• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Мамыр, 2022

Семіздіктің бала болашағына зардабы көп

729 рет
көрсетілді

Жасы ұлғайған сайын артық салмақ жинап, түрлі ауруды жамап, ахуалын қиын­датып алатын адамдар аз емес. Ал семіздікке ерте жастан ұшырау бұл дерт­пен бірге дендейтін ауруларды асқындырып, өскелең ұрпақтың денсау­лығына зор зиян келтіреді. Сондықтан балалардың тал бойына әуелден баса мән беріп, дұрыс тамақтануын, физикалық қозғалысын жіті қадалаған жөн.

Қазақстанда балалардың се­міз­дігіне мониторинг жүр­гізу­дің ұлттық жүйесі жұмыс істейді. Балалардың артық және жеткіліксіз дене салмағының таралуын қадағалау халықаралық бақылау стандарттарына сәйкес келетін өлшемдер мен сауалда­ма­лар жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл зерттеуді ДДҰ-ның Балалар семіздігін эпидемио­ло­гиялық қадағалау жөніндегі бастамасы (COSI) шеңберінде біздің елде Денсаулық сақтау министр­лігінің Қоғамдық ден­саулық сақтау ұлттық орта­лығы жүргізеді. 4-5 жылда бір жүр­гізілетін бұл зерттеу соңғы рет 2020 жылы жасалған. Бұл ретте аталған орталықтың басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақовамен сөйлесіп, біраз мәліметке қанықтық.

– Кейінгі зерт­теу­ қо­­ры­­тын­дысы бойынша 6-9 жас­та­ғы балалардың ішінде артық салмағы бар балалардың үлесі 20,6%-ды құрады. Ал 6,6% бала семіздікке шалдыққан, оның ішінде шамадан тыс семіздікке шал­дыққан балалардың үле­сі – 1,6%. Зерттеу барысында өңірлердегі ахуалды бағам­да­ғанда солтүстік өңір­лердегі балаларда семіздік көп­теп кезде­се­тіні байқалған. Бұған әсер еткен бір фактор ре­тінде осы өңір­­лердегі бала­лар­дың кө­кө­­­ністер мен жеміс-жидекті аз тұты­­натынын айтуға болады. Сондай-ақ жалпы балалар ара­сында таңғы ас ішу едәуір жоғарылаған және физикалық белсенділік аз. Мысалы, спорт және би секцияларына қатысатын балалардың үлесі – 30,1% ғана, яғни қалғанының бәрінде бел­сенді қозғалыс аз. ДДҰ-ның ұсы­ны­мы бойынша бала күніне 1 сағаттан артық белсенді қозғалу керек. Ал біздің елде дәл осынша уақыт күнделікті дене бел­сен­ділігімен айналысатын бала­лар­дың үлесі 86,8%-ды құрап отыр. Бұған қоса балалардың 33,9%-ы күніне екі сағат немесе одан да көп уақытты теледидар мен басқа да электрон­ды құ­рылғылар экранының алдында өткізе­ді, – деді Ж.Қалмақова.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығы өкілінің кел­тірген дерегі бойынша, бала­лардың семіздігіне ықпал ете­тін факторлар қатарында тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну аталады. Атап айтқанда, балалар­дың 16,7%-ы күн сайын тәтті сусындарды ішеді, ал 30,8%-ы аптасына 4-7 күн ішеді екен. Сондай-ақ аз қозғалатын, экранға телмірген балалардың ұйқы­сы да жеткіліксіз екен. Мысалы, 35,7% ба­ла тәулігіне 9 сағаттан аз ұйық­тай­ды.

Сонымен қатар семіздікке қыз­дарға қарағанда ұлдар көбі­рек шалды­ғады екен: артық салмағы бар қыздардың үлесі – 17,6%, ұлдардың үлесі – 23,6%. Бұған қоса ауылдық жерлерге қара­ғанда көбіне қалада тұратын ба­лалар толып кетеді: артық сал­мақ­тағы ауыл балалары – 17,5%, қала балалары – 23,1%.

Жақында Денсаулық сақтау министр­лігінің Сани­тариялық-эпиде­мия­лық бақы­лау ко­ми­теті балалар арасындағы се­міз­­діктің алдын алу бойынша жаңа мағ­лұ­матпен бөлісті. Сол ақпаратқа сүйенсек, Ақ­төбе облысында өткен жылы 14 жасқа де­йінгі балаларда 75 семіздік ауруы тіркеліпті. Бұр­на­ғы жылы бұл дертке 89 бала шалдыққан.

«Бұл топтағы балалардың се­міздіктің таралу деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 28,7 көр­сет­кішті құрайды (2020 жылы – 34,1). 0-14 жас аралығындағы балалардағы семіздіктің таралу деңгейінің көрсеткіші айтар­лық­тай төмендеуіне қарамастан, Мұғалжар (42,4) және Темір аудандарында (41,0) семіздіктің таралу деңгейінің өскендігі бай­­қалады. Сонымен қатар ба­ла­­лардың семіздік бойынша ауру­­шаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда облыстық көрсеткіштен (28,7) Ақтөбе қала­сын­да (41,3), Мұғалжар ауданында (42,4) және Темір ауданында (41) асып түсті», делінген аталған ақпа­ратта.

Статистика бойынша, толық балалар­дың 30-80%-ы өсе келе толық ересектерге айналады. Се­мі­здіктің қауіптілігі – оның көп­теген созылмалы жұқпалы емес аурулардың пайда болу қау­­пін едәуір арттыруында. Мы­са­лы: созылмалы жұқпалы емес аурулардың ішінде диа­бет­тің 44%-ы, жүректің ишемиялық ауруының 23%-ы, онкологиялық аурулардың 7-41%-ы семіздіктен туындайды. Оның үстіне бала­лық шақта болған семіздік ересек жастағы жүрек-қантамыр ауруларының, ортопедиялық мәсе­лелердің, психикалық бұзы­лыс­тар мен денсаулықтың басқа бұзылыстардың даму қаупін арттырады. Артық салмағы бар балалар мен жасөс­пі­рім­дердің 80%-ға жуығында артериал­дық қысым бар, 25%-ы диабет алды, 35%-ы бауырдың майлық ауруына шалдыққан.

«Ауру – астан» дегендей, сан алуан аурудың себебі семіздікке соқ­тыратын ең алдымен бұл – дұрыс тамақтанбау. Сондықтан ата-аналар балаларының дені сау, болашағы жарқын болып өсуі үшін осы мәселеге баса мән беру керек. Бұл үшін, мамандардың айтуынша, калориясы жоғары және құндылығы төмен өнім­де­рді тұтынуды реттеуді қолға алу маңызды.

Бұған қоса ата-аналар кішкен­тай­ла­ры­ның дене белсен­ділігін арт­тыруды қа­перде ұстаған дұ­рыс. Бұл ретте мамандар теледидар көру, гаджетпен ойнау, интернет қарау шегін күніне 2 сағаттан асыр­маған жөн екенін айтады. Сондай-ақ балалардың аула ойындарын, футбол, баскетбол сияқты ойындарды ұдайы ойнауына мүмкіндік жасау керек.Әрине, ата-ана балаға сөзімен емес, ісімен үлгі болғаны аб­зал. Бұл ретте аталған дағдыларға үлкен­дер тарапы да бейім болып, ерік-жігерін көр­сетуі маңызды. Бастысы, балалардың болашағы өз қолымызда екенін ұмытпаған жөн.