• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “АЛДЫМЕН — ЭКОНОМИКА...”

2044 рет
көрсетілді

Күрделі оқиғалар бастауы Елімізде президенттік басқару жүйесінің енгеніне 20 жыл толды. Егемендігіміздің де 20 жылдығы көп алыста емес. Алдыңғысы да, соңғысы да қазақ тарихында бұрын болмаған, тек осы аталмыш мерзімде біздің өмірімізде тұңғыш бастауын алған оқиғалар. Президенттің басшылығымен егемен ел, дербес мемлекет ретінде, міне, тұтас бір ғасырдың бестен бір бөлігін жүріп өттік. Бестен бірі десек те тарихи тебіреністері­мен, бейнет-зейнетімен, түбірлі өзгеріс, күрделі реформаларымен бұл бір ғасырға пара-пар жол.       Рухы күшті, өзегі таза, орасан күйзелістер мен қиын­дықтарда өзін-өзі сақтай білетін қазақ деген ұлт бар екенін танытқан жол. Дербестік тұл­па­рына мініп, өркениет жолына шығып, оның көкжиегіне басқалармен қатар жетемін деген асыл арманына ұмтылған Қазақстан де­ген ел бар екенін көрсеткен жол. Тәуелсіздік туын берік ұстап, қиыннан жол тауып, халқының көшін бастайтын Дара Тұлғасының, Дарабозының да бар екенін бүкіл әлемге паш еткен жол. Осы жол өте күрделі оқиғалармен басталып еді. Өткен ғасырдың соңында заманында бүкіл дүние жүзін тітіренткен Кеңес Одағы көп жылға созылған тиімсіз, орашолақ басшылық пен саясаттың салдарынан күйзеліске тірелді. Терең ойластырылмаған, жеңіл-желпі, ұрандатып жүргізілген саяси-экономикалық реформалар дұрыс нәтиже бермеді. Бір кезде империя халықтарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Одақтың басқару жүйесі барған сайын әлсіреп, ақырында күйреді. Нә­тижесінде Кеңес Одағы ыдырап, құрамындағы республикалар дербестік туын көтерді. Сол кезде егемендікке қол жеткізген Қазақ­станның келбеті әлі күнге дейін менің көз алдымда. Басқалармен экономикалық байла­ныс үзілгеннен кейін ел ішіндегі көптеген кәсіп­­орындар жұмысын тоқтатқан, дүкендерде тауар жоқ, қаңырап бос тұр, өзіңе тән ақшаң жоқ, басқалар қолданудан бас тартқаннан кейін ресейлік ескі рубль Қазақстанға вагон-вагонымен, тіпті эшелондап келіп жатты. Бірақ оған сатып алатын тауар жоқ. Табыс көзі кілт азайып, еңбекақы, зейнетақы төленбей, әлеуметтік сала күйзеліске ұшырады. Бұл ел тұрмысының сол тұстағы қиындығы еді. Ал саяси немесе стратегиялық дамудың дұрыс жолдарын табу, егемен елдің, дербес мемлекеттің заман талабына сай келбетін қалыптастыратын шараларын жасап, оларды жүргізу одан да қиын болатын. Социалистік тота­литарлық жүйені артқа тастадық, оның тиім­сіздігіне көзіміз жетті, ал егемен елдің сая­си ұстанымы қандай болуы керек? Бұрын біз қолданған әкімшілік экономика жүйесі әлемдік бәсекеде ұтылды, жарамсыздығын көрсетті, ал өзі тиімді, өзі жаңа экономика жүйесі қандай болуы керек, оның шешуші тетіктері қандай? Қайткен күнде Қазақстан дербес ел ретінде әлем кеңістігінде өз орнын таба алады? Саяси және экономикалық қауіпсіздікті қалай қамта­масыз етуге болады? Әлеуметтік саланы халық тұрмысын жақсарту мақсатында қалай қалып­тас­тырып, қайта құрып немесе жаңғырту керек? Міне, осындай батпандай ауыр сұрақтар, оған тиісті жауап іздеу егемендіктің алғашқы күндерінде-ақ біздің алдымызда тұрды. Сол кездегі