• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2014

Қақ суын іздеген киіктей челябілік қандастар қазақ тілін үйренуге ықылас танытып отыр

337 рет
көрсетілді

Барлығы да іштегі және сырттағы қазақтардың аралас-құралас болуды ойлаған ниеті­­нен бастау алған сыңайлы. 2009 жылы жаз айында Қостанай облыс­тық тілдерді дамыту басқармасы­ның басшысы Жанболат Үмбе­тов Челябідегі «Азамат» қазақ қоғам­­дық ұлттық-мәдени ұйымы­ның жетекшісі Болат Хасанов­пен келісе отырып, сол жақ­тағы бес қазақ баласының Қараба­­лық ауданындағы жазғы бала­лар лагерінде демалуын ұйымдас­­тырды. Лагерьде оларға қазақ тілін­де тақпақтар жаттатты, ойындар ойнатты, қазақша әңгі­ме­лер, ән­дер тыңдатты. Бұл ресей­лік бала­лар үшін тың жаңалық болған еді. – Қазір жүргізіп отырған үлкен жұмысымыздың басы болған еді бұл. Мұнан кейін біз Ресей айма­ғында қазақ тілін оқыту керек деп шештік, – дейді облыстық тіл басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова. Сол жылы жазда «Азамат» қазақ қоғамдық ұйымы Челябі облысындағы қазақтарға қазақ тілін үйрететін үйірме ашу жөнінде хабарлама береді. Облыстың әр ауданынан хабарласқандар қатары көбейе түседі. Ресей қазақтары тарапынан қазақ тілін оқып-үйренуге сұраныстың бар екенін білген соң, тамыз айында облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары Челябі облысының Бреды, Троицк, Нағайбақ аудандары мен Челябі қаласынан қазақ тілін үйретуге талабы бар бес мұғалімді Қостанайға шақырып, олар үшін бір апталық семинар өткізді. Оларға мамандар қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету үшін жасалған ең жеңіл бағдарламалар бойынша сабақ берді. Кетерде ресейлік қандастарға қазақ тілін оқыту әдістемесін меңгергені жөнінде сертификат табыс етілді. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басталған істі өрістете түсті. 2009 жылдың аяғында Челя­бі қазақтары үшін қазақ тілін үйретудің тұтас бағдарламасын жасады. Қостанай қаласындағы Тілдерді оқыту орталығының мамандары олар үшін арнайы, жеңілдетілген бағдарламалар, оқулықтар дайындады. 2010 жылы мамыр айында Челябідегі «Азамат» қазақ қоғамдық ұлттық-мәдени ұйымымен бірлесе отырып, қазақ тілі мен мәдениетінің күндерін өткізді. Оған Ресейдің он тоғыз аймағындағы қазақ диас­пораларының өкілдері келді. Осы шара шеңберінде өткен дөңгелек үстел мәжілісіне Ресей қазақтары федералдық ұлттық-мәдени автоно­миясының президенті Тоқтар­бай Дүсенбаев Самарадан келіп қатысты. Тіл мәселесі қарал­ды. Ресейдің әр түкпірінен жинал­ған қазақтарға челябілік мұғалімдердің қазақ тілінен білім жарысы байқауы көрсетілді. Сырттағы қазақтардың қазақ тілін үйренуге назарын аудару жұмысы мұнымен шектелмеді. Челябі облысындағы мектеп оқушылары арасында «Ресей мен Қазақстан халықтары достығы» тақырыбына қазақ тілінде шығар­ма жазудан бәйге жарияланды. Оған қатысушылар көп болды. – Әрине, шығарма сапасы жө­нінде әңгіме айту ертерек еді. Ең бастысы, байқау оған қа­тысу­шы­лардың, қазақ тіліне деген ын­ты­зарлық танытқандар қата­ры­ның көбеюіне себеп болды. Сондықтан енді біз мұғалімдер семина­рын тек Қостанай, Челябіде ғана емес, Магнитогор қаласында өткі­зуді жөн көрдік. Оған 30 мұға­лім жиналды. Олардың арасында сау­сақ­пен санарлық кісі ғана тіл ма­­ма­ны, қал­ғандары мәдениет қыз­­мет­керлері, өзге де мамандық ие­ле­­рі болды, – дейді Бақытгүл Зар­лық­қызы. Осы семинарға қатысу­шылар­дың жас құралпылары да әртүрлі болатын. Қазақ тілін өзгеге үйре­туге талпынғандардың арасында егде кісілер де болды. Қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Бақытгүл Зарлыққызы олармен тағы да оншақты күн сабақ жүргізді. – Шаруасы бар, күнделікті тірліктен босамайтын кісілер емес пе? Солардың барлығын уа­қытша жиып қойып, он күн бойы менің сабағымның бір сағатын қалдырмай тыңдады. Ресейден Қазақстанға келіп-кетіп жүретін қандастарымызбен қатар, ондай мүмкіндікке қолы жете бермейтін кісілер де бар. Мен сабағыма Астана, Бәйтерек, Қазақстанның рәміздері, салт-дәстүр, ән-билері­міз, белгілі тұлғалар туралы бейнематериалдармен дайындалған көрнекі құралдар пайдаланған күндері оны көзіне жас алып тыңдайтындар болды, – дейді Бақытгүл Зарлыққызы. Мұғалімдер өткізген жексен­­­білік сабақтарға Челябі облысы­ның әр шалғайында тұрып жатқан қандастарымыздың балалары жақсы қатысады. Оның нәтижесі Верхне-Уральск ауданының орталығында өткен «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауында көрінді. Оған бес мұғалім өзінің оқытып жүрген балаларымен бірге келіп қатысты. Тілі орысша шыққан қазақ балалары қазақ тілінде тақпақтар айтты, сұрақтарға жауап берді. Орыс мақамымен сөйлесе де олардың қазақ тілі жөнінде түсінігі қалыптасты. Келген жұрт осыған риза болып тарасты. Бес мұғалімнің арасынан Нағайбақтан келген Райхан Борантаева бірінші орынды иеленді. Осындай байқау жыл сайын өтіп келеді. Қазір Троицк ауданында Ғалия Сәрсен­баева, Верхне-Уральскіде Алтын­шаш Тасқаранова мен «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқа­уының жеңімпазы Бақтыбике Дүйсенбаева, Челябі қаласынан Үміт Байдәулетова мен Жасұлан Көлдеев, Чесма ауданынан Гүл­сара Тұрғынова қазақ тілін оқы­туда көп тәжірибе жинақтаған. – Менің сабағыма Челябі қаласындағы студенттер қызығып, ынтамен келеді. Қостанайлық тіл мамандарының әдістемелері жақсы. Алайда, оқулықтар көбірек болса деген тілегіміз бар, – дейді челябілік Үміт Байдәулетова. «Азамат» қазақ қоғамдық ұйы­мының ізденіс жұмыстары арқасында 2012 жылы Челябінің Верхне-Уральск, Агапов, Қы­зыл, Нағайбақ және Чесма аудан­дарындағы мектептерде қазақ тілі факультативтік сабақ ретін­де енгізілді. Бұл Ресей қазақ­та­ры­на қазақ тілін үйрету жұмыс­та­рындағы үлкен жетістік еді. Факультативтік сабақтар үздіксіз жүріп, онда балалар тілді тиянақты оқиды. Екіншіден қазақ тілін үйре­тетін мұғалімдерге жергілікті бюд­жеттен қосымша еңбекақы төленді. Өткен жылы күзде «Азамат» қазақ қоғамдық ұлттық-мәдени ұйымының жаңа жетекшісі Қанат Сейтіковтың бастамасымен Челя­бімен шектесетін Қарабалық ауданына жиырма шақты мұғалім келді. Аудандық тіл ү­йрету орталығы базасында оларға қысқа мерзімді семинар сабақта­ры жүргізілді. Осы жазда қос­танайлық тіл мамандары челябі­лік мұғалімдерді тағы да Қарабалық­та оқытуға, әдістемелік көмек көрсетуге уәде етті. – Биыл Қарабалыққа қазақ тілін оқытатын отыздан аса мұғалім келеді. Қазақ тілін үйренуге деген талпыныс мол, – дейді Қанат Хакімұлы. Челябі облысындағы қазақтар топтасып тұратын Нағай­бақ, Агапов аудандарындағы аға ұрпақ өкілдері балалары мен неме­релерінің қазақ тілінде сөйлей ал­мағанына қамығатын. Қазақ тілі үйірмелері ашылғанына олар да қатты қуанды. Ресейлік қазақ жас­тары тарихи отанына келуге кө­біне тіл білмегендіктен жас­қа­на­тын көрінеді. Олардың қазақ тілі үйір­мелеріне зор ықылас танытуы шөлін басуға жаңбырдың қақ суын ізде­ген киіктерді елес­теткендей. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.