• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2022

Кеншілер қаласындағы кездесу

248 рет
көрсетілді

Парламент депутаттары Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтетін жалпыхалықтық референдумды талқылау үшін ел ішінде жүргені белгілі. Жақында халық қалаулыларының бір тобы Алматы облысындағы Текелі қаласына ат басын бұрып, тұрғындармен кездесті.

Текелі тұрғындарымен кез­десу­ге бірінші болып «Ақ жол» пар­тиясының төрағасы, Мәжі­ліс депутаты Азат Перуашев келді. Қызықты кездесу шағын шаһар­дағы тау-кен байыту комбинатында өтті. Бұл кәсіпорын бұған дейін жабылып қалған қорғасын-мырыш зауытының мұрагері санатында. Қайтадан ашылған өндіріс қазір жеті жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын ұжымы депутатпен болған кездесуде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Мықты пре­­зи­дент – Ықпалды парламент – Есеп беретін үкімет» фор­му­ла­сындағы Парламент пен Үкімет арасындағы қарым-қатынасына қолдау білдіріп, жүктелген бағ­дар­ламаларды орындамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауап­кершілігін арттыруды көз­дей­тін пәрмендеріне риза бол­ды. Ал Конституцияға ен­гізі­ле­тін бірқатар өзгеріс, оның ішінде, «Жер мен жер қой­науы халықтікі» деп жазылатын жаңа нормаға сәйкес отандық өнім өңдеушілерді қол­дау мәсе­­ле­леріне ерекше қы­зы­ғу­шы­лық таны­тты. Сондай-ақ Текелі тұр­ғын­дары кеншілер мен мета­л­­лур­г­тердің зейнет жасын қай­тару­ды талап еткен «Ақ жол» партиясы­ның бастамасына ерекше алғысын білдірді.

Жиынға келген кәсіпкерлер тарапынан бірқатар мәселе де көтерілді. Әсіресе, темір жол тұ­йық­тарын уысында ұстап келген монополистердің кесірінен туындаған дау-дамайдың зардабы әлі жойылмапты. Осы мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен «Ақ жол» партиясының күшімен тасымал тарифтер­інің құны 95 пайызға дейін төмен­деген көрінеді. Бүгін­де пар­тия осы темір жол тұйық­тары­­ның мем­лекетке ғана емес, жеке кәсіпорындар санатындағы заң­ды иелеріне де қайтарылуына қатысты Үкіметке сауал жолдап отыр. Бастаманы кеншілер де, шағын және орта бизнес өкіл­дері де қолдады. Сондай-ақ қала­ны ауыз сумен қамтамасыз ету, пар­тиядан тыс кандидаттарға мәс­ли­хаттардың кезекті сайлауы­на қатысу, жаңа қоғамдық бір­­лес­тіктер құру және әкімдер­ді сай­лауға толығымен көшу мәселе­лері бойынша бірқатар өтініш айтылды.

«Мәслихат сайлауына қаты­су мәселесіне қатысты Консти­ту­цияға енгізілген өзгерістер­де об­лыстық мәслихаттарға сайлаудың аралас, ал қалалық және аудандық мәслихаттарға мажоритарлық сайлау жүйесі қарастырылғанын тұр­ғындарға айттым. Сондықтан мұн­дай сайлауға партия тізімінен бө­лек, жеке кандидаттар да қаты­суға мүмкіндік алады. Жаңа қо­ғам­дық бірлестіктерді құру мәсе­лесіне келетін болсақ, Әділет ми­нистр­лігі оларды тіпті екі аза­­мат­тың да тіркеу мүмкіндігі тура­лы норма дайындап жатыр, соны­мен қатар жаңа саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар да ай­тар­лықтай жеңіл­детілді. Әкім­дер­ді сайлауға қатыс­ты реформа Пре­зидент Қ.Тоқаевтың алғашқы ма­ңызды жаңа­шыл­дықтарының бірі бол­ғанын, өткен жылдың шіл­де айынан бері жүздеген ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдері сай­лан­ғанын, оның ішінде «Ақ жолдан» да үміт­кер­лер өткенін атап өттім», дейді «Ақ жол» партиясының төр­аға­­сы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Сонымен қатар Текелі қаласы­на Қазақстан халық партиясының мүшелері Ерлан Смайлов, Ғазиз Құлахметов және Айжан Сқақова келді. Тұрғындармен кездескен депутаттар алдағы күндері өтетін референдумның мазмұнын, оған енгізілетін өзгерістер туралы баян­­дады. Атап айтқанда, Текеліні жылу­мен қамтамасыз етіп отыр­ған ЖЭО-1 серіктестігінің ұжы­мында 5 маусымда өтетін жалпы­халықтық референдумға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Референдум халыққа қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға мүмкіндік беретінін және әр адам­ның осы науқанға қатысуы ма­ңызды екенін айтты.

«Референдумның маңызды­лы­ғын еңбек адамы екі бастан ұғы­нады. Сапарымнан байқағаным, өз бетімен қоңыр тірлік кешіп, қаладан қашық орналасқан елді мекендер­дің халқы өзара тату, көпшіл. Басты талабы – бейбіт заман мен халықтың бірлігі», дейді, Мәжіліс депутаты, Қазақстан халық партиясының мүшесі Ғазиз Құлахметов.

 

Алматы облысы