арбасқан алақұйын заманның тезі, уақыттың өзі туғызған сұрақтар, өктем талаптар. Бұрын біздің тарихи санамызда қойылмаған, шешімін де іздемеген сұрақтар. Бүкіл халықтың парасат деңгейінің сынаққа түскен өте бір күрделі тарихи кезең еді ол. Ел болып бағыт-бағдарымызды болжауға кірістік. Осындай уақытта қай елде болса да замана жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелі мол азаматқа, дара тұлғаға сұраныс ерекше болатыны тарихтан белгілі. Оларға тән терең ой, кемел ақыл, биік рух, қайрат пен қабілет осындай тарихи сынақтың дұрыс жауабын тауып, елін өрге сүйретуге арнағаны әлем елдерінің тарихында бар. Ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Ұлыбританияда – Оливер Кромвель, Германияда – Бисмарк, өз елдерін тығырықтан шығарып, жаңа жолға сала алған АҚШ-та – Франклин Делано Рузвельт, Францияда – Шарль де Голль, Қытайда – Дэн Сяопин, Үндістанда – Джавахарлал Неру, Түркияда – Мұстафа Кемал Ататүрік, небәрі бір-екі-ақ ұрпақ мерзімінде титықтап, көш соңында қалған елдерін әлем мемлекеттерінің алдыңғы сапына қоса білген Сингапурде  – Ли Куан Ю, Малайзияда Махатхир Мохаммад осындай өз заманының талабына сай келіп, елдерінің жаңа жолының көшін бастаған тұлғалар. Қазақстанның аталмыш күрделі кезінде көшін бастау тарихи міндеті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еншісіне тиді. Егемен еліміздің тізгінін ұстауды тарих осы азаматы­мыздың иығына артты. Міне осыдан бастап оның салиқалы саясатының куәсі болып келе жатырмыз. Қоғамымыздың барлық салаларын­да күрделі реформалар жүріп жатыр. Саяси, әлеуметтік, қауіпсіздікті нығайту, құқық қорғау, тағы басқа салаларға да арналған реформалар. Олар оң нәтижесін де беруде. Мен өзім экономист болғаннан кейін экономикадағы, қоғам, мемлекет үшін осы іргелі саладағы реформаларға толығырақ тоқтауды жөн көрдім. Даму жолын таңдау Егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ осы саланың жаңа, тиімді үлгісін, даму жолын таңдау мәселесі тұрды. Әрине, нарық экономи­касы үлгісін таңдадық. Оған жетелеген алды төрт ғасыр, соңы екі ғасыр осы нарық жолы­мен жүрген батыс елдерінің бай тәжірибесі және оның мол тиімділігі. Оның үстіне әлемдік социалистік жүйе ыдырап, дербес дами бастаған отызға жуық мемлекеттер – біздің бұрынғы әріптестеріміз де осы нарық жолымен жүреміз деген шешімдерін қабылдап жатты. Осымен қатар Бүкіләлемдік Банк, Халықара­лық валюта қоры, бірнеше ірі батыс мемле­кеттері біздерді социалистік жүйеден тезірек бөліп әкету мақсатында арнайы бағдарлама жасап (Вашингтон консенсусы), оның талаптарын орындауға біздерді күндіз-түні үгіттеп жатты. Сөйтіп, нарық жолын таңдадық. Бірақ ол бізге оңайға түскен жоқ. Өйткені, бұл біздерге белгісіз, ғасырлар бойы бұрын жүріп өткен жолымызда кездеспеген, тарихи санамызда қалмаған шаруашылық жүйесі. Оның үстіне капитализмнен социализмге өткен заман ізі бар, ал керісінше, социализмнен капиталистік нарық жүйесіне біздерден бұрын жол салған ешбір мемлекет жоқ. Және де осы нарықтық экономиканың қыр-сырын, небір шешуші бағыттары мен тетіктерін білетін мамандары­мыз жоқ. Нарық жүйесін жамандап, оған тас