қабылдайды. Мәселен, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сахналық сараптауынан біздің түсінгеніміз – Жұмаққа бастар ұзақ жол қылкөпірдің алдындағы ар, жан сынынан басталатындай әсер сыйлайды. Сахналық декорацияның маз­мұндық мә­нін байытып тұрған да сол – қыл­көпірді көз алдыңызға әкелетін қызыл түсті аспалы сатылар образы. Есіңізде ме, жазушы Орал­хан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі өмір мен өлім тайталасы, ар соты алдындағы Аспан шалдың ішкі жан дүниесіндегі арпалысқа түсер беймаза күй. Шығарманы оқығандағы кейіпкер көңіл күйі сыйлар сол сезім біз әңгімеге арқау етіп отырған сах­налық туындыны тамашалау барысында айна-қатесіз жаныңызға қайтып оралады. «Жұмаққа қа­рай ұзақ жол...» – тазару сапары. Әр­кім өзінің жанына үңіліп, пендеуи тірлік, өткінші жалған жайлы бұрынғы түсінік-танымына енді мүлдем басқа өре биігінен көз тігеді.

Осы бір бейнелі шешімі ар­қылы ре­жиссер өмірдің өткінші екенін, аз күн­дік фәни жалған мәңгілік мекенге дайындық үшін берілген мүмкіндік екендігін ұғын­дырғысы келеді. Сол ар­қылы үлкен философиялық, ғаламдық ойларға жетелейді. Пьеса иллюзия (соқыр сенім) мен ассоциацияға толы. Және оны режиссер бүгінгі күнмен ұтымды байланыстырып, шебер астастыра жеткізеді.

Суреткердің сахнаны символмен сөйлетуі қай қырынан кел­сең де көңілге қонымды. Жалпы, пьеса абсурдтық театр жанрына жақындатылып жазылғаннан кейін де, мұнда белгілі бір желімен дамып отыратын оқиғалар фабуласы мен қалыпты мінездер жоқ. Әсіресе кейіпкерлердің көп алдына шығатын тұсы, ұзақ сапарға жиналған жандардың бір-бірімен кездесер көрінісі сәтті табылған. Олар сахнаға жай шықпайды. Еденнің астынан, күнәһар ісі көп, күнгейінен көлеңкесі молырақ қараңғы кеңістіктен жарық әлемге жол тартады. Бұл – екі әлемді: фәни мен бақиды түйістіруші, жалғаушы сынақ көпірі. Олар ұзақ жолаушылап, аяқ-қолынан қан сорғалағанша жүріп, ақыры көптен күткен жол, нағыз сапар басталар тұста бастары түйісті.

«– Олар кім дейсіз бе? – Күтіп жүрген жеті адам бар... Әйтеуір күтіп жүр... – Қалай, нені күтіп жүр?.. – Қашан алып кететінін күтіп жүр... – Қайда дейсің бе?.. –Қайда апаратыны белгісіз...». Бірақ олар біледі: алдында ұлы жолдың – шексіздіктің күтіп тұрғанын және ол сапардан ешкімнің де қайтып оралмайтынын... Сондықтан көңілдері алабұртады, сезімдері де, сөздері де сан саққа шашырап, ойлары шартарапты шарлайды. Олар жалған дүниені қимайды, бірақ бақытты мәңгілік өмірден дәмелі. Сондықтан да олар жан мен тәннің азапты қиналысына қарамастан, осынау ұзақ сапарға шыққан. Енді шегінерге жол жоқ, алда біз үшін беймәлім түпсіз терең тұңғиық, шет-шегі жоқ шексіздік қана...

Шымылдық ашылды. Сах­нада өлі тыныштық. Сол ты­ныштықты өз ойымен өзі арпа­лысып, өз болмысымен өзі қар­сыласқан Императордың мазасыз күйі үркітті. Әу баста халқы сенім білдіріп, тәжді басына ки­гізгенде ол өзінің өзге­лерден бағының биік екенін білген. Тақ – тек таңдаулылардың ғана тұғыры екенін, алдында қан­дай жауапкерші­лік­тің тұр­ғанын жақсы түсінген. Бірақ айна­ласының жағымпаздығы мен жалған мақтауы оны тіптен дандайсытады. Келе-келе көптің айтуына елтіп, енді өзінің құдай екеніне шын илана бастаған: «Иә, мен – ұлымын! Менің жанымды түршіктіретін – менің ұлылығым. Менің ұлылығым соншалық – менің ұлылығыммен тек әлемді жаратушы ғана пара-пар келеді. Құлдардың жасанды әдемілікке үйренгендері соншалық, жаратушыны мүлдем ұмытып, мені құдай деп санайтындықтан, мен де бірте-бірте осыған сене бастадым!» деп мойындайды. Мойындай отырып, өзінен өзі жерінеді де. Императордың бо­йындағы өзінің ішкі әлемімен арпалысқан осынау аласапыран күйді актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реаты Әділ Ахметов әдет­тегі­дей өз деңгейінде бейнеледі. Пат­ша үніндегі өктемдікті де, да­налықты да, зиялылықты да, дана­гөйлікті де, өкінішті де, қина­лысты да, шарасыздықты да нанымды жеткізді. Өмір мен өлім, ар мен аран арасында бітіспейтін арпалысқа түскен жанның аянышты да ауыр халін Император – Әділ ойынынан көрдік, сезіне алдық.

