Tennis Europe ұйымы биыл күзде Монте-Карлода өтетін Junior Masters турниріне орай балғын теннисшілердің жаңартылған рейтингін жариялады.
ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында жерлесіміз Заңғар Нұрланұлы әдеттегідей көш бастап келеді. Оның еншісінде 520 ұпай бар. Жалпыеуропалық рейтингте Заңғар 4-орында тұр. Сондай-ақ Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков өз көрсеткіштерін жақсартты. Даниэль 37-ші, Дамир 39-сатыға көтерілді. Жуырда Үндістанда 14 жасқа дейінгілер арасында Азия/Тынық мұхит аймағы бойынша өткен әлем чемпионатының іріктеу турнирінде осы теннисшілер 3-орынға ие болып, Қазақстан жасөспірімдер құрамасын тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығарған еді.
Сонымен қатар Халықаралық теннис федерациясы да 18 жасқа дейінгі теннисшілердің рейтингін жаңартты. Мұнда үздік 100 теннисшінің қатарында Қазақстанның екі өкілі бар. Бірі – Максим Батютенко (72-орын), екіншісі – Аружан Сағындықова (77).