лақтырғанымыз болмаса, оны кеңес заманында үйреткен де, үйренгеніміз де жоқ. Тағы бір қиындық біз, сол кезеңдегі ұрпақ, кеңестер бесігінен өсіп-өнген, Компартия идеологиясы­мен берік шыңдалған ұрпақ едік. Бұрынғыны артқа тастап, барлық қалыптасқан сенім-нанымды басқа жаққа бұру да оңайға түскен жоқ. Жаңа жолға түсуге қарсылар ол кезде бар-ақ болатын. Міне, осы кезде “Мен, халқым, осы нарық жолын таңдадым, бұл сапарда қиыншылық көп болады, төзуге тура келеді. Ал нәтижесінде біз тиімді экономикалық жүйе жасаймыз, соның негізінде тұрмысты жақсартып, өркениетті елдердің қатарына қосыламыз. Мен сіздерді осы жолмен жүруге шақырамын”, деген Президенттің жалынды сөздерін естідік. Бұл Президенттің ой-толғанысы мен таным талқы­сынан күш алған тебіренісі еді. Сол кездегі орасан сілкіністерден туған тебіренісі еді. Осын­дай алдағы қауіп-қатерге тәуекелі мол те­біреніс біздерді, қазақ қоғамын, нарық жолына шығарды. Отан тарихында бұл – орны өшпес оқиға. Осы нарық жолын бастауда тағы бір жолай­рыққа тірелдік: қалай, осы жолмен шұғыл жүреміз бе, әлде нарық әлеміне біртіндеп кіреміз бе? Сол кезде әлем елдерінде болып жатқан пікірталастар менің әлі есімде. Біреулер “нарыққа жету үшін алдыңдағы ордан бір-ақ секіріп өту керек” десе, екіншілері “судан өту үшін оның түбіне табаныңды тіреп, байқап өту керек” деген пікірлер айтып еді. “Сендер, қазақтар, мына Чехия, Словакия, Венгрия, тағы басқа Шығыс Еуропа елдеріндей нарық жолымен жедел жүре алмайсыңдар, өйткені, олар осыдан жарты ғасыр бұрын осы жолмен жүрген, оның сүреңі сақталған, оны жедел табуға болады, ал сендерде ондай жағдай жоқ. Нарыққа шұғыл кірісе бастаған поляктар да сендерге үлгі бола алмайды, өйткені, олардың әлем елдерінде ағайындары көп, олар көмекке келеді, ал сендерге өз күштеріңе ғана сенуге тура келеді” деген пікірлер де айтылды. Айтылып қана қойған жоқ, осы пікірлер реформаға қарсылардың ұранына айналып еді. Реформаларды тез, шұғыл түрде жасауға тағы да Президенттің тәуекелі керек болды. Негізсіз, көзсіз тәуекел емес. Күш-қайратына, өз таңдауының дұрыстығына сенген тәуекел. Жедел реформалардың қиындығы да болды. Ол туралы әңгіме кейінірек. Ал енді олардың оң нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Барлық тетіктерін берік жасауға жарты, тіпті бір ғасыр кететін нарық жүйесін біздер бір ғана ұрпақтың ғұмырындай мерзімде құруға қол жеткіздік. Бүгінгі таңда әлем елдері Қазақстанды жан-жақты дамыған, басқалармен терезесі тең нарық экономикасының елі деп біледі, олармен қарым-қатынас та осы тұрғыдан қалыптасып, тиімділігін көбейтуде. Ең бастысы, тезірек тығырықтан шығып, ел тұрмысын табанды түрде жақсарту мүмкіндігіне жол ашылды. Әсіресе, сонау 90-шы жылдары кедейшілік пен жоқшылыққа белшесінен батып отырған халықты айғайы болса да айқассыз, дауы болса да жарылыссыз, әлеуметтік тыныштық пен үйлесімдігін сақтай отырып, экономикалық күйзелістен тез арада алып шығу ерлікке тән іс-әрекет. Кейбір бұрынғы әріптес-көршілеріміз осындай батыл қадамдарға бара алмады. Тіпті Ресейдің өзі жол басында кібіртіктеді, ал аталас көршілеріміз болса әлі күнге дейін нарық жолына