• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Мамыр, 2022

Бірінші байлық

1220 рет
көрсетілді

Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» немесе «Денсаулық – терең байлық» деген екен. Бұл даналық сөздер өмірдің өзінен алынғаны анық. Бір қызығы, «Денсаулық дегеніміз не?» деген сұраққа маман дәрігерлер, аталған саланың небір ғұламалары әлі күнге дейін толымды, тұшымды, дәл анықтама бере алмай келеді. Десек те ДДҰ негіздеген анықтамалықта: «Денсаулық – жан, тән және адамның әлеуметтік жағдайының қоңдылығы» деген пәтуа айтылыпты.

Яғни денсаулық дегеніміз – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені физикалық тұрғыдан үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін кеңейту, рухыңды шыңдау – осының бәрі денсаулыққа қызмет етеді десек қателеспейміз. Мысалы, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы сарапшыларының де­ре­гі бойынша адам денсаулығының 49-50%-ы өмір сүру салтына, 17-20%-ы қор­ша­ған ортаның ерекшелігіне байланысты дейді. Сонымен қатар адам денсаулығына зиян келтіретін негізгі факторлар: дене қоз­ға­лысының тоқырауы салдарынан (гиподинамия) артық салмақтың пайда болуы, жүйесіз, һәм ретсіз тамақтану, қоршаған ортаның лас­тануы, өндірісте және тұрмыста күйзеліс туғызатын оқиғалар, зиянды әдеттер: шылым шегу, алкоголь пайдалану, нашақорлық, т.б.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда елімізде қауіпті дерт – нашақорлықпен айналысатындар саны өсіп барады. Есірткінің ме­ди­циналық-әлеуметтік проблемалары рес­пуб­ликалық орталығының мәліметіне қа­рағанда, елімізде бұл кеселге тәуелді бол­ғандардың саны 250 мыңнан асса, 1,5 млн адам нашақорлыққа бейім екен. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың осындай қатерлі әдетке әуестенуі қоғамды ойландыруға тиіс. Академик, дәрігер Н.Амосов, ғаламда денсаулықты айырбастайтын еш нәрсе жоқ десе, Шәкәрім атамыз: «Денең – жан нұрлы болса, жөнделмек» дейді. Яки атамыз қазақтың «тәні саудың – жаны сау» дегені тәрізді.

Осы орайда әлеуметтанушы мамандар мен кәсіби дәрігерлер денсаулық кепілі – саламатты өмір салты дейді. Бұған денешынықтыру, спорт, туризм, табиғат аясындағы серуен, таза ауада жүру, т.б. шарттарды жатқызыпты. Мысалы, кешкі тамақтан соң, таза ауада бір-екі сағат серуен құрып, одан кейін ұйықтаудың пайдасы зор. Ұйқы 7-8 сағаттан кем болмауы тиіс. Әр адам жыл сайын бір реткі еңбек демалысын тиімді пайдаланғаны жөн. Сонымен қатар Алла тағала табиғатты адам үшін жарат­қанын және оны дұрыс пайдалануды парыз еткенін, тіршілігіне, денсаулығына зиян кел­мей­тіндей жағдайда қажетіне жаратуды саламатты өмір салты дейміз.

Адам өзінің денсаулығына зиянын тигізетін жат әдеттерден аулақ болғаны жөн. Олар – темекі тарту, спирттік ішімдіктер мен есірткі заттарына тәуелділік. Арақтың орнына қымыз бен қымыран іш, темекі тартудың орнына таза ауада көбірек жүр. Жастарға есірткіні пайдаланба, одан да мәдени көпшілік орындарына баруды әдетке айналдыр дер едік. Еңбек адамды тәрбиелейді. Сондықтан жұмыс істеуден қашпаған жөн. Жалқаулыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Имандылық жолына түсіп, жылына бір келетін оразаны тұтып, оның тәртібін сақтаған дұрыс. Дүниеде бұған тең келетін ештеңе жоқ. Мәшһүр Жүсіп атамыз: «Біз семірттік денені азықпенен, Байлап бердік жанды оған қазықпенен, Ұйқы, тамақ күйлеген сорлы дене, Құтылар ма осындай жазықпенен» деп бекер айтқан жоқ.

Өкінішке қарай, көптеген азамат өз ден­сау­лығын сақтауға немқұрайды қарайды. Тіпті денсаулығы өзіне емес, тек дәрігерлерге қажет сияқты медицинаға деген тұтынушылық немесе масылдық пиғыл басым. Дәрігерлер қанша ескертсе де, жаман әдеттерден арылғысы келмейді. Темекі тартады, насыбай атады, арақ ішеді. Халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана қағидасын әрдайым жадымыздан шығармай, өмірлік ұстаным етуге тиіспіз.

Осы орайда айтарымыз, халық денсаулығы дегеніміз – тек медицина қызметкерлерінің кә­сіби тірлігі ғана емес, тұтас қоғамның ден­­­­саулық сақтауға және нығайтуға ар­нал­­ған үй­лесімді әрекеттердің жемісі. Ал қо­­­ғамда қалыптасқан жаман әдеттерге кі­нә­лі – адамдардың өзі. Осындай жат, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, төзім­ді­лік, табандылық танытып, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстай білуіміз керек. Бо­ла­шағымыз нұрлы, еліміздің ертеңі баян­ды болсын десек, ел болып, халық болып болашағымызды, ұлтымызды, тегімізді жо­ғал­тып алмау үшін нашақорлық, СПИД, ішім­дік, темекіден бойымызды аулақ ұстап, бұл түнектен арылудың жолын іздеп, саламат­ты өмір салтын насихаттайық. Халықтың ден­сау­лығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі.