Жаз қабағы жадырай қоймаса да, кене шағу дерегі күн сайын дерлік тіркелуде. Эпидемиялық кезең басталғалы облыста кене шағудың 90 дерегі тіркелген. Бір өкініштісі, оқыс оқиғаның жартысына жуығы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алып отыр.
Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, кене шағу кесапатының 1,8 есеге көбейіп, балалар арасында 2,9 есе ұлғайғанын айта кеткен артық болмас. Өңірде орын алған оқиғалардың дені Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарының еншісінде.
– Кене энцефалиті бойынша эпидемиялық ахуал Сандықтау ауданында ушығып тұр. Бұл ауданда соңғы екі жылда бірнеше дерек тіркелді. Жыл сайын селолық округтер маңында зиянкестерді улап, жою жұмыстары жүргізілгенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
Кенеден кесел келмес үшін осы жылы 1 200 сынама зерттеліп, нәтижелері дұрыс болды. Әрине денеңізге улы жәндіктің тұмсығы тисе, бірден медициналық көмекке жүгінген жөн. Онда да мамандардың айтуына қарағанда, кешікпеген абзал. Сәуір айынан бері қапылыста кене шағып, зардап шеккен ондаған адам медициналық көмекке жүгініп, 67-сі иммуноглобулинмен алдын алу емдерін жасаған. Өз денсаулығына немкетті қарап, ем қабылдаудан бас тартатындар да кездеседі. Бұл арада оқырманның есіне сала кететін бір жай, егер кене жұқпалы ауруды тасымалдаушы болса, онда адам ауыр науқастарға шалдығуы әбден мүмкін. Түсінікті болуы үшін сәл таратып айта кетелік. Мамандардың айтуына қарағанда, кене энцефалиті өте қауіпті. Адам ағзасында жылдам дамып, жүйке жүйесін зақымдауы әбден ықтимал. Алғашқы белгілері апта аралатып қана пайда болады екен.
Табиғат аясында демалушылардың қаперінде қорғаныш мәселелері жүргені жөн. Ал ауыл шаруашылығының еңбеккерлері осы қауіптің бел ортасында жүр. Кенеден келер кесапаттан сау қалу үшін сақтану артықтық етпейді.
Ақмола облысы