• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Мамыр, 2022

Ұлы даланың ұмытылған ойшылдарын қайта жаңғыртқан ғалым

471 рет
көрсетілді

Алматыда мемлекет және қо­ғам қайраткері, бел­гілі ға­­лым, филология ғылым­да­­рының докторы, профес­сор, ҰҒА академигі Әбсат­тар Дербісәліні еске алу­ға арналған іс-шара ұйымдас­тырылып, басқосу аясында «Забытые мыслители Ве­ли­кой степи (ІХ–ХХ вв.)» атты кіта­бының таныс­тырылымы өтті.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыс­тану институты және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұйым­дас­ты­руымен өткен алқалы жиында зиялы қауым Әбсаттар Дербісәлінің дала данышпандарының өмірін зерт­теудегі еңбектері хақында ой қоз­ғап, ғалымның рухына тағзым етті.

Құнды мәліметтерге толы бұл еңбекте Фараб, Сайрам, Тараз, Түркістан, Сығанақ, Жеңд қала­ла­рынан шыққан ғалымдардың ғы­лыми ой, дінтану және әлем мә­дениеті тарихына қосқан үлесі жан-жақты сараланады. Ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің, Орта Азия халықтары­ның тарихы, этногра­фиясы, геогра­фиясы, әдебиеті мен мәдениеті ту­ралы «Тарих-и Рашиди» атты ең­бегін жазған Мырза Хайдар Дулати және Әбу-л Қасима әл-Фараби//әл-Фараби, Қауам ад-дин әл-Итқани (Икани) әл-Фараби ат-Түркістани, Хусам ад-дин ас-Сы­ғана­ки, Низам ад-дин ас-Сайрами, Жамал Қарши, Әбу-л Қасим әл-За­мах­шари және т.б. ғұламалардың шы­ғармашылық мұралары терең зерттелген.

Жиынды жүргізген Әл-Фара­би атын­дағы ҚазҰУ Шығыстану фа­куль­тетінің деканы,  PhD доктор Ықтияр Палтөре ғалымның мұ­­­ра­сын зерттеу мақсатында Әбсат­тар Дербісәлі атындағы қор құ­ры­лып, алдағы уақытта арнайы сайт, әлеуметтік же­лілерде насихат­тау жұмыстарының жалғасын таба­тын­дығынан хабар­дар етті. Осы­нау игі іске оның жары Рафия Бәкірқызы мен отбасының, сондай-ақ салалық оқу орындары, жекелеген ғалымдардың зерттеулері негіз бола алады.

Жиын барысында Әбсаттар Дербісәлідей тұлғаның шығыстану саласына қосқан үлесі, дара таланты хақында Әл-Фараби атында­ғы ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев та­ғылымды ойларын ортаға салды. Әбсаттар Дербісәлінің бастамасымен осы университетте араб бөлімі мен Шығыс тілдері кафедрасы және шығыстану факультеті, сонымен бірге республикамызда тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары ашылды. Ғалым осылайша шығыстану ғылымы саласының ұлттық мамандарын даярлауға күш-жіге­рін салды. Осылайша, Әбсаттар Дербісәлі арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры, тұң­ғыш академигі дәрежесіне жетті. Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбегі бүгінде сала зерттеушілері үшін ғы­лыми азыққа айналды.

Осы орайда филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Ислам Жеменей ғалымның «Қазақ дала­сы­ның жұлдыздары» кітабының маңыз­дылығы туралы ой қозғап, шы­ғыстану саласындағы сүбелі ең­бек­те­ріне қатысты бірқатар дерекпен бөлісті. Қазақ елінің мақтан етер тұлғасының шығармашылығы хақында  Д.Қонаев атындағы Еура­зия­лық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалайри, Ақ­параттық және есептеуіш технологиялар институтының дирек­торы, академик, Ғалымқайыр Мұ­танов, Ұлттық инженерлік ғылым академиясының академигі Оразалы Сәбден тағылымды ой айтып, дін мен ғылымды ұштастырудағы ең­бек­теріне  тоқталды.

Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыстану институтының директоры Дүкен Мәсімхан­ұлы, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков, тағы басқа ғалымдар  Әбсаттар Дербісәлінің шығыстанушы, дін­танушы, әдебиет зерттеушісі, сыншы ретіндегі келелі еңбектері хақындағы пікірлерімен бөлісті. Ал  ҰҒА академигі, Ха­лық­аралық Түр­кі академиясының пре­зиденті, «Еге­мен Қазақстан» рес­пуб­ликалық газетінің басшы­сы Дархан Қыдырәлі ға­лым­ның Ислам өркениетіне сіңі­рген еңбектері жа­йында айтып өтті. «Қан­шама Фарабилерді, Сыған­ақи­лер­ді, Та­разилерді тауып, еңбекте­рін тір­нектеп жүріп жинап, әсіресе Шы­ғыстың қорларынан беймә­лім болып келген қолжазбалар биб­лио­­графиясын жасады. Бүгінде түр­кі әлемінің ұлы ғұламалары ту­ралы айтқанда міндетті түрде Әбсаттар Дер­бісәліге сілтеме жасалды. Ислам өркениеті ұғымын Әл-Фа­рабисіз, Орталық Азиядан шыққан ұлы ғұла­маларсыз байланыстыру мүм­кін емес. Осы орайда дін мен ілімді қай­та қауыштырып, дінді ілім деңгейіне көтерген ғалым ретін­дегі Әбсаттар Дербісәлі ең­бек­те­рі­нің шоқтығы биік», деп атап өтті Д.Қыдырәлі.

Кітап таныстырылымының рә­сі­мінде ғалымның моногра­фия­­лық зерттеу еңбектерінен ұйым­дастырылған көрме және арнайы фильм көпшіліктің назарына ұсы­нылды.

 

АЛМАТЫ