Алатаудың ар жағы мен бер жағын қатар жайлаған қазақ пен қырғыздың өмірде де, өнерде де барыс-келісі үзілген емес. Бізде қырғыздың дарынды драматургтерінің шығармалары талай рет сахналанса, бұл елде де қазақ қаламгерлерінің спектакльдері кезегімен салтанат құруда.
Сәуірдің 7-8 күндері Бішкектегі А.Малдыбаев атындағы академиялық опера және балет театрында Шаршен Термечиков атындағы Шу драма театры Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Сәбит Досановтың «Жанұран» драмасын сахналады.
Қырғыз еліндегі екі бірдей еңселі театр қатар еңбек еткен пьесаның премьерасына Бішкектегі зиялы қауым өкілдері, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаттары мен мәдениет саласының майталмандары келді.
С.Досановтың «Жанұран» драмасын қоюға Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігі мұрындық болған.
Сәбит Досановтың шығармасы бойынша қойылған қырғыз режиссері Қаныбек Дуйшеналиевтің спектакліне халық көп жиналды. Және екі күн қатарынан жүрген «Жанұран» драмасына билеттер алдын ала сатылып кеткен.
Спектакльді қырғыз елінің Мәдениет министрі Камила Талиева екі елдің өнердегі ықпалдастығына қатысты ықыласты пікірімен ашып берді.
Осыдан кейін сахнада жұлдыздары жарқырап келе жатқан қырғыз актерлерінің өнерін тамашалаудың да сәті түсті.
Бастапқыда драмаға арқау болған иісі қазаққа белгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін, қазақ жастарының ұлттық рухын, жастарымыздың тәуелсіздік үшін күресуін қырғыз көрермендері қалай түсініп қабылдар екен деп қобалжығанымыз да рас. Дегенмен, драма ширатыла келе қалың көрерменді бір деммен алып шықты. Спектакльдің басты кейіпкері – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке риясыз қошеметпен қол соқты. Қойылым аяқталғанда алған әсерінен айырылмаған қырғыз студенттері спектакльдің ұнағанын, әсіресе, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінгендіктерін, толқығандарын айтып жатты.
Қазақтың қайсар перзенті – Қайраттың рөлін «Үміт» сыйлығының лауреаты Бактыбек Нурмат уулу, Фатиманы – Майрамкүл Бегиманқызы, Колбинді – Эрлан Бекчоро уулу, Дәметкен ана бейнесін Нарынкүл Токтобекқызы ойнады. Алмаз ақынның рөлін Нурбек Урматжан уулу сомдады.
– Қайраттың бейнесін беру мен үшін оңайға соқпады. Талай ізденісті бастан өткердім. Қажыр-қайратын, ерік-жігерін, бойындағы төзімділік пен намысшылдықты беруге барынша ұмтылдым, – дейді артист Бактыбек Нұрмат уулу.
Қойылым барысында режиссер ізденісі, балетмейстер – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Талант Осмоновтың қолтаңбасы айрықшаланды. Азаттыққа ұмтылған бұлқыныс бидің тілімен тамаша берілді. Актерлер машықтана келе әлі де кем-кетігін биігіне көтерері сөзсіз. Өйткені, қойылым аз ғана уақыттың ішінде даярланған, соған қарамастан, театрдың шығармашылық ұжымы ілкімді ізденістерге барғаны байқалады. Мәселен, театр қауымдастығы қойылымды музыкамен әрлеген Дарыйха Курбанованың сәтімен таңдалған саздарына ризашылықтарын білдірді.
Осы арада 25 жыл бұрын жазылған туындыны сахналауға қырғыздың бұрынғы Мәдениет министрі Сұлтан Раев ықпал еткенін айту керек. Ол өз елінің дарынды драматургы әрі мықты өнер сыншысы екенін айта кетейік, Сұлтан Раевтың да «Меккеге бастаған ұзақ жол» атты шығармасын Астанадағы «Жастар театры» сахналап, қазақ театр өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрына апарып қойғаны белгілі. Оның үстіне аталмыш қойылым Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалінде де Бас жүлдені жеңіп алған. Мұның бәрін жіпке тізіп баяндап отырғанымыз, осындай зерделі драматургтың таңдауы «Жанұран» спектакліне текке түспесе керек. Өз елінің жастары тәуелсіздік пен тыныштықтың қадірін білсе, қастерлесе дейтін қырғыз қоғам қайраткерінің мақсат-мүддесі ақталды деп айтуға енді болатын шығар?!
Дегенмен, Алатаудың ар жағында қойылған спектакльді талдау, сынауға әлі ерте. Ең бастысы, қойылым талғампаз көрермендер тарапынан жақсы қабылданды. Жиналған жастар драманың өзегіне бойлады.
Спектакль аяқталғаннан кейін айыр қалпақты бауырлардың бетке ұстар азаматтары спектакльді қойған Шаршен Термечиков атындағы Шу драма театрына алғыс айтып, пьеса авторы – қазақтың белгілі жазушысы, драматург, Қырғыз Республикасы «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері Сәбит Досановты төрге оздырды.
