• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2022

Лай көшкіні балдырған қыздың өмірін қиып кетті

514 рет
көрсетілді

Апаттың айтып келмейтіні анық. Күні кеше Текелі қаласында лай көшкіні болып, табиғи жағдайдың соңы ауыр қазамен аяқталды.

Жексенбі күні түс мезе­тінде бол­ған лай көшкіні қаланың Қонаев кө­шесіндегі 5 үйді бірден басып қалған. Бір үй толығымен батпақ үйін­дісінің астында қалып, жермен жексен болды. Өкінішке қарай, дәл осы үйдегі 5 жасар балдырған қыз құлаған үйдің астында қалып, шейіт кетті.

Төтенше оқиға туралы хабар жетісі­мен Текеліге Ал­маты облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов бастаған топ жедел жетті. Оның же­тек­шілігімен облыстық жедел штаб құрылды. Штаб жұ­мысына облыстық төтенше жағдай департаментінің бас­шылығы, облыс әкімінің орын­басары Батыржан Бай­жұ­манов және облыстық по­ли­ция департаментінің қыз­меткер­лері жұмылдырылды. Мамандар адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, із-түзсіз жо­ғалған баланы іздеуге барын салды. Із кесуге иісшіл ит те қосылды. Алайда 6 сағат бойы жүрген іздеу жұмысынан соң 2016 жылы туған қыздың денесі табылды. Шетінеген балдырғанды көш­кіннен құ­лаған үй басып қалған екен.

– Өткен жексенбі күні түс кезінде Текеліде лай көшкіні болды. 5 үй батпақ үйіндісінің астында қалып, соның ішін­де бір үй толығымен қираған. Осы үйдегі 5 жасар балдырған із-түз­сіз жоғалып, оқиға орнында учаске­лерге бөлініп, арнайы мамандар мен құт­қарушылар жұмыс істеді. Іздеу жұ­мы­сына кинологиялық қызметті жұ­мыл­дырғаннан кейін үйінді арасынан қыздың денесі табылды. Қазір лай көшкінінен зардап шеккен отбасылар уа­қытша мекенге орналасты­рылды және басқа да қажетті көмек көрсетілуде. Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Соның нәтижесі бо­йынша тиісті шаралар қабыл­данатын болады, – деді бізге облыс әкімінің бірінші орынбасары, төтенше жағдай жө­нін­дегі арнайы штаб жетек­шісі Ләззат Тұрлашов.

 

Алматы облысы