Императордың жанына ен­ді бірте-бірте Жұмаққа қарай сапарламақ ниеті бар тағы да бірнеше жолаушы жиналып, сахнадағы жалғыздықты қызу пікірталас алмастырады. Ең бі­рінші төбе көрсеткен Кемпір мен оның ұлы Көлеңке, одан кейін қатарға қосылған актриса Ремарка, ересек Адам мен Құрбан бала, тәкаппар Ақын – бәрі-бәрі жұмақты іздеп осы жерде жолығысып отыр.

Кейіпкерлермен сахнада алғаш кез­дес­кен сәтте өздері­нің таныстыру­ла­ры бойынша бар­лығы да зиялы, кө­рік­ті, көркем мінезді көрінгенімен, әре­кет дами келе әрқайсысының жамылып келген бетперделері сыпырылып, ешқан­дай бүркемесіз қалады. Ішкі әлемі тоналып, жандары жалаңаштанып, енді шын бейшараның күйін кешеді. Яғни кейіпкерлер өзін таныстыра отырып, шын болмысын да ашып салады. Кемпір – Айнұр Рахипова, Көлеңке – Бақыт Қажыбаев, Ақын – Жандәулет Батай, Ересек – Азамат Есқұлов, Ремарка – Шех­наз Қызыханова және Құрбан бала – Ербол Тілеукенов бастаған актерлер ансамблі қойылымды өз деңгейінде сәтті алып шықты.

Әсіресе талқылауға түскен образ­дардың ішінде Ербол Тілеу­кеновтің Құр­бан рөлін айрық­ша атап өтуге тиіспіз. Ерболдың құрбан баласы сахнада сондай таза, бейкүнә қалпымен, философиялық мәні терең ойларымен көрермен көңіліне берік орнығып үлгерді. Құрбан айтады: «Тозақ деген аузынан қайнап, от жалын шашып жат­қан қазандықтар емес, ол – біз, біздің өзіміз! Тозақ деген – жаратқан­ның алдына ­өзі­мізді-өзіміз қандай кейіпте алып баратындығымызда!.. Осы бір қысқа ғана ғұмырымызда, қорқыныш пен сақтықты ескермей жанымыз бен арымызды саудаға салып, өзге тұрмақ өзіңнің болмысыңа араша тұра алмай, ешуақытта шындық айта алмай, жа­ратушыға шын сиы­на алмай, шын дос болып, ғашы­ғыңа жүректегі шын сөзіңді айта алмағандығымызда... Бір сәт­тік нәпсіміз үшін, базардағы алаяқ секілді, жақсылық пен жамандықты бірдей саудаға салып, Алла мен Ібліске бірдей қылымси жағынуға тырысқан біздің тым ұзақ та қиын жолы­мыздың соңы немен бітер екен?..»

Жан арызы. Сұмдық қиын сұрақ. Адам пенделігін жеңіп, жүрек жолына түскен кезде ғана ауыздан осындай сөз шығады. Осындай түйінге тоқ­тайды. Тәубеге шақырады. Құрбан бала бейнесі көрерменіне осыны айтады. Шаң жұқтырмас адами қалпыңызға қайта үңілтеді.

Ал рухани кештің екінші бө­лімі «Қыл­көпір» деп аталады. Мемлекеттік сыйлықтың лау­­реаты Нұрлан Ораза­лин­­нің «Қарақазан ғасыр» поэмасы­ның желісімен қойылған айтулы қойылым алдыңғысынан да қатыгез, қатал.

Сыртқы қайшылықтан гөрі кейіп­керлердің ішкі текетіресі мол әрекеті өткен күндердің қасі­ретті елесіне сапар шектіреді. Бір сөзбен айтқанда, «Қылкөпір» – уақыт пен кеңістіктегі халық тарихының трагедиясы. Оның құрылымы пенде біткенге тән адамгер­шілік пен иманды­лық қасиеттерді ұлық­тау және оған қарама-қайшы күншілдік, қызғаныш пен қатыгездікті айып­таудан тұрады. Қойылым­ның өзегі – Адам һәм адамзаттық мінездер мен пейіл құбы­лысын мүсіндеуге арналған. Атап айт­сақ, адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік, мәрттік пен екіжүзді­лік сынды адамзат бойындағы мың түрлі мінездер мозаикасын түзе­тін алуан қасиеттер – «Қылкөпір­дің» басты лейтмотиві.

Тарихқа үңілсек, ХХ ғасыр қазаққа үлкен қасірет әкелді. Халқымыз бірнеше жойқын ашаршылықтан өтті. Қазақтың тең жартысы сол аштықта қы­рылды. Одан қалғаны репрессия тұзағына ілікті. Талай Алаш арыстарынан бас­тап, қаншама қазақтың азаматтары құрбан болды. Одан аман қалғандары Екінші дүниежүзілік соғыс­тың жалынына шарпылып жан қиды. Сол қасіретті кезеңдерді кейінгі ұрпақ қалай көреді, қалай қабылдайды, қалай түсінеді? Ал бүгінгі бейбіт заманымыздағы зауалдар мен қасіреттердің сұрауы кімде? Әлемді жайпаған алапат соғыстардың обалын кім арқалайды? Міне, спектакль санадағы осындай сан сауалға жауап беруге талпынған. Сол мұрат тұрғысында тер төккен. «Қылкөпір» – қазақ елінің ғана өмірі емес, күллі адамзат тағ­дырына арналған туынды. Қойылымның басты құндылығы да осында, біздіңше.

Рухани кешке елордамыздың зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сенаты мен Парламенті Мәжілісінің депуттаттары және тағы да басқа құрметті қонақтар қатысты. Қойылым соңында көрермен мен актерлер, драматург, режиссер арасында еркін форматта пікір­талас өтіп, жиналған қауым келелі ой-пікірлерін ортаға салды.