түбегейлі шыға алмай отыр. Сондықтан Президент жасаған сол кездегі тәуекел, жолайрықтағы батыл шешімдер біздің тарихымызда жоғары орында тұрары сөзсіз. “Саяси басшының баршаға керек үлкен бір қасиеті – алдын болжай білу және алға қойған мақсатын орындау ісінде табандылық көрсету” деген екен Аристотель. Реформалардың алғашқы сатысында да, кейінгі жалғасында да осы саладағы мақсатын орындауда Президент тарапынан көрсетіліп отырған табандылықты атап айтпауға болмайды. Реформалар үйлесімділігі Егемендік алған елдің реформалары тек экономика саласымен шектелмейді. Олардың тағы бір өзекті саласы – саяси реформалар, елімізде басталған демократиялық үрдістер. Біз ашық қоғам құрып, демократия жолын таңда­ған елміз. Осыған сәйкес конституциялық ре­форма, демократия шеңберін үлкейтетін әртүр­лі басқа да саяси реформалар жүріп жатыр. Қоғамымыздағы кейбір саяси топтар демокра­тиялық реформаларды бұдан да жедел жүргізуді талап етті, әлі де талап етуде. Оларға жауап ретінде Президент, “алдымен – экономика, сосын – саясат” деген өзінің тиянақты тұ­жырымын айтты. Міне, осының негізінде біз эко­номиканы жеделдете дамытып келе жатырмыз. Алдымен – экономика, сосын – саясат – бұл Қазақстанның Президент ұсынған даму жолы. Басқалармен салыстырғанда, әрине, бұл жолдың өзімізге тән ерекшелігі бар және ол негізсіз емес. Батыс елдерінің, тіпті осы жолға түскен Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне қарасақ, саяси демократия үрдісін тек осыған мүмкіндік жасайтын экономика саласында керек жағдай болғанда ғана жақсы дамытуға болады. Демократиялық елдердің тұрақтылығы неде, демократиялық қоғамның тұрақты да­муы­ның негізі неде? Басқаша айтқанда нарық заманында өз қоғамының тұрақты болуына кім мүдделі? Оған мүдделі – орта тап. Яғни, өз кәсібі бар, өзін-өзі экономикалық тұр­ғы­дан қам­тамасыз ете алатын, сондықтан да осы жағ­дайынан айырылып қалу қаупі бар қоғамдағы әртүрлі қозғалыстарды, сілкіністерді қолдамай­тын топтар. Негізінен олар шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданатындар. Егер жала­қылары жоғары болса, бұл топқа ірі компаия­лардың менеджерлерін, дәрігерлерді, инженер­лерді, зиялы қауымның кейбір айтар­лықтай табысы бар өкілдерін жатқызуға болады. Шетел тәжірибесіне сүйенсек, тұрақтылық­ты сақтай білетін және оған мүдделі орта тап­тың өкілдері қоғамдағы жалпы халық санының 50-60 пайызын құрауы керек. Бай шетел тәжірибелері тұрақтылықтың тағы бір түйінін байқатады. Яғни, орташа жылдық табысы адам басына шаққанда ең кемі 3000 доллар болған елдерде басқаларға қарағанда қоғамдағы тұрақ­ты­лық көбірек сақталған. Осы саланың мамандары “демократияның сынақ көтеретін деңгейі” (критический уровень демократии) деген көрсеткіштің де демократияны дамыту үшін маңызды екенін айтады. Қоғам шайқал­май, небір үлкен әлеуметтік күйзеліс пен жарылыстарға ұрынбай, тұрақты даму үшін аталмыш көрсеткіштің деңгейі 6000 доллардан кем болмауы керек. Енді осы жоғарыда айтылған тұрғыдан Қазақстандағы реформалардың басындағы өз жағдайымызға көз жіберейік. Сол кезде елді кедейшілік жайлаған еді. Шағын және орта кәсіп иелерінің біртіндеп