• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 06 Мамыр, 2022

Ақтөбеде оқушы қыз өз анасын өлтірді деген күдікпен ұсталды

511 рет
көрсетілді

Ақтөбеде 16 жастағы мектеп оқушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол анасын өлтірді деген күдікке ілікті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқиға Ақтөбе қаласында орын алған. Қазіргі кезде Қылмыстық істің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалып, 16 жастағы қыз бен оның 19 жастағы танысы күдікке ілікті.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот алды тергеу басталып, күдіктілер уақытша қамалды. Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова күдікті қыздың толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқанын айтты.

«Анасы вахталық әдіспен сауыншы болып жұмыс істеген. Бала аса бір бейәдеп әрекеттермен көзге түспеген. Бірақ анасы бірнеше рет баланы қараусыз қалдырып, соған байланысты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысына шақырылған, ескерту жасалған. Бала салмақты, артық іс-әрекеттері бұған дейін байқалмаған. Ішкі істер органдарының есебінде болмаған. Тек сағат 23:00-ден кейін көшеде жүріп, осы талапты бұзғаны үшін бірнеше рет ескерту алған. Жанында дос баласы болған. Ол кәмелеттік жасқа толған жігіт. Қаладағы колледждердің бірінің студенті. Қазір қайсысы кінәлі екенін білмейміз, нақты анықталған жоқ», деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Қылмыстық іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.