Ақтөбе топырағында қазандық, уфалық және қасымдық татарлар, Нижегород және Саратов губернияларынан қоныс аударған мишарлар тұрады. Қазақ халқымен қашаннан қарым-қатынасы қалыптасқан татарлар мен башқұрттардың татулық тамыры тым тереңде жатыр. Облыстағы «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ұлтаралық татулық пен бірліктің іргетасын бекіту бағытында бірқатар шараларға мұрындық болуда.
– Облыста 9 мыңнан астам татар тұрады. Біздің бірлестікке келсек, он бір адамнан құрылған бастамашы топтың ұйғарымымен құрылып, ресми түрде 1999 жылы тіркелді. Бірлестік құрудағы мақсат – ұлттық тамырынан ажырап бара жатқан кейінгі жас ұрпаққа этностық құндылықтарымызды, мәдениетімізді үйрету, ана тілімізді сақтау және өз халқымыздың салт-дәстүрін дамыту болып табылады, – дейді «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Равиль Құрбанғалиев.
Бірлестіктің ұйытқы болуымен жақында тағы бір мәдени маңызы зор шара өткізілді. «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ұйымдастырған «50 жыл бірге» мерекелік салтанатты кешіне жиналғандар қатары көп болды. Бұл мәдени шара «Язғы моңнар» халықтық ән-би ансамблінің құрылғанына 50 жыл, «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне 15 жыл, Ғайнан Құрмашев атындағы жексенбілік мектепке 15 жыл, «Мирас» жастар қанатының құрылғанына 10 жыл толуына арналып өткізілді. Салтанатты кешке Татарстаннан, Башкұртстаннан шақырулы қонақтар және Қазақстанның түрлі этномәдени бірлестіктерінің ұжымдары қатысты. Кеш шымылдығы Достық үйі жанындағы «Достық сазы» қазақ халық аспаптары ансамблінің орындауындағы күймен ашылды. Одан кейін сахнаға «Язғы моңнар» татар халық ән-би ансамблінің орындауындағы «Парлы би» татар биімен жалғасты.
Мерекелік кешті облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова сөз сөйлеп ашып, татар-башқұрт халқы өкілдерінің өңірдегі өзге ұлттармен бірге еліміздің, аймақтың экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанына тоқталды және татулық пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға да атсалысып жүргенін жеткізді. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты нығайтуға бағыттталған шаралардың бірі бүгінгі мерекелік кеш екенін атап өтті. Мерекелік кешке Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілі Айрат Хасановтың, шетелдердегі татар қоғамдық ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Ленара Кутеева мен Татарстан Республикасы білім және ғылым министрлігі халықтық білім беру басқармасының бастығы Денис Шакировтың қатысуы және олардың еңбек пен қоғамдық жұмыста озып шыққан бір топ азаматты марапаттауы шараның салтанатын арттыра түсті.
Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Фатхи Фердинандтың орындауындағы татар халқының әні де жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Мерекелік кеште татар, башқұрт және қазақ халықтарының әндері шырқалып, билері биленді. Шараға жиналғандар әдемі демалып, рухани ләззат алып қайтты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.