қана қалыптаса баста­ған кезі. Ауылда да, қалада да етегін кең жайған жұмыссыздық. Өз жалақысы күн көрісіне жетпей жүрген инженерлер, дәрігерлер, басқа топтардың өкілдері. Адам басына шаққанда 3000 доллар емес, одан он есе аз жылдық табыс. Осындай жағдайда, Президент айтқан­дай, “демократиялық даму тікелей кедейші­лікке апарар жол екен” деп халық қорытынды шығаруы әбден мүмкін еді. Міне, осыны терең түсінген Назарбаевтың “алдымен – эконо­мика, сосын – саясат” даму жолы дүниеге келді. Егемендік жылдары осы саясатты берік ұстап, экономикада ауқымды реформалар жүргізіп, оның тиімділігін өсіріп, соның негізінде баянды әлеуметтік саясат жүргізуге, ел тұрмысын сатылап жақсарту мүмкіндігіне қол жеткізіп келеміз. Соңғы жылдары өзіміздегі ішкі жалпы өнім адам басына шаққанда 7000 долларға жетіп, жоғарыда көрсетілген “де­мократияның сынақ көтеретін деңгейі” көрсеткішінен асып кетті. Енді бес жылдан кейін әр адамның орташа табысы 9000 доллардан асып, әлем елдерінің бел ортасынан орын алуға мүмкіндіктер бар. Соңғы он жылда қазақстандықтардың орташа табысы бес есе, орташа жалақы алты есе, жалақының ең аз деңгейі жиырма бес есе өсті. Осының бәрі Пре­зидент жүргізіп отырған “алдымен – эконо­мика” саясатының нәтижесі, оның Қа­зақ­стан қоғамының ерекшелігі мен хал-ахуа­лын ескере отырып алынған саяси шешімінің дұрыстығының куәсі. Әрине, бұдан ел тұрмысында бүгін кемшілік жоқ, барлық топтар үшін тиісті жағдайлар жасалған деген пікір тумайды. Кейбір шаруашылық және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы төмен. Мысалы, мұғалімдердің, дәрігерлердің, ғылыми қызметкерлердің жалақысы республика көлеміндегі еңбекақы деңгейінің 60 пайызын ғана құрайды. Күн тәртібінде осындай қайшылықтан арылу мәселесі тұр. Осы күндері Қырғызстанда болып жатқан күйзелістер барша әлем назарында. Рефор­малар­дың алғашқы жылдарында саяси демо­кратияны жедел жүргізген, озық демократия­ның үлгісі деп осы елді барынша мақтап-ма­дақ­таған халықаралық ұйымдар мен сарап­шылар болып еді. Бірақ олар қырғыз қоғамында экономиканың дамымағанын, оның халқының өте кедей тұратынын, осы елде орасан жұмыссыздық орын алғанын ескермеді. Осындай жағдай қырғыз мемлекеті басшыла­рын да ойландырмады, олар да демократия деген жайдақ ұранның ықпалында болды. Нәтижесінде жылдар өтіп жатты, ел тұрмысы түзелмеді, халықтың төзімі таусылды. Қырғыз ағайындардың соңғы 5-6 жылда басынан бір емес, екі рет кешіп отырған орасан күйзелісі, қан төгілуге дейін барған оқиғалар жоғарыда айтылған жан-жақты терең ойластырылмаған саясаттан, экономиканы дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға тиісті көңіл бөлін­бегендіктен туып отыр. Экономика мен саяси демократияның даму сатыларының бір-бірімен дұрыс үйлесімін таппағандықтан қоғамда болған үлкенді-кішілі күйзелістер, тіпті жарылыстар Қырғыз елінен басқа мемлекеттерде де болғаны тарихтан белгі­лі. Мысалы, Латын Америкасының біршама елдері осындай күйзелістерді 19-шы ғасыр мен 20-шы ғасырдың ортасына дейін өздерінің басы­нан өткізді. 