• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Хоккей 17 Мамыр, 2022

Франциядан да жеңілді

126 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Финлян­дияда өтіп жатқан элиталы дивизионның әлем чемпионатында қатарынан екінші матчта жеңіліп, өз жанкүйерлерін тағы да жерге қаратты. Юрий Михайлис шәкірттері топтық кезеңдегі екінші тур ойынын Франция хоккейшілерімен өткізіп, 1:2 есебімен қарсыластарына жол берді.

Чемпионаттың алғашқы турында Даниядан ірі есеппен (1:9) жеңілгеннен кейін де ұлттық құ­раманың бас бапкері Юрий Ми­хайлис Свед­берг – (Самат) Да­нияр, Шев­ченко – Шестаков – Аколь­зин бестігіне сенім біл­діріп, алғашқы ми­нуттан бас­тап мұ­зайдынға шы­ғарды. Тек екінші бестіктегі шабуылшы Михаил Рахмановтың орнына төртінші бес­тіктің ойыншысы Кирилл Па­ню­ковты шығарса, қорғаушы Әділ Бекетаев Егор Ша­лаповты ауыс­тырды.

Десе де, кездесудің бас­тапқы минуттарында қазақ­стандық хок­кейшілер белсенді ойнап, бірнеше қауіпті шабуыл ұйым­дастырды. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Ойын­­­ның алтыншы минутында Никита Михайлистің оң қап­­тал­дан берген шайбасы қар­­сылас команданың үш ойын­шысының арасынан өтіп, қорғаушы Валерий Ореховтің конькиіне тиіп, қақпадан табылды. Алайда Франция құ­рамасының бапкерлері біздің ойын­шы шайбаны конькимен соқты деп төрешілерге шағым тү­сірді. Бей­неқайталаудан кейін төре­ші­лер шайба ойын ере­жесіне сай соғылғанына көз жеткізіп, Оре­ховтің голын есепке алды.

Алғашқы кезең 1:0 есебімен Қазақстан құрамасының пай­­дасына аяқталғанымен, Ан­дрей Шутов қы­рағылық та­нытпағанда, бірінші 20 минут тең есеппен аяқталуы мүм­­кін еді. Әйткенмен, фран­ция­­лықтар бірінші кезеңде сала алмаған шайбасын екінші кезеңде артығымен соқты. 32-минутта Алек­сандр Тексьер мер­гендік танытып, таразы басын теңестірсе, екінші ке­зеңнің аяқталуына 25 секунд қалғанда сан басымдығына ие болған «үш жолақты» елдің хок­кейшілері қақпамызға екін­ші шайбасын то­ғытты. Гол­­дың авторы – Флориан Шакиашвили. Шешуші, соңғы ке­зеңде Қазақстан құрамасы есепті теңестіруге қанша ты­рыс­­­қанымен, оларынан еш нәтиже шығара алмады. Қоры­тынды есеп – 1:2.

Осылайша, алғашқы турда Словакиядан (2:4) жеңіліп, Қазақ­станды бір шайба айыр­масымен ұтқан Франция ал­ғашқы үш ұпайына қол жет­кізіп, «А» тобының турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді. Ал қатарынан екі ойында жеңіліп, бірде-бір ұпай ала алмаған жерлестеріміз соңғы, сегізінші орында тұр. Же­тінші орындағы Ита­лия құ­­рамасының еншісінде де ұпай жоқ. Алайда олар шайба айырмашылығымен ғана біздің алдымызды орап тұр. Қазақстан мен Италия арасындағы топтық ке­зеңнің соңғы турындағы ойын екі құраманың қайсысы элиталы дивизионда қалатынын, қайсысы бірінші дивизонға төмендейтінін анықтап беруі ық­тимал. Мұнда да егер Ита­лия мен Қазақстан қалған ойындарында ұпай ала алмаса.

«Бүгін біз бірінші матч­қа қара­ғанда тәртіпті ойын өт­кіздік. Бірінші ке­зең біз үшін жақсы бас­та­лып еді. Дер кезінде қор­ға­ныстан шабуылға шығып, мұзайдынның бос ке­ңіс­тік­терін тиімді пайдаланып жат­тық. Хоккейшілер де қар­­сыластың ойыншылары­нан ашылып, бір-бі­рін тү­сі­нісіп тәуір ойын көр­сетті. Өкі­нішке қарай, екін­ші ке­зеңде басымдықты қар­сы­­лас­тарға беріп қойдық. Үшін­­ші кезеңде кездесудің бағытын өзгертуге тырыстық. Көп қы­сым жасадық. Бірақ нә­­тиже бол­­ған жоқ», деді Юрий Ми­хайлис матч­тан кейін.

Топтық кезеңнің екінші тур ойындарынан кейін «А» тобын­да Швейцария мен Канада хок­кейшілері 6 ұпаймен турнир кес­тесінде көш бастады. Швейцария құрамасы екінші турда Данияны 6:0 есебімен жеңсе, Канада Италияны 6:1 есебімен ұтты. Алғашқы турда Канададан жеңілген Германия бұл турда Словакиядан 2:1 есе­бімен басым түсіп, алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Екін­ші турдан кейін үш ұпай олжалаған Дания, Словакия, Германия және Франция құра­малары 3-6 орындарға жай­ғасқан.

«B» тобында да екі турдан кейін жарыс қожайыны Финляндия, сон­дай-ақ Че­хияны 3:5 есебімен ұтқан Шве­­ция хоккейшілері алты ұпаймен бірінші және екінші орындарды бөлісіп тұр. АҚШ құрамасы Аустрияны овертаймда (3:2) жеңіп, үшінші орнын сақтап қалды. Буллит сериясында Ұлыбританиядан айласын асырған Норвегия чем­пио­наттағы бірінші жеңі­сіне қол жет­кізді. Екі ұпай ол­жалаған нор­ве­гиялықтар турнир кестесінде ал­тыншы орынға көтерілді. Бірде-бір ұпайы жоқ Латвия әзірге соңғы орында тұр.

Қазақстан құрамасы бүгін топтық кезеңдегі үшінші турда плей-офф кезеңіне өтуге бірден-бір үміткер Швейцария хоккейшілерімен ше­берлік байқасады. Екі құрама ең кейінге рет 2016 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында кездесіп, жер­лестеріміз буллит сериясында 3:2 есебімен басым түскен болатын. Негізгі уақыттағы екі голды да Роман Савченко салған еді.