• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.66
  • EUR:
    475.14
Басты сайтқа өту
Теннис 16 Мамыр, 2022

Халықаралық турнирлерде топ жарды

139 рет
көрсетілді

Қазақстандық жас теннисшілер ше­т­ел­дерде өтіп жатқан бірнеше ха­лық­аралық турнирде чемпион атанды.

Мәселен, Ыстанбұлда ұйымдастырылған төртінші санаттағы ITF Juniors додасында Асылжан Арыстанбекова мен Айя Нұпбай жұптық сында топ жарды. Олар финалда қазақстандық Карина Жұмажанова мен мысырлық Мариам Ибрахимді 6:1, 6:2 есебі­мен ұтты. Бір апта бұрын Асылжан мен Айя Ыстан­бұлдағы тағы бір жарыста үздік шыққан еді.

Ал Душанбеде 18 жасқа дейінгі теннис­шілер арасында өткен дәл осындай халықаралық турнирде Артур Хайрутдинов пен Ислам Орынбасарға тең келер ешкім табылмады. Олар соңғы бәсекеде Беларусь өкілі Артем Алексейчук пен Герман Думшеден айласын асырды – 6:2, 7:5. Осы жарыста Исламның абсолютті чемпион атанатындай мүмкіндігі болған еді. Алайда ол жекелей сынның финалында ресейлік Олег Колниновқа жол берді.

Сондай-ақ Словениядағы 14 жасқа дейінгілер арасындағы Tennis Europe – Grawe Open сериясымен өткен додада Дамир Жалғасбай жұптық сында чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ол украиналық Никита Белозертцевпен бірге финалда жарыстың алтыншы ракеткалары, швециялық Линус Андерсон пен даниялық Мадс Брунхабиді жеңді – 4:6, 6:2, 10:4.