• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 04 Мамыр, 2022

Оралдың оқушылары қай тілде оқиды?

1060 рет
көрсетілді

Орал қаласында «Қазақ мектебіне қадам басайық!» акциясы басталды. Оның мақсаты – ұлты қазақ оқушыларды ана тілінде білім алуға шақыру.

– Бұл жоба Орал қаласы мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлімі­нің 2021 жылдан бастап өткізіп келе жатқан шарасы. Былтыр карантин талаптарына сай онлайн түрінде ұйымдастырылған болатын, биыл ата-аналардың тікелей қатысуымен кең көлемде өтуде. Қала бойынша 21 мектеп 24 бала­бақшада осындай түсіндіру жұ­мысы жүргізіледі, – дейді Орал қа­ласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.

Насихат тобының құрамында облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының басшысы Ерлан Ғалиев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев, Орал қалалық мәслихатының депутаттары Әзима Ғұбашева, Айгүл Түркина, Светлана Бахи­шева, Кенесары Нұршиновтар, «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы төрайы­­мының орынбасары Ирина Суетина, филолог ғалымдар Ұл­дай Ержанова, Алтынбек Аб­дул­манов сынды белгілі тұлғалар бар.

Кеңес өкіметі кезінде Орал қаласында жалғыз қазақ мектебі – Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернаты жұмыс істеді. Оның өзі шалғайдағы шопан балаларына арналып, төртінші кластан бастап оқушы қабылдайтын. Ал Жайық жағасындағы жасыл желекке бөленген шаһардың өзі ауылдан келген қазақты аз жылда «тілі бір, тілегі бір ұлт­қа» – орыстілді, кеңестік мен­талитетті дүбараға айналдыра­тын алып маши­на секілді еді. Бұл «зауыттың» илеуі­нен аман қалу мүмкін емес бо­латын. Қаладағы там-тұм қазақ ба­ласын қазақ мектебіне беру туралы ой ата-ананың басына кірген емес: «Қарағым қор болмасын, орыс­ша оқытайын...» деген ой үстем еді...

 

Ал бүгін ше?

Бүгінде Орал қаласында 25 мек­теп таза қазақ тілінде, 20 мек­теп аралас – қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Тек қана орыс тілінде оқытатын мектеп саны – бесеу.

Қазақ тілінде білім беретін мектептердегі оқушылар саны – 27 601 болса, орыс тілді мектептерде 6 665 бала оқып жатыр. Ал аралас мектептердегі оқу­шылар саны – 21 001, оның ішін­де қазақ сы­нып­тарындағы оқу­шылар – 4 628 болса, орыс сы­нып­тарында – 16 373 оқушы бар.

Көріп отырғанымыздай, аралас мектеп дегенімен, ол жерде арасалмақ орыстілді сыныптарға ойысып тұр.

Мәселеге мына қырынан да қарап көрейік: Орал қаласы бо­йынша 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін мектеп оқушыларының 58,31%-ы қазақ сыныптарында оқиды, соның ішінде 0,8 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Ал орыс тілінде білім алып жатқан оқушылардың 47 пайызы, яғни 10 829-ы – қазақтар.

Қазақ баласын орыс мектебіне беру үрдісі әсіресе соңғы жылдары көбейіп кеткен: 2021-2022 оқу жылында Орал қаласында 1 сыныпта оқитын балалар саны 6 465 болса, соның 3 096-сы, яғни 47,88 пайызы ғана қазақ мектебінде оқиды. Бұлардың арасында 27 бала (0,8%) ғана – өзге ұлт өкілдері.

Ал орыс тілінде білім алып жатқан 2 744 оқушының ішінде 1 483 баланың ұлты – қазақ.

Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленушілердің жалпы саны 17 386 болса, соның ішінде 2 177 қазақ баласы орыстілді топтарда тәрбиеленіп жатыр.

 

Насихат керек!

Тарихқа қарасақ, Орал қала­сында қазақ балаларының ана тілін­де білім алу мәселесі ара-тұра көтеріліп, науқандық сипат алған екен.

