Өскелең ұрпақтың өресі биік, өмірі жарқын болуы үшін мемлекет тарапынан шарапатты іс-шаралар атқарылып жатыр. Бүгінгі балдырғандардың бақытты балалық шағына баса назар аударатын бас қаламызда да елеулі істер жолға қойылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін жеткізіп, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», дейді Президент.
Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Балалар жылы қалай атап өтіледі? Қандай және қанша іс-шара жоспарланған деген сұрақты қалалық білім басқармасына қойдық.
Бүгінгі таңда елордалық білім басқармасы балалар жылы аясында өткізілетін 7 бөлімнен тұратын 100-ден аса іс-шараны қамтитын қалалық жоспарды әзірлеп бекітті. Олардың ішінде «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», BALA QORǴAÝ, BALA_TIME.KZ сияқты жобалар бар екен. Жақында елорданың төрінде «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік залында балалар жылына орай ұйымдастырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған ең ауқымды жоба – «Шаттық-2022» байқауы ұйымдастырылды. Бұл жоғарыдағы айтылған сөзіміздің дәлелі болса керек.
«Бүгін біз Балалар жылына арналған «Шаттық-2022» конкурсының қортындылап отырмыз. Бұл байқау 15 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биылғы жарысқа 4 мыңнан аса бала қатысты. Осыған орай жеңімпаздар жиналған гала-концерт өтті. Баса айта кететін жайт, біз осы концертпен Балалар жылының басталуын жариялап отырмыз. Қалада балаларға арналған ауқымды іс-шаралар өткізіледі», деді қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Иә, балалардың алақайлап асыға күтетін, ауыз толтырып айрықша айтатын ауқымды жобасының жолға қойылып, тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқанына – 15 жыл. Биылғы байқауда қатысушылар 9 аталым бойынша бақ сынап, нәтижесінде 47 үміткер алтын медаль иеленді. Ерекше ескеретін жайт, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы жеткіншектердің жетекшілерін де назардан тыс қалдырмай, оларды да марапаттады. Күні-түні күш салып, дарынды оқушысын дамытып, додаға қосқан ұстаздардың ұмыт қалмағаны көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатты.
Аталған фестивальде оқушылар мен студенттер отбасы, махаббат, достық, жасампаздық, бейбітшілік тақырыбы аясында адамзаттық құндылықтарды сахналады. Халықтық би өнерін жаңаша бейнелеп, эксклюзив шығармашылық композияцияларды көрермен назарына ұсынды. Оларға балет пен театр әртістері қолдау көрсетіп, бір сахнада өнер көрсетті.
Елорданың ертеңіне ерекше серпін беретін жалынды жастардың, озат шәкірттердің қатары жыл өткен сайын артуда. Халықаралық білім бәйгелерінен олжалы оралған оқушылар да жетерлік. Мемлекеттің мерейін асырған алғыр балаларды мектебі мен мұғалімдері мақтан тұтады. 2022 жылдың 18-22 сәуірінде жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қортынды кезеңі өтті. Оған елордалық мектептердің 9-11 сыныптарының 193 оқушысы қатысты. Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасы 93 жүлделі орынға ие болып, кезекті рет жоғары білім деңгейін көрсетті, оның ішінде 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль бар.
Жақында «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің білім басқармасы мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, Zerde-Lider оқыту орталығының қолдауымен, химия және биология пәндері бойынша 7-8 сынып оқушылары арасында I аймақтық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізді. Аталған іс-шара да еліміздегі Балалар жылын мерекелеу аясында ұйымдастырылды. Олимпиада теориялық және практикалық негізде 2 кезең бойынша өтті. Олимпиадаға Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының командалары қатысты. 149 жас зияткер химия және биология пәндері бойынша күрделі олимпиада есептерінің шешімін табуда бар білімін көрсете отырып, додаға түсті. Дәлірек айтсақ, химия пәні бойынша 84 оқушы қатысты, оның ішінде: 7 сынып – 32 оқушы, 8 сынып – 52. Биология пәні бойынша – 66 қатысушы: 7 сынып – 40 оқушы, 8 сынып – 26. Интеллектуалдық сайыстарға қатысу мектеп оқушыларына олардың тұлғалық өсуі мен дамуына, өмірде табысқа жету үшін қажетті жаңа білім алуға, өз бетінше ойлауға, қабілеттері мен қызығушылықтарын анықтауға көптеген мүмкіндік береді.