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Асилбек Жээнбеков қазақ пен қырғызға ортақ сыйлы дәстүрлерді атқарып, құттықтау хатты тапсырды. Бұдан кейін қырғыз халқының өнер майталмандарымен бейресми жағдайда дидарласудың сәті түсті. Сәбит Досанов спектакль режиссерлерімен, қырғыз актерлерімен кеңінен кеңесіп, қойылымға қатысты ойларын ортаға салды.
Пьесаны аударған Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Маркабай Ааматов спектакль сахналанғанша автордың Бішкекке үш рет келіп, ақыл-кеңес, ұсыныстарын айтып тұрғанын алға тартады.
– Еңбегіміз еш кетпеді. «Жанұран» жастарға тағылым болған жақсы қойылым болды. Театр толды. Залда студенттерден бастап, қырғыздың атақты суретшілері, ақындары, елжанды азаматтары отырды. Қазақ пен қырғыздың барыс-келісі, алыс-берісі ешқашан үзілмеген. Бірақ, екі халықты жақындатқан талай әдеби алыптар кетіп жатыр. Аралас-құраластығымыз үзілмесе екен. Бүгінгі өнер оқиғасы қазақ пен қырғызды ғана емес, бүкіл түркі әлемін татулыққа шақырып тұрсын! – деді Маркабай Ааматов.
Ал ақынды сомдаған жас актер Нурбек Урматжан уулу жақсылыққа үндеген жақсы шығарма жазған қазақ жазушысына, оны сахналаған қырғыз драматургтеріне, рөлді сеніп тапсырған режиссерге шынайы алғысын білдіріп, мұның бәрі де үлгі дейді.
Қырғыз Республикасының Ел Батыры, белгілі драматург Бексұлтан Жакиев: «Бішкек шаһарында бүгін жақсы оқиғалар болып жатыр. Бұл – екі елдің мәдени байланысын арттырады, менің пьесаларым да Қазақстанда қойылып жатыр, бұл үлкен қуаныш. «Әке тағдыры» пьесам Қостанайдағы орыс театрында жүруде», дейді.
Шаршен Термечиков атындағы Шу драма театрының көркемдік жетекшісі әрі директоры, ҚР еңбек сіңірген артисі Оросбек Айдаров қырғыз сахнасында қойылған қазақ жазушыларының туындыларына тоқталып, «Жанұран» спектаклін драматург Сұлтан Раев әкеліп бергеннен кейін көркемдік кеңестің талқысына салып, бүгінгі күннің ахуалына орай, көрермендерге ой салатын спектакль болады деп шешім қабылдап, драманы қоюға бел шеше кіріскендерін айтады.
– «Жанұран» қазірге қырғыз сахнасындағы ең жақсы спектакльдің бірі. Өз елін, өз тәуелсіздігін сүйген қазақ жазушысымен театр төрінде тоқайласқанымызға, осындай талантты жазушымен кездескенімізге разымыз. Негізі пьесаның материалы 3 сағатқа созылады. Бір жерін қысқартсаң, екінші жерінен айырылып қаламыз. Ойды, оқиғаны түгел беру үшін Сәбит Досановпен спектакль сахналанғанша қоян-қолтық жұмыс істедік. Сәбит аға премьерадан кейін кетіп қалса, «ұрысқанын» да сағынамыз-ау, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі бір жағы қалжыңға сүйеп.
Театр директоры Оросбек Айдаров өздерінің жас театрының жаңа қойылымы қырғыз еліндегі ең үлкен – А.Малдыбаев атындағы академиялық опера және балет театрының көмегімен қойылғанын жоққа шығармайды. Опера театрының суретшілері мен хореографтары «Жанұранды» қоюға атсалысқан.
Бұл елде де депутаттар мен министрлер әрдайым театрға бара бермейді. Өнерге талпынып туған жастардың қойылымға көптеп жиналғанына қуанған қоюшы-режиссер Каныбек Дуйшеналиев:
– Осындай терең тақырыпқа барған қазақ жазушысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көрермендер де, актерлер де осыны терең түсініп, бір жасап қалды. Спектакльдің мәнін түсініп, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Әрине, драма аяқталғанша халық оны қалай қабылдайды, тарихи оқиға мәнін түсіне ала ма, көптің көңілінен шыға ала ма деп қобалжығанымыз рас. Қазақ пен қырғызды енді Құдай кесірінен сақтасын! Тек осындай өнер мерекелерінде ғана табысып, татуласып жүре берсек екен, – дейді.
Сонымен, араға отыз жылдай уақыт салып барып, қырғыз сахнасына оралған драматург Сәбит Досановтың «Жанұран» спектаклі өнер көпірін жаңғыртып өтті. Сонау 1985 жылы М.Әуезов театрының артистері гастролдік сапармен Қырғыз еліне келіп, жазушының «Дауыл» атты пьесасын қойған екен. Ол кезде де қойылым жылы қабылданып, әсерлі шығыпты.
Осылайша, қаласаң екі-үш сағатта жетіп баратын Бішкектегі ағайындарымыз қазақтармен қимай-қимай қоштасты. «Су үзілсе де, сүйек үзілмейді», сағына-сағына бауырларымызға тағы барармыз. Өйткені, өнердегі жоспарлар жеткілікті. Тек мал-жанымыз аман болғай!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
––––––––––
Суретті түсірген автор.