• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2022

Ауыз судың азабынан арылар күн бар ма?!

374 рет
көрсетілді

Өңір тұрғындарын ауыз сумен қамту көрсеткіші 91,4 пайызды құрайды. Оның ішінде қажетті судың 31,9 пайызы ашық су көзінен алынса, 39,5 пайызы жерасты су көздерінен тартылады. Қала халқының – 99, ауыл халқының 84,2 пайызы таза сумен қамтамасыз етілген. Демек бұл орайда кезегін күткен мәселе шашетектен деп айтуға әбден болады.

Алдымен облыс орталығындағы қазіргі күні қалыптасып отырған жағ­дай­дың жайсыздығы туралы екпін түсіріп айтуға тура келеді. Әуел баста тәулігіне 21 мың текше метр суды тазалауға қуаты жетеді деп есептеліп салынған жалғыз станса сонау 1970 жылы пайдалануға берілген. Жарты ғасырдан астам жұмыс істеп тұрған бұл нысан 1986 жылы арнайы комиссияның шешімімен жарамсыз деп танылған. Жарамсыз болса да басқа амал болмағандықтан, әлі күнге дейін пайдаланылуда. Сол себепті қала халқы дұрыс тазартылмаған ауыз суды пайдалануға мәжбүр. Бұрын кейбір бірді-екілі бұлақ суы мен ұңғымаларды пайдаланса, кейінгі жылдары бұл су көздері де жабылып қалды. Су желісі бойында кішігірім апаттар да жиі орын алады. Өткен жылы мұндай оқыс оқиғалар көп кездескен. Өйткені жалпы көлемі 343,93 шақырымды құрайтын су құбырларының жартысына жуығы әбден ескірген, тат басқан.

Қала халқының көпшілігі пәтерлеріне сүзгі орнатып амалдағанымен, көктемгі қызыл су жүрген кезде краннан таза судың орнына кәдімгі қоймалжың лай ағатын да кездері де жиі. Қалаға су Шағалалы және Сергеев су қоймаларынан алынады. Оған қоса Шағалалы жерасты су көздері арқылы тәулігіне 5 мың текше метрден астам су келіп тұр.

Көкшетау халқы тұтынатын ауыз­ су­дың біршама мөлшері Шағалалы өзені­нің бойындағы су тоспасынан тартылады. Ертеректе Зеренді ауданының аумағын басып өтетін өзен жағалауына тым тақау жерлерге көптеген мал фермасы салынған болатын. Қар суы бар қоқысты өзен арқылы су қоймасына әкеліп құяды. Судың сапасыз болатындығы сондықтан. Ал қоймаға жиналған су кейін ауыз су ретінде пайдаланылады. Жаз айларында өзен жағасында, нақтырақ айтсақ, су тоспасында кір жуып, ит шомылдырып жүргендерді де кездестіруге болады. Жағдай дәл осылай қа­лыптасқан соң тазалық туралы тіс жаруға бола ма?!

Суды тазалауға тиісті стансаның әбден ескіруі себепті хлорды пайдалану мөлшері шамадан тыс көбейген. Ал оның адам ағзасына қаншалықты зиянды екені айтпаса да түсінікті. Стансаны жаңғыртуға мил­лиондаған қаражат та бөлінді. Алға­шында біршама екпінді басталған жұмыс бірте-бірте қожырап, кейін мүлде тоқтап қалды. 2011 жылы су желілерін, тазарту құрылғыларын жаңғыртып, кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге қуаты жететін су тазалау қон­­дырғысының құрылысы басталған бо­латын. Тапсырыс беруші қалалық әкім­дік­тің құрылыс бөлімі еді. Жұмысты AEGISinc жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 млрд теңгенің келісімшарты да жасалды.

Сол жылы қомақты қаржының 538,1 млн теңгесі игерілді. Мердігер ұйым цехтың, зертхананың ғимараттарын жарым-жартылай көтерді. Келесі жылы қалалық сот конкурс жұмысынан кінәрат тауып, жұмысты тоқтату туралы шешім шығарды. 2012-2013 жылдары конкурс қайта өткізілді. Бұл жолы «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі се­рік­­тестігі жеңімпаз болып танылды. 2013 жылы 181,24 млн теңгені игерілгенімен, әрі қарай әлдебір себептерге байланысты жұмыс тоқ­тады. Сөйтіп, қала халқы үміт еткен жоба аяқ­сыз қалды.

