Бүгін бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық төрт спортшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күндізгі сессияда Назым Қызайбай (50 келі) колумбиялық Ингрит Валенсиямен, Дина Жоламан (54 келі) испаниялық Мария Мадуэньо Кондемен, Римма Волосенко (60 келі) англиялық Шона Уитуэллмен жекпе-жекке шығады.
Кешкі сессия Дариға Шәкімова (66 келі) өзбекстандық Навбахор Хамидовамен кездеседі. Жекпе-жектер «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Әлем чемпионатына еліміздің атынан 12 боксшы барды. Олардың қатарынан әзірге алты боксшы шаршы алаңға шығып, оның төртеуі жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Әлем чемпионатында ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Валентина Хальзова (70 келі) жарыстың келесі сатысына шықты.
Ал Аида Әбікеева (63 келі) мен Надежда Рябец (75 келі) қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Әлем чемпионаты 20 мамырда аяқталады.