Гонконгтың жаңа көшбасшысы Джон Ли бүгінде әлем сыншылары мен сарапшыларының нысанасына айналды. Олардың бірі Гонконг халқынан қолдау таппай отырған Джон Ли Бейжіңге ғана үміт артқаннан басқа амалы жоқ десе, екіншілері соңғы кездері құлдырауға ұшыраған Гонконгты қайта қалпына келтіре алатынына күмәнмен қарайды. Лидің білім мен тәжірибесіне сүйене отырып, қандай басшы болатыны, қандай істер атқара алатынын, жалпы саяси тұлға ретіндегі күш-жігерін сынап, болжам жасауда.
Сингапур Ұлттық университетінің саясаттанушысы Ян Чонг «Джон Ли полиция қызметкері, құқық қорғаушы болған», дейді. Ол Ли мырзаның 2019 жылы Гонконгтағы наразылық шерулерін күшпен басуға белсенді қатысып, ұлттық қауіпсіздік туралы даулы заңның енгізілуін басқарғанын атап көрсетті. «Бұл Гонконгты басқаратын заң мен тәртіп «Бейжіңнің көзқарасы» деп аталатын саясат арқылы жүзеге асырылатынын аңғартып отыр», дейді Ян Чонг.
Джон Ли жаңа қызметке осы жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Алайда ол сайланғаннан кейін бірер күн өткен соң жаңа қызметіне кіріспей тұрып-ақ, бірнеше адамды жазалап үлгерді.
Өткен жылдың желтоқсанында полиция демократияны жақтайтын Stand News медиа ұйымына тексеріс жүргізіп, оның басшылығын тұтқындаған. Джон Ли құқық қорғау органының бұл әрекетін қолдайтынын мәлімдеді. Осылайша бір кездері Азиядағы баспасөз бостандығының шамшырағы болған Гонконгта көптеген тәуелсіз ақпарат агенттіктері жабылды. Ли мырза: «Кімде-кім БАҚ жұмысын өзінің саяси мақсаттары немесе басқа мүдделері үшін құрал ретінде пайдалануға тырысса және заң бұзса, әсіресе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмыс жасалса, ол баспасөз бостандығына зиян келтіруші болып саналады», деді. Жаңа көшбасшының осы сөзі мен әрекетіне қарап Доктор Цанг «Гонконг біріктірілген материк болуы ықтимал. 2020 жылға дейін болған ескі Гонконгтың қайта дүниеге келуі мүмкін емес», деп пікір білдірді.
44 беттен тұратын манифесте Джон Ли қаланы ашықтық принципімен басқаратынын және ұзаққа созылған тұрғын үй мәселесін шешуге уәде берді. Ол сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік туралы заңды күшейтетін өзгерістер енгізуді қуаттайтынын айтты.
Джон Лидің алдында Гонконгтың бизнес пен керемет қаржы орталығы ретіндегі мәртебесін қайта қалпына келтіру міндеті тұр, ол оны орындауға уәде берді. 2019 жылы Гонконг қаласында жиілеп кеткен зорлық-зомбылық, жаппай наразылықтар туристер мен инвесторларды үркіткені белгілі. Оған қоса COVID-19 пандемиясының қатаң шектеулері Гонконг экономикасын одан әрі әлсіретті. Eurocham мәліметтеріне сүйенсек, биылғы 1 ақпаннан бастап Гонконгтан 130 мың адам көшіп кеткен. Жұмыс берушілер қалаға жұмыс күшін, әсіресе жастарды тарту қиынға соғып отырғанын айтады. Сонымен қатар Еуропалық кәсіпорындардың жартысына жуығы және Гонконгтағы АҚШ кәсіпорындарының 44 пайызы келер жылы көшуді қарастырып жатыр.
Қырық жылдан астам уақыт полицияда қызмет еткен Ли мырза бизнес пен мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар бұрынғы басшылардан өзгеше мансаптық жолымен ерекшеленеді. Сондықтан сарапшылар оның Гонконгтың беделін қалпына келтіре алатынына күмәнмен қарап отыр.
Сонымен қатар Ли мырзаның саяси жоспары оның Қытайдың COVID-19 нөлдік саясатына сәйкес келе ме деген сұрақтың жауабы да белгісіз қалды. Өйткені Гонконг коронавирустың ең күрделі жағдайымен күресіп жатыр. 2022 жылдың бірінші тоқсанында ғана қалада 5 600 өлім тіркелді, бұл пандемияның алғашқы екі жылындағы көрсеткішке қарағанда бірнеше есе көп. Қаланың қарт тұрғындары вакцина алуға құлықты емес, сол себепті қайтыс болғандар саны күн сайын өсуде. Осы орайда профессор Стив Цанг «Си (Қытай Төрағасы) нөлдік ковидті көрсеткішін талап етіп отырған кезде Ли мырза оның тиімді жолын тауып жүзеге асыруы әбден мүмкін», дейді. Ал өзге сарапшылар нөлдік ковидке жету – Ли мырзаның ел шекарасын қайта ашу туралы уәдесі мен әрекетіне қайшы келетін мақсат деп санайды. Доктор Ян Чонг «Ли мырза шектеу шараларын күшейткен Гонконг шекарасын қайта ашуға ниетін білдірді, бірақ нөлдік ковид көрсеткішімен қарама-қайшы келетін талапты қалай және қай уақытта үйлестіретіні белгісіз», дейді.
Тарихқа көз жүгірсек, Гонконгтың бөлінуі Ұлыбритания мен Қытай арасындағы апиын соғыстары (1839-1860) салдарынан орын алған. Әскери және сауда қақтығыстары кезінде Қытай Гонконг аралы мен Коулунның бір бөлігін Ұлыбританияға беруге мәжбүр болды. 1898 жылы Ұлыбритания Гонконгты 99 жылға жалға алады. Жалға алу мерзімі 1997 жылы аяқталғанда Ұлыбритания Гонконгты Қытайға «Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік аймағы» деп аталатын ерекше әкімшілік аймақ ретінде қайтарып береді. «Бір ел, екі жүйе» доктринасы бойынша саясатпен өмір сүрген халық Джон Лидің саяси қадамдарын қалай қабылдайтынын алдағы уақыт көрсетпек...