Қаладағы жағдай осындай болғанда, ауыл­да­ғы ауыз судың ахуалы туралы да ашы­а айтуға тура келеді. Өтпелі кезеңде ауыл адамдары су сапа­сын ешбір мекеме тексермейтін, ешкімнің жауап­кершілігіне алынбаған ұңғымаларды пайдаланды. Кейін ие қажет болғандықтан, ведомстволық мен­шікке өткізу мәселесі көтерілді. Соңғы 10 жылда өңірдегі 90-нан астам иесіз қал­ған су көздері ведомстволық мен­шік­ке өткізілді. Қазіргі таңда тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы бөлімдері мен әкімдік балансында 200-ден астам нысан бар. Санитарлық талаптарға сай су сапасы­на өндірістік бақылау жүргізілуде. Бірақ бә­рін бірдей қадағалау мүмкін емес тәрізді. Ай­та­лық, облыстағы су құбыр­ла­ры­ның жалпы ұзындығы – 6 109,5 шақы­рым. Осы көлемнің тұп-тура 56 пайызы әбден ескірген. Осы жылы қалалардағы су желілерін жаңғыртуға 0,9 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Оның 400 млн теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, облыстық бюджеттен 525,4 млн теңге бөлінген. Бес жоба қолға алынса, оның біреуі аяқталған. Қалған төрт жоба биыл толық бітеді деп күтілуде. Осылайша биылғы жылы ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, қалалардың халқын таза сумен қамтамасыз ету көлемі 95,3 пайызға жетпек. Жыл соңына дейін жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асқанда, көрсеткіш көлемі де арта түсуі әбден мүмкін. Сәл таратып айтатын болсақ, Щучье қаласындағы тозығы жеткен су желілерін жаңғыртудың төртінші кезеңі қолға алынуда. Оның жалпы құны – 2 964,7 млн теңге. Макинск қаласындағы су құбыры да уақыт тезінен шыдас бермей, жиі жарылып, қала тұрғындарын әбден әбігерге салып келді. Көнерген су құбырларын жаңғыртуға 263,1 млн теңге қаржы бөлініп, желіні жаңғырту көз­делуде. Дәл осындай жұмыс Ерейментау қаласында да қолға алынбақ. Ол жұмысқа да 323,9 млн теңге қаражат қарастырылған.

Биыл республикалық бюджетті нақты­лау­ға жалпы құны 709,5 млн теңге болатын екі жоба туралы ұсынылым жасалды. Әйтсе де қолдау таппады. Ал ауыз судың азабын тартқан халық әлі де үміттеніп отыр. Ауыл халқын таза сумен қамтамасыз ету үшін 2021 жылы 3,7 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Осы бағытта 6 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде Атбасар ауданындағы Бейіс хазірет, Целиноград ауданындағы Талапкер, Шұбар, Фарфоровый, Шортанды ауданындағы Раевка, Төңкеріс ауылдары бар. Тығырықтан шығатын тағы бір жол – суды тазалайтын блок-модульдар орнату. Өткен жылы өңірдегі 14 ауылға дәл осындай құрылғылар орнатылып, 13,4 мың адамның таңдайына таза су тиді. Ал осы жылы бұл бағытқа бөлінген қаржы көлемі үш есе өсті деуге болады. Барлық жоба жүзеге асқан кезде ауыл халқының 89,7 пайызы таза сумен қамтамасыз етіледі.

Таза ауыз су қажеттілігі туып отырған қал­ған көлемді қамту әлі де бірер жылға созылатын сыңайлы. Айталық, елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз етуді көз­дей­тін, жалпы құны 12,3 млрд теңгені құрайтын 28 жобаның тек жетеуі ғана мақұлданды. Қалған өңірлерді таза сумен қамту шегеріліп отыр.

Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесі талай жылдардан бері қолға алынып, қыруар қаражат бөлініп отырса да, өңірдегі 22 ауыл тұрғыны суды тасып ішуде. Мұның өзі қаншама қиындық тудыратыны белгілі. Салдары да салмақты. Ауыз судың тапшылығын тартып отырған шағын ауылдың тұрғындары кір жуып, кіндік кескен өңірден амалсыз көшуде. Бұл жай онсыз да күрделеніп отырған миграция мәселесін өршітуге себепші болып отыр. Нақтырақ айтсақ, ауыл халқының 15 пайызы су тапшылығын сезінуде. Демек, алдағы уақытта қолға алатын шаруаның ба­ғы­ты осы болуы керек.

 

Ақмола облысы