Конституцияға өзгерістер енгізу туралы жалпыхалықтық референдумға шетелдегі отандастарымыз да қатыса алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлемнің әр түкпіріндегі Қазақстан елшіліктері қазір саяси шараға қызу әзірлік үстінде. Іргелес Өзбекстанда елшілік жанынан арнайы дауыс беру учаскесі ашылады. Консулдық мамандары тұрақты жұмыс істейтін немесе білім алып жүрген 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының тізімін жасақтауға кірісті. Әзірге олардың саны 500-дің шамасында болады деп болжанып отыр. Бірақ 5 маусым күні қатары толығуы мүмкін.
Шет елге уақытша сапарлап барғандар да референдумда таңдау жасай алады. Маңызды шара қарсаңында қазақстандық дипломаттар жергілікті сарапшылармен кездесіп, Ата заңға ұсынылған өзгерістерді талқылады. Мамандар мұндай бағыттағы референдум жақын арада Өзбекстанда да өткізілуі мүмкін екенін айтты.
Аяна Тоғанбек