Алматылық профессор Қозыбай Анарбек атасының зиратына зиярат ету үшін Ресейдің Орлов облысына арнайы келді. Оның атасы Орловщина маңындағы ұрыстарға қатысқан. Бұл туралы «Орловская правда» газеті жазды.
Ол атасының зиратын табуды армандаған екен. Міне, арманы да орындалды. Осылайша, перзенттік парызын өтеп, арқасынан ауыр жүк түсті. Профессор Орловщинаға қызы Лаурамен бірге келіпті. Меймандарды вокзалдан бүкілресейлік «Волонтеры Победы» қозғалысының Орловтағы бөлімшесінің жетекшісі Кирилл Ишков пен облыстық әкімшіліктің өкілі Анна Рубцова күтіп алды.
– Сіздерді Орловщина жерінде көргенімізге қуаныштымыз! – деді Кирилл Ишков таза қазақ тілінде. Сіздердің бұл сапарларыңыз біздің өңір үшін үлкен мәртебе. Баба рухына тағзым ету үшін ұзақ қашықтықты жүріп өтудің өзі неге тұрады?! Өз кезегінде Қозыбай мен Лаура жылы қарсы алған Кирилл мен Аннаға алғыс айтып, Қазақстан нышандары бейнеленген конфет орамын сыйға тартты.
Алматы қаласында бұл әулетті көбі жақсы біледі. Қозыбай Анарбек – педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының академигі. Оның зайыбы Бақытгүл – еңбегі сіңген акушер-гинеколог. Үш қызы бар. Олар әлемге әйгілі жоғары оқу орындарын бітірген. Үлкені Лаура атасының рухына тағзым еткен соң Мәскеуге – Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетіне педагогикалық практикадан өтуге аттанбақ.
– Атам Нұрахмет Толыбаев ауылдық кеңестің хатшысы болып жұмыс істеді. Соғыс басталғанда лауазымына байланысты әскер қатарына шақырылған жоқ. Алайда елге қауіп төнгенде бұлай жүруді жөн көрмей, қатарластарымен бірге майдан шебінен табылуды көздеді. Сөйтіп, 1942 жылдың 9 тамызында ерікті түрде соғысқа аттанды, – дейді Қозыбай Анарбек.
Нұрахмет Толыбаев 1943 жылдың 5 шілдесінде Орлов облысын жаудан қорғау кезінде Глазунов ауданының Александровка деревнясына жақын маңда қаза тапты. Ол небәрі 37 жаста еді. Оны бауырластар зиратына жерлеген. Оның есімі 1943 жылдың 5-6 шілдесіндегі ұрыстарда қаза тапқан 81-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің құрметіне қойылған мемориалдық тақтаға ойып жазылған. Бауырластар зиратында бір мыңнан астам жауынгер жерленген.
Қозыбай Анарбек дәл осы жерге келуді армандапты. Атасы дамыл тапқан бауырластар зиратын көрген ол көзіне жас алды. Аруақтардың рухына дұға бағыштап, тағзым етті. Осыдан бір жыл бұрын әкесінің қабірінен салып алған топырақты бауырластар зиратына шашты. Бірнеше минуттық үнсіздіктен кейін атасы жерленген жердің бір уыс топырағын шүберекке түйіп алды. Оны өзімен бірге ала кетпек.
– Бұл әрбір адамның қасиетті борышы. Менің жаным енді жай тапты, – деді ол.
Бұдан соң Глазунов ауданы Очкин селолық қонысының басшысы Ольга Боева қонақтарды ауданның өткеннен сыр шертетін тарихи және көрнекті орындарымен таныстырды.
Қонақтар жылы қарсы алып, қонақжайлылық танытқан орловтықтарға алғыс айтумен болды. Қайтарда «Қазақстанға келіңіздер!» деген тілектерін де жеткізді.
Екатерина АРТЮХОВА