Құланқара, Бұланқара, Желмая сынды тұлпарлар тұяғының ізі қалған Алтайдың бөктерінде дүбірлі бәйге өтті. Отан қорғаушы және Жеңістің 77 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада 100 шақырымдық аламан, тай жарыс, жорға, аударыспақ, күрес, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен атбегілер, балуандар бақ сынасты.
Мереке күні атшабардың маңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Бұрқ-сарқ самауыр қайнады. «Той десе, қу бас домалайды» дегендей, таңмен таласа тұрған аудан жұрты ипподромға ағылды. Бұл уақытта көршілес Алтай ауданынан шыққан шабандоздар Ертісті жағалай шапқан. Мәре сызығына дейін 100 шақырым. Ертістен соққан таңғы самал сәйгүліктердің өкпесін аша түсті ме, бауыр жаза көсілді. 100 шақырымға шыдас бермей, жолдан шыққан қылқұйрықтылар да болды. Шаң қаптыра топтаса шапқандарды да көрдік. Мәрені бірінші қиып өткеніне су жаңа автокөлік тігілген. Бесінші келгенге де жүлде қомақты. Сондықтан да, аудан әкімінің жүлдесіне шабандоздар барын салды. Қатарласа жүрген бапкерлері «қамшы бас» десіп, қиқу қосты. Қалай дегенмен, бағы мен бабы келіскен сәйгүліктер көмбеге таяған сайын шабысқа шабыс қосты. Тұяқ дүбірі естіле сала, дүйім жұрт шуласты. Әне-міне дегенше, жирен қасқа қара үзіп мәреге бірінші болып ілінді. Самарлықтар бөріктерін аспанға атты. Күні кеше Президент Жарлығымен қайта құрылып жатқан Самар ауданының абыройын асқақтатқан ат – Руслан Шайырғазин есімді азаматтың тұлпары еді. Ырымшыл халық мұны жақсылыққа балады.
Бұдан кейін тай жарыс, жорға, ұшқыр бәйге мерекенің көрігін қыздырды. Ат десе, аламан десе, делебесі қозбайтын қазақ, қазақ па?! Көптен бері көңілді іс-шарада басы қосылмаған ел мәз-мәйрам, арқа-жарқа.
Балуандардың белдесуі де тартысты өтті. Жауырыны жерге тимеген Азат Смағұлов түйе балуан атанса, Рахат Нариманов екінші орын алды. Үшінші орынды Серікбол Қабдиев қанағат тұтты. Бәйгеден соң тақымы мықты, білегі қарулы жігіттер аударыспаққа шықты. Қарсыласын ат-матымен жұлып алған білектілерді де көрдік.
Жарыс соңында аудан әкімі Ділдар Қалиқан жүлдегерлерге сый-сияпаттарын табыстап, халыққа жылы лебізін білдірді, шараны ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты, жарысқа қатысқан атсүйер ағайынға сәттілік тіледі. Айта кетерлігі, күзге салым Катонқарағайда республикалық дәстүрлі тай жарысы өтеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы