• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Референдум 18 Мамыр, 2022

Жастардың әрбір ұсынысы ескеріледі

520 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов пен Юрий Ли елордада колледж студенттерімен кездесіп, елдегі референдум өткізудің мәні мен маңызын түсіндірді.

Кездесуге Сервис және туризм, Технологиялық колледж, Көлік және коммуникация және Astana Polytechnic жоға­ры колледждерінің, сондай-ақ «Ас­тана-Профи» қалалық шаруа­шылық колледжінің студент­терімен қатар мектеп мұғалімдері қатысты. Кездесу бары­сында депутаттар Консти­туцияға ұсынылып отырған толық­ты­ру­ларды талқылап, оларды респуб­ликалық референдум арқылы ен­гізудің маңыздылығын атап өтті.

«Елдегі саяси маңызы бар кезеңге, яғни референдумның өтуіне аз уақыт қалды. Дегенмен қазір халықтың, әрбір дауыс беруші азаматтың бұл оқиғаның негізгі мәнін терең түсінуі маңызды болып отыр. Осы мақсатта біз бірнеше кездесу өткізіп, халықпен, өздеріңдей жастармен пікір алысып отырмыз. Байқағанымыз, халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екінші Республика құру жөніндегі мақсатын, бүкіл халықтың мемлекетті басқаруға тікелей қатысуы үшін нақты тетіктерге қадам жасап жатқанын түсініп, оң пікір білдіруде. Сондықтан өзім референдумның біздің халықтан қолдау табатынына сенімдімін. Жастардың айтқан әрбір пікірі мен ұсынысы ескеріледі», деді Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған Парламент Мәжі­лісінің депутаты Сауытбек Абдрах­манов.

Ал депутат Юрий Ли: «Негізгі Заңымыз – Конституцияға ұсынылған түзетулер саяси жүйеде өте маңызды өзгерістерді, қоғамдық-саяси саладағы нақты күресті күшейтуді көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, елдің әрбір азаматы 5 маусымда өтетін референдумда өз пікірін білдіруге құқылы. Бұл кезең азаматтардың қоғамдық-саяси ортада өз ойын жеткізіп, болашағына мақсат-міндеттер қоя алатын, оларды іске асыра алатын, сондай-ақ қоғамдық-саяси салада маңызды тұлға бола алатын сәт. Сондықтан біз жастарымыздың осындай бастамаларға белсене араласып, өздерін танытқанын қалаймыз», деді.

Кездесуде колледж жас­тары өздерін қызықтырған сұрақ­тарын қойды. Жастардың сауал­дарына жауап берген депутат­тар өскелең ұрпақпен өткен кез­десудің көңілдерінен шыққанын жеткізді.