Ресейлік кәсіпқой боксшы Дмитрий Бивол (20-0, 11 KO) кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы әйгілі T-Mobile Arena кешенінде өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде әлемнің шоқжұлдызы мексикалық Сауль «Канело» Альваресті (57-2-2, 39 KO) жеңіп, осы жылдың басты сенсациясын тіркеді. 12 раундқа жоспарланған кездесуде ресейлік боксшы қарсыласынан ұпай санымен басым түсіп, жартылай ауыр салмақта өзіне тиесілі WBA Super әлем чемпионы атағын үшінші мәрте сәтті қорғады.
Головкин-Мурата жекпе-жегінен кейінгі биылғы көктемнің басты айқасы саналған Канело-Бивол кездесуінде мексикалық боксшы мамандар тарапынан да, кәсіпқой бокста жиған тәжірибе жағынан да негізгі фаворит еді. Супер орта салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанып, 2019 жылы жартылай ауыр салмақта тағы бір ресейлік Сергей Ковалевтен WBO белдігін тартып алған Альварес қалайша бұл жекпе-жекте фаворит саналмайды?!
Бірақ көп жағдайда әлемнің мен деген боксшыларына шаршы алаңда статистикасы да, жылдар бойы жинаған тәжірибесі де көмектесе алмай жататын кездерді жиі байқап, көріп жүрміз. Жекпе-жекке қай боксшы жақсы дайындықпен келеді, көбіне сол боксшы жеңіске жететін. Бұл жолы да солай болды. Дмитрий Бивол бұл айқасқа жоғары дайындықпен келгені бірінші раундтың өзінде-ақ анық байқалды. Алғашқы үш минуттықта ресейлік боксшы белсенді қимылдап, бойы мен қолының ұзындығы арқасында арақашықтықты үнемі джеб соққысымен ұстап отырды. Ал Канело болса әдеттегідей, агрессивті түрде тез арада арақашықтықты қысқартуға, хук соққысының арқасында қарсыласының қорғанысын бұзып-жаруға, бүйрекке көп соққы жасап, арасында апперкот соққы жасауға тырысты. Мексикалықтың 12 раунд бойы қайталаған бар әрекеті осы ғана, басқа түк істей алған жоқ. Дұрысы, Бивол Канелоға артық қимыл жасатқан жоқ.
Алғашқы алты раундта екі боксшы да кезек-кезек басымдыққа ие болып, рингтің ортасын иеленуге тырысты. Бірақ кездесу орта тұсынан ауғанда Биволдың басымдығы байқала бастады. Канело шабуылға тек бір-екі соққымен ғана шықса, Бивол үнемі оған жауап ретінде қарсы шабуылда сериялы соққы жасап отырды. Оның ең ұтқан жері де осы – сериялы соққылары болды. Жекпе-жек соңында үш төреші де 115-113 ұпаймен жеңісті бірауыздан ресейлік боксшыға берді. Канело соңғы үш чемпиондық раундта тәуекелге барып, Дмитрийді нокаутқа түсіргісі келген-ді. Бірақ физикалық тұрғыда өте жақсы дайындықпен келген ресейлік боксшы мексикалықтың кез келген соққысынан сытылып шығып кетті.
Жекпе-жектен кейін сөз алған Дмитрий Бивол Канелоны жеңіп, Головкин-Альварес арасындағы үшінші жекпе-жектің өтуіне кедергі келтіргені үшін Эдди Хирннен кешірім сұрады. Яғни Хирннің жоспары бойынша, Головкин сәуірде Муратаны, Канело мамырда Биволды жеңіп, күзде көптің тілегі болған трилогияны ұйымдастырмақшы еді. Өкінішке қарай, Сауль тапсырманы орындай алмады.
Канело бұл айқаста жеңілгенін ашық мойындап, Дмитрий Биволдан реванш жекпе-жек сұрады. Өз кезегінде Бивол қарымта кездесуге дайын екенін және ендігі шартты өзі қоятынын айтты. Сөйтіп күзде трилогияны күткен жанкүйерлер Бивол-Канело реваншын тамашалайтын сияқты. Ал орта салмақтағы екі алыптың арасындағы үшінші айқастың түйіні осымен тарқаған секілді.