20-шы ғасырдың екінші жарты­сында Чилиде Сальвадор Альенде бастаған солшылдар тобы жеңіп, елін жаңа жолмен жүргізе бастады. Бірақ олар жеңіліп, әскери хунта елге басшылыққа келді. Аталмыш елдегі төңкеріске АҚШ-тың, дәлірек айтсақ, сондағы ТТТ сияқты трансұлттық компания­лардың ықпалы болды, сонымен қатар Альенде саяса­тын осы елдің бұқара халқы табанды қолдама­ғанының себебі осы саясаттың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлсіздігі мен кешеуіл­дегенінен еді. Сондықтан саясат пен эконо­мика даму үрдістерін бастаған кезде олардың қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үйлесімін табу әрқашанда маңызды. Біздің айтқымыз келгені: Қазақстан Президенті осы үйлесімді таба білді. Төл теңгенің тегеуріні Президенттің экономикалық реформаларды жедел жүргізуінің басты шарттарының бірі дер кезінде төл теңгемізді жасап, оны айналымға енгізу болды. Төл теңге тек қана тәуелсіздіктің, егемен елдіктің айғақ нышаны емес, төл ақша – әрбір экономиканың қан тамыры. Онсыз экономикада керекті айналыс та, ал оның салаларының арасында тиянақты байланыс та жоқ. Қазір үлкен де, кіші де, баршамыз осы төл теңгеміз ықылым заманнан бері қалта­мызда жүргендей сезінеміз. Ал ол қалай дү­ниеге келді, төл теңгеміз болу үшін Прези­дентке қандай батыл шараларға баруға тура келді дегенді көп ойлай да, бағалай да бер­мейміз. Ақиқатына келсек, бұл тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі оны бекіту жолындағы екінші күрделі де батыл қадам болды. Батыл деп айтатыным, сол мезгілде Ресейдің рубль ай­мағынан, осы елдің экономикалық кеңісті­гінен шығу қиынның қиыны болатын. Өйткені, бізден шығарылған бұйымдардың жетпіс пайызынан артығы, ал бізге керек бұйым – заттардың, құрал-жабдықтардың сексен пайы­зы негізінен сол Ресейден алынып, не соған жіберілетін. Ал осы байланысты реттейтін Ресей ақшасы рубль болатын. Ресей бізді өз рубль аймағында, өз ықпалында қалдыруға ты­рысып-ақ бақты. Осындай Ресеймен кіндігіміз қатты қосақталған байланысты үзіп, төл ақшамызды енгізу үшін батыл да кезек күттірмейтін шешім қабылдау керек еді. Осы шешім Президент тарапынан жасалды. Теңге құпия түрде Лондонда жасалып, көп ұзамай егемен елдің экономикалық айналысына енді. Соңынан Президенттің тікелей басшылығымен Ұлттық қор құрылып, инфляцияға қарсы арнайы бағдарламалар жасалынып, Қазақ елі өзінің төл ақшасының құны мен беделін сақтай алды. Кеше әлемде болған қаржы дағдарысы бізге жеткенде, еліміздегі кейбір үлкен банктер күйзеліс кешкенде халқымыздың теңгеге деген сенімін жоғалтпағанын анық байқадық. Ақша жүйесі, оның экономика тиімділігіне әсері өзін қатты ойландыратынын Президент­тің “Дағдарыстан шығу кілті” деген әлем сарапшыларының назарын бірден өзіне аудар­ған еңбегінен де көруге болады. “Әлемдік экономикадағы дағдарысты жеңудің үш жолы немесе бағыты бар”, дейді Назарбаев. Біріншісі – техникалық-технологиялық инновациялық үрдісті жеделдету, екіншісі – валюта-қаржы­лық күрделі инновациялар жасау, үшіншісі – саяси-әлеуметтік инновациялар жасау. Олардың ішінде, Президент пікірінше, жаһандық дағдарыстан шығу үшін валюта-қаржылық инновацияның маңызы өте зор. Осы тұжырым аталмыш еңбекте жан-жақты талқыланып, дәлелденген. Олардың бастыларын айтатын болсақ, біріншіден, әлемдік дағдарыс осы валюта-қаржы саласынан басталды; екіншіден, әлем деңгейінде тауар мен қызмет көрсету көлемі мен олардың айна­лымын қамтамасыз ететін валюта көлемінің арасында алшақтық басталды және ол жылдан жылға үлкеюде, өсуде. Мысалы, 1994 жылы барша әлемдегі айналыстағы ақша көлемі 70 трлн. долларды құраса, 2005 жылы ол 450 трлн.