• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Хоккей 16 Мамыр, 2022

Шабуылшы азусыз, қорғаушы қауқарсыз болса...

275 рет
көрсетілді

Финляндия астанасы – Хельсинкиде шайбалы хоккейден 85-ші әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Суоми елінің Тампере мен Хельсинки қалаларында ұйымдастырылып жатқан дүниежүзілік додаға төрткүл дүниенің ең үздік деген 16 командасы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының жігіттері де бар.

Қазақстандық хоккейшілер элиталы дивизионның әлем чемпионатына қатысу құқығын 2019 жылы елордада өткен бірінші диви­зионның чемпионатында же­ңіп алған болатын. Содан бері, міне, биыл қатарынан екінші жыл жоғары топтың додасына қаты­сып жатыр. Төртжылдық үзі­лістен кейін (Қазақстан ең соңғы рет 2016 жылы Ресейдегі әлем чемпио­натына қатысқан) былтыр Латвиядағы біріншілікте өнер көр­сеткен хоккейшілеріміз жалпы есепте 10-орынға табан тіреп, 10-шы мәрте элиталы дивизионның әлем чемпионатына қатысу мүм­кіндігін сақтап қалды.

Юрий Михайлис шәкірттері биылғы байрақты бәсекеде тәуір өнер көрсету үшін мұз үстіндегі дайындықтарын ерте бастаған-ды. Алғашқы оқу-жаттығу жиынын елордада өткізіп, кейіннен екінші бөлігін Латвияда жалғастырды. Рига­дағы дайындық аясында жер­гілікті хоккейшілермен екі мәрте жолдастық матч ойнап, екеуінде де ірі есеппен жеңіліп қалды. Ең өкі­ніштісі, сол ойындарда ұлттық құраманың негізгі хоккейшілері Евгений Рымарев (шабуылшы) пен Иван Степаненко (қорғаушы) қарсылас командалардың ойыншыларымен соқтығысып, ауыр жарақат алып қалды. Салдарынан екеуі де әлем чемпионатына қа­тыса алмайтын болды. Сондай-ақ был­тырғы додада жұлдызы жан­ған қақпашы Никита Бояркин де жа­рақатына байланысты құрамаға кө­мектесе алмайтыны әуелден бел­­гілі еді. Соңғысының құрамада жоқ­­ты­ғы алғашқы ойында қатты білінді.

Дегенмен жыл өткен сайын ұлттық құрамада қазақ жігіттерінің қатары артып келе жатқаны көз қуан­тады. Бұған дейінгі дүние­жүзілік біріншіліктерде ең көп дегенде бір ғана қандасымыз өнер көр­сетсе, биыл олардың саны төр­теуге жетті. Атап айтқанда, Саян және Самат Данияр, Әлихан Әсетов пен Әділ Бекетаев. Кешегі Даниямен өткен алғашқы ойында қорғаушы Самат Данияр Қазақстан құрамасы сапындағы матчтың ең үздік ойыншысы деп танылды.

Жерлестеріміз Финляндиядағы тұсаукесер кездесуін Хельсинкидегі «Мұз сарайы» спорт кешенінде Бейжің Олимпиадасының плей-офф кезеңіне дейін жеткен Дания құрамасымен өткізіп, ірі есеппен жол берді – 1:9. Біздің жігіттер осы чем­пионатқа дайындық ба­ры­­сында, жоғарыда айтып өт­ке­німіздей, небәрі екі-ақ бақылау матчын өткізсе, даниялық хоккей­шілер сегіз жолдастық кездесуде мұзайдынға шыққан. Дания құрамасы алғашқы төрт ойында Финляндия мен Швециядан екі мәртеден жеңілсе, кейіннен Нор­вегия құрамасынан бір ойын­да ұты­лып, екіншісінде басым түскен. Ал соңғы екі кездесуінде Ұлы­ри­тания хок­кейшілерінен айласын асыр­ған.

Осылайша, финляндияға өте жоғары дайындықпен келген Дания құрамасы Қазақстанмен өткен матчтың тағдырын алғашқы бес ми­нуттың ішінде-ақ шешіп тастады. Сегіз мың жанкүйерге шақтап салынған «Мұз сарайындағы» кездесудің есебі 3-минутта ашылды. Шайба авторы – Патрик Бьоркстранд. Кейінгі екі минутта Феликс Шеель мен Йоаким Блик­фелд мергендігімен көзге түсіп, таб­лодағы көрсеткішті – 3:0-ге жет­кізді. Үш голдан кейін ес жию қиын болса да, қазақстандық хок­кей­шілер бірте-бірте ойын тіз­гінін өз қолдарына ала бастады. Тіпті қарсылас қақпаның ма­ңайын­да бірнеше қауіпті шабуыл ұйым­дастырғанымен, гол соға алмады.

Екінші кезеңді де даниялықтар сәтті бастап, қақпамызға жауапсыз тағы да төрт шайба соқты. Гол­дың авторлары – Фредерик Шторм (23-минут), Юлиан Якоб­сен (27), Йоаким Бликфелд (30) және Оливер Ларсен (40). Юрий Михайлис қарсыластар бесінші шай­басын соққаннан кейін қақ-п­ашы Андрей Шутовтың орнына Илья Румянцевті шығарды. Алай­да Қазақстан құрамасын «Ар­лан­ның» қақпашысы да ірі жеңі­ліс­тен құтқарып қала алмады. И.Ру­­мян­цев те матч соңына дейін өз қақ­­пасына төрт шайба өткізіп алды.

Үшінші кезең бастала сала Петер Регин (41) командасының сегі­зінші шайбасын салса, арада 10 минут өткенде Йоаким Бликфелд хет-трик жасап, өз командасы ша­буылының нүктесін қойды. Тек кездесу соңына қарай, яғни 59-минутта Кирилл Савицкий Қазақстан құрамасының осы матчтағы және турнирдегі алғашқы голын соқты. Матч барысында Валерий Орехов, Кертис Волк пен Егор Петухов және Әлихан Әсе­товтерде есепті қыс­­қартуға тамаша мүмкіндік бол­ған еді. Алайда жерлестеріміз оның бірде-біреуін жүзеге асыра алмады.

Қазақстан мен Дания құрама­лары ең кейінгі рет 2016 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатын­да мұзайдында кездесіп, сол кезде де даниялықтар мықтылық танытқан еді – 4.1.

Қазақстанды ірі есеппен қапы қалдырған Дания құрамасы «А» тобында көш бастады. Алғашқы турда Италияны 5:2 есебімен жең­­ген Швейцария екінші, ал Гер­­манияны 5:3 есебімен ұтқан Кана­да құрамасы әзірше үшінші орынға жайғасты. Бірінші турда Германиядан жеңіліп (1:2), екінші турда Францияны 4:2 есебімен қапы қалдырған Словакия турнир кестесінде төртінші орында, бір жеңісі бар Германия бесінші сатыда тұр. Чемпионатты сәтсіз бастаған Франция, Италия және Қазақстан құрамалары соңғы орын­дарға тұрақтаған.

«B» тобында алғашқы екі күн­нің қорытындысы бойынша, жарыс қожайындары алты ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады. Финляндия алғашқы турда Латвияны (2:1), екінші турда Нор­вегияны (5:0) жеңді. Кейінгі орын­дарды бір-бірден жеңісі бар Чехия (Ұлыбритания – 5:1), АҚШ (Латвия – 5:1) және Швеция (Аус­трия – 3:1) құрамалары өзара бөлісіп тұр.

Қазақстан құрамасы кеше кешкісін екінші ойынын Фран­циямен өткізді.