• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Мамыр, 2022

Интернет алаяқтығы тыйылмай тұр

919 рет
көрсетілді

Бас прокуратура «Сақ болыңыздар! Интернет алаяқтығы көбейіп барады», деп дабыл қағуда. Статистика бойынша, соңғы 5 жылда елімізде интернет алаяқтық фактісі 10 есе өскен. Мәселен, 2017 жылы елімізде алаяқтықтың осы түріне қатысты 2 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелсе, өткен жылы бұл сан 21 мыңға жеткен.

Азаматтардың әлеуметтік желі­лер­дегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы алаяқтық құрбаны болу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар қылмыскерлер онлайн қарыз алу жолымен және банк карталарынан ақша жымқырады. Алаяқтар көбіне құрбанына инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотерея­ны жарнамалайды.

Уақыт өткен сайын алаяқтардың ақша жымқыру әдісі күрделеніп барады. Алайда көп жағдайда алаяқ­тар­дың ойын іске асыруы­на азамат­тар­дың өздері де кінәлі. Өйткені олар алаяқтардың жаңа әдіс­те­рін білмейді. Интернеттегі жар­на­маға сеніп, оңай олжаға кене­лемін деп, опық жеп қалады.

Бас прокуратура осындай қылмыс­тар­ды азайту үшін цифрлы технологияларды енгізуді, қолданыстағы нор­­мативтік құжаттарды жетілдіруді, ІТ бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеуді көздейтін арнайы Жол картасын әзірледі. Алаяқтардың құрбаны болған адамдардың оқиғалары және интернет алаяқтары туралы фактілер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұрады.

Бұған дейін Жол картасын жү­зеге асыру аясында БАҚ-та 2 мың­нан астам ақпараттық материал жа­рия­ланған екен. Киберқылмысқа қарсы күрес орталығында да, оның аумақтық бөлімшелерінде де штат саны көбейген. Онлайн несие алу тәртібін қатаңдату мақсатында биометрика және ЭЦҚ қолдану міндетті болды.

Сонымен қатар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бір­ге заңсыз онлайн несиелер бо­йынша ақпарат алмасу туралы мемо­ран­дум жасалды. Бұл – интернет алаяқтарына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды бөлігі. Қа­зірдің өзінде алдын алу шаралары оң нәтижелерін беруде. Нақты мә­лі­мет­терге сүйенер болсақ, өткен жылмен салыстырғанда интернеттегі алаяқтық фактілерінің саны 7-ден 4,5 мыңға дейін (34%-ға) азайған. Ал сотқа жолданған істер саны – 808.

Өңірлерде осындай іспен ай­налыс­қан қылмыстық топтар да ұс­та­лып жатыр. Мысалы, жақында Шым­кентте өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған 5 адам қашықтан қол жеткізу бағдарламалары арқылы аза­маттарға несие беріп, несие қа­ра­жатын иемденіп отырған. Ал Жез­қаз­ғанда өзін банк қызметкерімін деп таныстырған алаяқ 65 жастағы қарияның атынан 1 миллион теңгеге несие рәсімдеп, оны тақырға отыр­ғызып кеткен. Қарағанды қа­ла­сының ІІБ Михайлов полиция бөліміне арызын арқалап келген зейнеткер 1 млн теңге көлемінде несие алмақ болып, қарыз рәсімдеуге кө­мек ұсынған сайттардың біріне х­а­бар­ласқанын айтқан. Кейіннен оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырған бір ер адам хабарласып, қариядан қажетті мәліметтердің барлығын алған. Түрін де көрмеген белгісіз, бірақ өте «сыпайы банк қызметкеріне» сенім артқан зейнеткер оған қарыз алу үшін қажетті мәліметтерді жібереді. Кейіннен өті­ніш берушінің атынан рәсімделген несиенің басқа біреудің шотына аударылғаны белгілі болады. Қазіргі таңда аталған факті бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру іс-ша­ралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері бұрын банк қызметкері болған 21 жастағы кү­дік­тіні ұстады. Ол тергеу барысында кінәсін толық мойындаған. Қа­рағандылық тәртіп сақшылары күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.

Дәл осыған ұқсас оқиға Жезқазған қаласының 41 жастағы тұрғынының басынан өткен. Оған белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Әңгіме барысында әлгі әккі «құрбанының» сеніміне кіріп алғаннан кейін оны түрлі қаржы мекемелерінен екі несие алуға көндірген. Осылайша алдымен бір мекемеден – 10, екіншісінен 2 миллион теңге қарыз алдырған. Ақ­шаны алғаннан кейін алаяқ қар­жыны басқа адамдардың шоттарына аударып, өзі ізім-қайым жоқ болып кетеді. Ал жезқазғандық тұрғын болса алаяқтың тұза­ғы­на түскенін тым кеш түсінген. Полицияға бар жағ­дайды баяндап берген жәбір­ле­ну­ші ірі кәсіпорындардың бірінде инженерлік-техникалық қыз­мет­кері болып жұмыс істейді екен. «Алаяқ­тардың әрекеттері туралы бей­не­роликтерді жиі қарайтынмын. Ескертулерге де құлақ түріп жүремін. Бірақ дәл сол алаяқтардың құрбаны боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті», дейді ол. Қазіргі таңда бұл факті бойынша да қыл­мыс­тық іс қозғалып, тергеу жүр­гі­зі­луде.

Полиция алаяқтықтың ең көп та­ралған тәсілдері азаматтарды сен­­діру, алдау немесе қорқыту се­кіл­­ді психологиялық әдістерге не­­гіз­­делгенін ескертеді. Көбіне-көп жә­бірленушілерді табуға қауіп­сіз­дік қызметінде немесе қаржы мо­ниторингі қызметінде жұмыс іс­тейтін банк қызметкерлеріне қа­тыс­ты болып жатады. Сол себепті де аза­маттар банк қызметкерлері өздерінің банктік шоттарында болып жатқан қандай да бір операциялар туралы телефон арқылы хабарламайтынын есте сақтауы қажет. Егер сіз алаяқ­тар­дың құрбаны болсаңыз, де­реу полицияға хабарласуыңыз қажет.

Осыған орай еліміздің Бас про­ку­­ра­­турасы «Ескертеміз, онлайн сау­­да жасайтын кезде күмәнді тран­­­зак­циялардан бас тартыңыз! Банк картасының деректерін, шот но­­мерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеңіз! Банктердің кү­мән­ді сілтемелерін ашпаңыз! Күмән туғызған сілтеме бойынша кі­ріп, ол жерге жеке мәліметтеріңізді енгіз­беңіз! Танымайтын адамға ақша аудармаңыз! Егер банк картаңыздан ақ­шаны заңсыз алып қойса, дереу банкке немесе полицияға хабар­ла­сы­ңыз!» деп ескерту жасайды.