ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының Сарапшылар кеңесінде елдегі саяси және құқықтық реформалар талқыланды. Дөңгелек үстел басына жиналған заңгерлер мен ғалымдар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған ауқымды саяси жаңғырту бағдарламасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сарапшылар кеңесінің мүшелері Ата Заңның 33 бабына енгізілетін түзетулерге қатысты пікірлерін білдіріп, қазіргі жүргізіліп жатқан үгіт-насихат, халықты ақпараттандыру жұмыстарына кеңінен тоқталды. Кеңес мүшелері – заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Есберген Алауханов пен Раиса Юрченко Қылмыстық кодекстің 11-бабында көрсетілген өлім жазасына тыйым салынғанын атап өтіп, мұндай жаза түрінен көптеген әлем елдерінің бас тартқанын алға тартты.
«Ауыр қылмыс жасаған адамдар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұл заңдағы ең ауыр жаза болып қала береді. Мұндай жазаға тартылғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынады. Қазір қоғам өзгерді. Сәйкесінше заң да өзгереді. Біз зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Ата Заңымызда көрсетілгендей қоғамның әрбір мүшесінің құқықтық сауаты, құқықтық мәдениеті өте жоғары болуы керек», деді Есберген Алауханов. Сонымен қатар, сарапшылар Конституцияға енгізілетін өзгерістер ішінде Конституциялық, Жоғары және де өзге судьяларға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және төрағасы болуға, әскери, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері, құқық қорғау органдарында қызмет ететіндерге саяси партияларға кіруге, кәсіби одақтарға тіркелуге, саяси партияның үгіт-насихат жұмысына қатысуға тыйым салынатындығын айтып, осы өзгерістерге қатысты ой-пікірлерін білдірді.
Жиын соңында Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері мен сарапшылары Мемлекет басшысының мақұлдаған заң жобасын осы жылдың 5 маусымында өтетін республикалық референдумға шығару туралы шешімін бірауыздан қолдады.
Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, жоғары оқу орындары мен Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері қатысты.