«Алғаш осындай жобаны 2005 жылы қала әкімінің орынбасары Аманжол Зейнуллин ағамыз бастап, аралас оқытатын қала мектептерін түгелдей аралап насихат жұмыстарын жүргізгенбіз. Осы жұмыстың жалғасын тап­қанына қуаныштымын. Бүгін өзім №21 және №45 мектептерге ар­найы бардым. Бастысы, ата-аналар мемлекеттік тіл саясатын дұрыс түсініп, балаларының оқу тілін таңдауына мүмкіндік берсе болғаны», дейді жоғарыдағы насихат тобының мүшесі, «Мәңгі­лік ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанат Танабаева.

Дәл осындай насихат жұмыс­та­ры Орал қаласында 2009-2010 оқу жылында да жүйе­лі жүр­гізіл­ген болатын. Сол кез­дегі «Жайық Пресс» медиахол­дингінің басшысы Шыңғыс Мұ­қан бұл бастаманы орыстілді басылымдарда жиі көтеріп, ол жақсы нәтижеге жеткізіп еді.

Қазақ балаларын орыс мек­тебіне берген ата-аналардың жиі ай­татын үш уәжі бар. Оның алғаш­қысы – қазақ мектебінде білім сапасы төмен-мыс. Екінші миф – мемлекеттік тілде білім бере­тін мектептерде тәрбие жұ­мыс­тары да кем соғып жататын көрінеді. Ата-аналар айтатын үшінші уәж – «біз өзіміз қазақша білмейміз, баламызға қалай көмек­тесеміз, қалай оқытамыз?!»

Қазіргі таңда мектептердегі білім сапасын ҰБТ қорытын­ды­лары, «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік оқу орындарына аттанып жатқан жастар анық көрсетеді. Ал жергілікті орын­­дардың мәліметіне қара­ған­да, жасөспірімдер мен кәме­летке толмағандар жасаған қыл­мы­с­­тардың 70 пайызы орыс тілін­де білім беретін мектеп­тер­ге тие­сілі екен. Міне, білім мәсе­ле­сінде де, тәрбие мәселесінде де қазақтілді мектептердің бәсі биік тұр.

– Бұрын ата-аналар алғашқы екі уәжді алға көбірек тартатын еді. Қазір олардың ойы өзгерген. Де­генмен отбасылық үрдіс, пси­хо­логиялық кедергі қазір ал­ға шығып тұр. Сондықтан орыс­тіл­­ді отбасылардың өз баласын қазақ мектебіне беруі үшін жан-жақты қолдау керек, – дей­ді Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ға­мы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев.

Шынында да, ата-анасы, өскен ор­тасы орыстілді болып қалып­тас­қан балдырғанды мем­лекет­тік тіл­де оқытатын мектепке берген жағ­дайда ол балалар ерекше назарға алынуы керек. Ата-аналар осындай балаларына арнайы дайындық тобы болса деген өтініш айтқан. Кей­бір қазақ мектебінде тілге шор­қақ балаларды сыныптас­тары «орыс» деп мазақтаған оқи­ғалар кез­де­сіп­ті. Әрине, бұл – жас бала­ның сана-сезіміне үлкен соққы. «Сон­дық­тан біз бастауыш сынып мұғалім­дері үшін де арнайы семинар ұйымдастыру керек деген ойға келіп отырмыз», дейді Болат Өтеғалиұлы.

Соңғы жылдары баласын орыс тілінде оқытатын қазақтар неге көбейіп кетті? Ойланатын сұрақ осы. Пандемияға байланысты соңғы жыл ата-аналармен тікелей байланыс болмай қалғаны рас. Көп шара онлайн түрде өтті. Оның үстіне, Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетін Батыс Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының жарнамасы жүріп-ақ тұр. Мұның да әсерін жоққа шығаруға болмайды. Сосын орыс тілінде білім беретін мектеп мұ­ға­лімдері арасында «бәрі қазақ­ша болып кетсе, қызметсіз қаламыз» деген үрей де бар сияқты. Жоғарыда ай­тылған насихат тобы Орал қала­сындағы бір мектепке кездесу­ге барған кезде, ата-аналарға алдын ала «аз­ғыр­ғанға ермеңдер, орыс сыныбында қала беріңдер» деген әңгіме айтылған. Әрине, мұның бәрі мемлекеттік тілдің «дөңгелегіне таяқ тығу» екені көрініп тұр. Және бұл әрекет мемлекеттік мектепте болғаны өкінішті...