Бауырмал бас қала ерекше балаларға да баса назар аударып, олардың қоғаммен тығыз байланысып, қоршаған ортада еркін өмір сүруіне де толық жағдай жасауда.
«Қаланың 90 мектебінде пандус бар. 21 мектепте лифт және көтергіштер орнатылған. 76 мектеп санитарлық тораптармен жабдықталған. 81 мектепте шақыру батырмалары бар. 74 мектепте бедерлі жолақтар, жолдар белгіленген. 72 мектепте тұтқалар мен сүйеніштер бар. 73 мектепте кабинеттерге, асханаға, кітапханаға және т.б. үй-жайларға кеңейтілген есік ойықтары орнатылған. 80 мектепте арнайы жазулар, табличкалар, пиктограмалар бар», деді қалалық білім басқармасының мамандары.
«Денешынықтыру» пәні бойынша дене жүктемесінен босатылған балалар және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бұқаралық спорт түрлерімен айналысу үшін спорт секцияларына тегін бару мүмкіндігі беріледі.
«2018 жылы халықаралық деңгейдегі мамандандырылған паралимпиадалық жаттығу орталығы пайдалануға берілді. Ол тек паралимпиадашылар үшін ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласының барлық мүгедек адамдары үшін де спортпен шұғылдануға қолжетімді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүмкіндігі шектеулі Нұр-Сұлтанның барлық тұрғындары мүгедектік тобы мен жасына қарамастан спортпен тегін айналысуға құқылы. Орталықта голбол, отырып ойнау волейболы, арбадағы теннис және бочче бойынша спорттың ойын түрлері залы бар, пауэрлифтингке арналған кәсіби аймақ жабдықталған. Күш жаттығуларына арналған бейімделген тренажерлер 811 шаршы метрлік орталықта паратаеквондо сабақтарына арналған 423 шаршы метр зал бар. Спорт басқармасының жанында «Мүгедек спортшыларға арналған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ жұмыс істейді. Қабылдау мынадай мүгедектік түрлері бойынша жүргізіледі: «тірек-қимыл аппараты зақымданған», «көру мүшелері бұзылған», «есту мүшелері бұзылған», «зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі». Спорт секцияларында спорттың 18 түрі бойынша 430 спортшы шұғылданады, оның ішінде 114-і – 18 жасқа дейінгі балалар. «Алау» мұз сарайында І, ІІ, ІІІ дәрежелі мүгедек балаларға жеңілдіктер ұсынылады», деді Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы өкілдері.
Өткенде елордада инклюзивті черлидингтен ашық республикалық турнир ұйымдастырылды.
«Бүгін біздің орталықта пара черлидингтен Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтіп жатыр. Біздің жарысқа 220-дан аса ерекше бала қатысуда. Жарыстың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды ортаға бейімдеу, паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту. Спортшылар Қазақстанның түрлі аймақтарынан келді. Нақтырақ айтсақ, олардың арасында Ақмола, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының қатысушылары бар», деді Паралимпиадалық жаттықтыру орталығының баспасөз хатшысы Нұрғали Жұмағазы.
Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, сынға түсті. Мысалы, А тобында – есту қабілеті бұзылған (құлағы естімейтін, нашар еститін) спортшылар, B тобы – көру қабілеті бұзылған спортшылар (нашар көретін, зағип), С тобы – соматикалық аурулары бар спортшылар (эндокриндік жүйе аурулары, қант диабеті, ішкі ағзалардың болмауы және т.б.), D тобы – тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар (арбада отырғандар, т.б.), Е тобы – бұлшықет дамуы бұзылған спортшылар (полиомиелит, серпімділік, церебралды сал ауруы), F тобы – психикалық және ақыл-ой кемістігі бар спортшылар (ақыл-есі кем, аутизм спектрінің бұзылуы, даун синдромы), G тобы – өсудің бұзылуы (ахондроплазия), H тобы – аралас топтар (әртүрлі топтардың спортшылары) бар.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше паралимпиадалық жаттығу орталығына ай сайын ерекше қажеттіліктері бар 4 мыңнан аса адам келеді. Олар спорттың 18 түрімен айналысады және бейімделген жаттығу залына барады. Мұнда пара черлидинг бойынша жаттығулар өткізіледі. Орталықтың барлық қызметі тегін.