Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы ертең Ригадағы (Латвия) екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтап, 13-29 мамыр аралығында Финляндия астанасы – Хельсинкиде өтетін әлем чемпионатына жол тартады.
Жерлестеріміз элиталық дивизиондағы додада сәтті өнер көрсету үшін дайындықтың бірінші кезеңін сәуір айының ортасынан бастап кетті. Елордадағы «Барыс Аренада» ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиыны қысқартылған құрам ойыншыларымен өтті. Өйткені сол уақытта Қарағандының «Сарыарқасы» және Көкшетаудың «Арланы» шайбалы хоккейден ел біріншілігінің бас жүлдесін сарапқа салып жатқан еді. Сонымен қатар «Барыс» сапында және ҚХЛ-ның басқа да ұжымдарында өнер көрсететін қазақстандық хоккейшілердің кейбірі қысқа мерзімді демалысқа кеткен болса, өзгелері әлі де Гагарин кубогы жолындағы жорығын жалғастырып жатқан еді. Сондықтан Юрий Михайлис алғашқы жаттығуын тек жергілікті хоккейшілермен ғана өткізуге мәжбүр болды. Кейіннен сәуірдің соңында барлық жарыстар өз мәресіне жетіп, алғашқы жиынға келе алмаған хоккейшілер елордада бас қосты.
Сөйтіп, толық құрамы жасақталған Қазақстан құрамасы 3 мамырда екінші оқу-жаттығуын өткізу үшін елордадан Латвия астанасы – Ригаға аттанды. Олардың қатарында ел чемпионы атанған қарағандылық клубтың ойыншылары – Саян Данияр, Михаил Рахманов, Эмиль Нұрғалиев және финалда ойнаған «Арланның» қақпашысы Илья Румянцев бар. Сонымен қатар Ригадағы «Даугава аренада» өткен алғашқы жаттығуға Кертис Волк («Автомобилист»), Виктор Сведберг («Авангард»), Джесси Блэкер («Автомобилист»), Магнитогорскінің «Металлург» клубымен бірге Гагарин кубогының финалына шыққан Павел Акользин де қосылды. Ал ЦСКА клубымен Гагарин кубогын жеңіп алған қорғаушы Даррен Диц бірер күн бұрын Ригаға келді.
Осылайша, әлем чемпионатында өнер көрсетуі мүмкін болған барлық ойыншылар ұлттық құраманың Ригадағы жаттығуына қатысып жатыр. Қазақстан құрамасы 8 және 9 мамырда Латвия хоккейшілерімен жолдастық матч өткізіп, 10 мамыр күні Финляндияға аттанады. Хельсинкидегі сегіз мың жанкүйер сиятын «Хельсинки» мұз сарайында өтетін «А» тобындағы ойындарда жерлестеріміз Дания, Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Италия және Франция құрамаларымен бақ сынайды. Ал «В» тобында жарыс қожайыны Финляндиядан бөлек, АҚШ, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Ұлыбритания және Аустрия құрамалары күш сынасады. Олар Тампередегі 13 мың адамдық «Нокиа Аренада» өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасы чемпионаттың топтық кезеңдегі алғашқы ойынын 14 мамыр күні елорда уақытымен сағат 15:20-да Дания хоккейшілерімен өткізеді. Ал 15 мамырда – Франциямен (19:20), 17 мамырда – Швейцариямен (23:20), 19 мамырда – Канадамен (23:30), 20 мамырда – Словакиямен (23:20), 22 мамырда Германиямен (19:20) ойнаса, топтағы соңғы ойынын 23 мамырда Италия (19:20) хоккейшілерімен өткізеді.
Өкінішке қарай, былтырғы әлем чемпионатында жасындай жарқылдаған қақпашы Никита Бояркин жарақатына байланысты бұл жолы ұлттық құрамаға көмектесе алмайтын болды. Юрий Михайлис оның орнына «Сарыарқаның» қақпашысы Денис Каратаевты шақырды. Сондай-ақ Михайлис Финляндияда Андрей Шутов («Барыс»), Сергей Кудрявцев («Южный Урал», Орск) және Илья Румянцевке («Арлан») сенім артады.
Қорғанысқа Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Валерий Орехов, Егор Шалапов («Барыс»), Джесси Блэкер («Автомобилист»), Даррен Диц (ЦСКА), Леонид Метальников («Адмирал»), Эмиль Нұрғалиев («Сарыарқа»), Виктор Сведберг («Авангард»), Иван Степаненко («Бейбарыс») жауапты болса, шабуылда Павел Акользин («Металлург»), Әлихан Әсетов, Дмитрий Гурков, Никита Михайлис, Егор Петухов, Кирилл Савицкий, Антон Сагадеев, Аркадий Шестаков («Барыс»), Кертис Волк («Автомобилист»), Максим Мұхаметов («Номад»), Дмитрий Гренц («Торпедо»), Саян Данияр, Михаил Рахманов («Сарыарқа»), Батырлан Мұратов (Rovaniemen Kiekko, Финляндия), Кирилл Панюков («Ак Барс»), Евгений Рымарев («Югра»), Роман Старченко (НСА) және Дмитрий Шевченко («Авангард») ойнайды.
Айта кетейік, әлем чемпионатына қатысатын хоккейшілердің соңғы тізіміне тек 25 хоккейші (22 алаң ойыншысы және 3 қақпашы) енеді.