 

Ауылдағы аралас мектеп

Білім беру саласындағы са­рап­шы­лардың көбі аралас тілде оқы­та­тын мектептерде негі­зінен қазақ тілі қағажу көретінін айтады. Орыстілді халқы көп қала­лық жерде аралас мектептер ашу – амалсыздан жасалатын шара ғой. Ал тап-таза қазақы аудан­дардағы аралас мектеп, орыс сынып­тары­ның жұмысын түсіну қиын. Бұған қандай қажеттілік бар?!

– 2000 жылдардың басында Қазталов ауданы орталығында жаңа мектеп салынып, қазақ тілін­де білім беретін болып келі­сілді. Алайда бір топ ата-ана шағым­данып, жаңа мектепте орыс сыныптарын ашуға тырысты. Біз оларды дер кезінде тойтарып тастадық. Өйткені ауылда бұдан басқа бір аралас мектеп бар еді, – дейді сол кезде аталған ауданды басқарған Нәсіпқали Иманғалиұлы.

Осыған ұқсас оқиға Жәнібек ауы­лында да болған. Темір­жол­дың арғы бетіндегі шағын ауылдағы білім ордасын қостілді мектепке айналдырғысы келген тұр­ғындарды тоқтатып, мән-жай­ды түсіндіріп, қазақ мектебін қор­ғап қалған Нәсіпқали Иман­ғалиұлы көп жағдайда өңір басшыларына табандылық, шешім қабылдау жетпейтінін айтады.

– Кезінде біз баламызды қа­зақ­ша оқыту үшін саусақпен санаулы мектепке іздеп бардық. Қала­ның екінші шетіне автобус­пен сабылдық. Уақыт, қаражат шығын­дадық. Қазір заман басқа. Қазақ­станның болашағы – қазақ тілін­де екенін, келешекте ұлтты ұйыс­­тыратын мемлекеттік тіл еке­нін түсінетін уақыт келді. Орыс тілінде оқытатын мектеп­тер­­ге сұраныс азайып жатыр. «Осы­­ның біріне қарамай бала­ңыз­­ды орысша оқытам десеңіз, сол үшін құрбандыққа бары­ңыз, уақы­ты­ңызды, қаражатыңызды сарп еті­ңіз» деу керек. Керек десеңіз, білім беруді жан басына сәйкес қар­жы­ландыру керек. Қазақ бала­сы орыс сыныбына барса, оның қаржысын ата-анасы өз қалта­сы­нан төлесін. Ал мемлекет қара­жа­ты мем­ле­кет­тік тілді мектепті дамы­туға жұм­салсын, – дейді Иманғали ағамыз.

Алайда өңірде мұндай әрекет­шіл басшылар аз болып тұр.

Тағы да біраз санға кезек бере­йік: Батыс Қазақстан облысында жалпы орта білім беретін мек­тептердің саны – 379. Соның ішін­де 102 мектеп аралас тілде оқыта­ды. Мәселен, тұрғындары түгелге жуық жергілікті ұлттан тұратын Ақ­жайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандары­ның әрқайсысында аралас екі мектептен бар. Облыс бойынша аралас мектептердің орыс сыныптарында 28 908 оқушы оқып жүр! Оның тең жартысы, яғни 14 678-і – қазақ балалары! Ал мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жат­қан 21 445 баланың 2 695-і де қа­ракөздер екен. Бұл бала­лар­дың бәрі – болашақ Қазақ­стан­ның азаматтары. Елімізде ұлттық ара салмақ, тіл­­дік орта тез өзгеріп келеді. Қазір­дің өзін­­­де мемлекеттік қыз­метте, ха­­­­лық­­қа қызмет ету орын­да­рын­­да қазақ­тілді мамандар сұ­ра­­нысқа ие. Сон­дықтан бала­сы­ның болашағын ой­лаған «құ­лы­ным қор болмасын» деген ата-ана баласын мемлекеттік тіл­де оқы­татын мектепке берсе керек-ті.