Жетінші мамыр күні кешке әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының Титов шағын ауданында болды деген атыстың видеосы тарап, жұртшылық дүрлікті де қалды.
Кейінірек белгілі болғандай, сол күні жергілікті сағат 19:45-те полиция департаментінің кезекші бөліміне шағын аудандағы Манап Көкенов көшесінің бойында орналасқан «Мейрамбек» азық-түлік дүкенінің алдында белгісіз адамды атып кеткендігі туралы хабарлама түскен.
Бір таңғаларлығы, жергілікті полиция оқыс оқиға туралы әлі ресми хабар таратқан жоқ. Олар енді брифинг өткізіп, қару қолданылған жағдайдың жай-жапсары, қолданылған шаралар туралы баяндамақшы болып отыр.
Ал әлеуметтік желідегі мәліметке сүйенсек, сол күні оқиға орнын қарау барысында М.Көкенов көшесінің бойында 1996 жылы туған бір азаматтың аңшы мылтығымен басына және №23 үйдің ауласынан 29 жастағы жігіттің «Макаров» тапаншасымен бетіне оқ тиген және аты-жөні анықталмаған тағы белгісіз азаматтың кеудесіне тапанша оғы тиген мәйіті табылған.
Сонымен қатар осы көше бойындағы №23 үйдің иесі, 1975 жылы туған қала тұрғыны мен 23 жастағы тағы бір азаматтың аяғынан жараланғаны анықталған. Атыста жараланғандар жедел жәрдеммен қалалық ауруханаға жеткізіліп, жедел-тергеу тобы іздестіру жұмыстарын қолға алыпты.
Сөз басында айтып өткеніміздей, оқиғаның анық-қанығы алда болатын брифингте белгілі болмақ.
Қызылорда