-ға дейін, ал 2007 жылы Базельдегі Халықаралық есептесу банкінің хабары бойынша, 530 трлн. долларды құраған. Яғни, 1994-2007 жж. 460 трлн. долларға шаққанда қосымша ақшалар шығарылған. Осындай 13 жыл ішінде (1995-2008 жж.) әлемдегі ішкі жалпы өнім 31,7 трлн. доллардан 41,797 трлн. долларға немесе небәрі 10 трлн. долларға ғана өскен. Нәтижесінде, тек тауар айналымын қамтамасыз ету үшін ғана емес, ақша сұраныстан орасан көп шығары­лып, ақшадан ақша жасау жалдаптық жүйесі қалыптасты. Үшіншіден, әлемдік валюта – долларды шығару тек Америка Құрама Штаттарының қолында, валюта эмиссиясын жасаған кезде өз мүдделері болмаса, басқа елдердің жағдайларын көп ескере бермейді. Төртіншіден, 1944 жылы дүниежүзілік соғыстың соңында құрылған әлем­дік валюта-қаржы жүйесі ескірді, қазіргі заман талабына сай келмейді. Сондықтан да жалпы әлем экономикасы, жекелеген мем­лекеттер де қаржы дағдарысына жиі ұшырайды. Міне, осындай себептермен, деп тұжырым­дайды Нұрсұлтан Назарбаев, әлем деңгейінде жаңа резервтік валюта жасайтын кезең келді. Мен мұны әлемдік деңгейдегі ұтқыр пікір дер едім. Көп елдердің басшыларының назарын аударған пікір. Франция Президенті Саркозидің, Германия Канцлері Меркельдің, Ресей Президенті Медведевтің, Қытай басшысы Ху Цзиньтаоның осы саладағы ұсыныстарымен үндес пікір. Біздің басшымыздың кәсіби дайындығының жоғары екендігінің, әлем экономикасында болып жатқан құбылыстарды әр уақытта өз назарында ұстайтынының, соның арқасында айтылған пікірінің осы саланың және дағдарыстың себептерін терең түсінгенінен туғандығының айқын айғағы. Президент ұсынысы әлі күн тәртібінен түскен жоқ, әлемдік қаржы архитектурасын жасауға қатысқан халықаралық ұйымдар, жекелеген сарапшылар Қазақстан Президентінің пікіріне қайта-қайта оралуда. Президент еліміздегі реформалар хикаясын “Қазақстан жолы” атты көлемді еңбегінде айшықтады. Бұл өзі ел ішінде жан-жақты талқыланып және баршамыз бастан кешкен оқиғалар. Сондықтан қысқаша ғана экономика саласында жүріп жатқан реформаларға тоқтал­сақ, біріншіден, олар ұзақ мерзімді көздеген, стратегиялық маңызы бар реформалар, екіншіден, әрқайсысы тың тақырыпқа, экономика деңгейін, жалпы ел өркениетін жаңа сатыға көтеруге арналған ауқымды бағдарламалар, үшіншіден, әлемнің қазіргі, әсіресе болашақ даму бағыт-бағдарлама­ларымен үндес келген, Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың алдыңғы қатарындағы елдерге барынша жақындатуды, оларға үйлесімдікті арттыруға арналған реформалар. Үлкен стратегияның айқындалуы Олардың кейбіреулері толығымен, кейбі­реу­лері жартылай орындалды, жаңадан бас­талып жатқандары да бар. Дегенмен, біз жоғарыда атаған үш ізгі мақсатты әрқайсы­сының көздегені тарихи шындық. Ең алғашқы жарияланған “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасы алдағы ұзақ сапарда ел жүретін саяси-әлеуметтік жолдар туралы, осы сапарда өтетін өткелдер, алатын асулар туралы Елбасының ойын, арманын жария етті. Өте алысты көздеген стратегиялық құжаттар әлем елдерінде көп емес. Қытай, Малайзия елдерінің осындай стратегиялық жоба жасау тәжірибелері бар. “Қазақстан-2030” осындай әлем елдерінде сирек кездесетін стратегиялық жобаларға жатады. Ұзақ жолда қоғамның әр саласында қол жеткізетін тиянақты көрсеткіштері болмаса да бұл Стратегия елде нарықтық экономика жүйе­сі мен демократиялық қоғам құрылатынын жария етті. Жақында осы Стратегияның алғаш­қы он жылдығында қойылған мақсаттарының орындалғанын Үкімет хабарлады. Келесі бір ел үшін ерекше маңызы бар “2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасы” еді. Қазақстанда өндірісті әртарап­тандыруға, әсіресе өңдеу салаларының жедел дамуына арналған бағдарлама. Инновация­ларды экономиканың шешуші салаларына енгізуді көздеген бағдарлама. Қазақстан эконо­микасын индустриялық сатыға көтеруге жасалған жоба. Экономикадағы шикізат секторының, әсіресе мұнай секторын жедел дамыту салдарынан туған сыңаржақтықтан арылу үшін жасалған бағдарлама. Осы Стратегияның Қазақ елі үшін маңызы зор екеніне ешкім күмән келтірмейді. Оны іске асыру барысында елде біршама даму институттары құрылды, оларға бюджеттен мол қаржы бөлінді. Осы істі басқару мақсаты­мен “Қазына”, “Самұрық” холдингтері де құрылды. Өкінішке қарай басталғанына 6 жыл өткеніне қарамастан аталмыш Стратегия дұрыс нәтиже бермеді. Өндіріс әртараптандырылмай, экономикадағы сыңаржақтық әлі күнге дейін орын алып келеді. Президент атап көрсеткен­дей, біздегі еңбек өнімділігі батыс пен шығыс дамыған елдерімен салыстырғанда еселеп төмен, инновациялық даму да өте баяу. Әрине, Стратегияның дұрыс орындалмаған­дығы даму институттарының, оларды басқарған холдингтер, министрліктер мен жалпы Үкімет­тің осындай үлкен іске дұрыстап жұмылма­ғандығынан, осыған қатысы барлардың жауапкершілігінің жетіспегендігінен болды. Сонымен қатар 2002-2007 жылдар шамасында елімізде сыр берген “голланд ауруының” да кеселі болды. Мен мұны бірінші рет айтып отырған жоқпын, біз де, басқалар да Қазақ­станға осы дерттің теріс ықпалы бар екенін айтып жүргенбіз. Аталмыш жылдары әлемдегі нарық бағасы біз сыртқа шығаратын шикізатқа, әсіресе мұнайға тынбай өсті. Оның үстіне біз өндіретін шикізат та (мұнай, металл) көбейіп, оларды басқаларға сату табысты еселеп арттыр­ды. Бюджетке түсім жылдан жылға көбейіп, әлеуметтік саланың сұранысын экономиканың тиімділік деңгейімен санаспай-ақ орындай беруге мүмкіндік пайда болды. Міне, осындай жағдайда экономиканың өңдеуші салаларын дамыту назардан тыс қалмағанымен, оған дұрыс көңіл бөлінбеді. Осы сияқты экономиканың шешуші салала­рына басқа табыс көздері мол болғандықтан немқұрайлы қарауды “голланд ауруы” дейді. Бұл шикізаты бар, одан табысы көп бізден басқа да елдерде болған. Экономика дамуын аса сақтықпен жасаған елдер мұндай дертке шалдыққан жоқ. Экономиканың әртараптандырылмағанын, сыңаржақтығын, тиімділігі төмендігін біз әлем­дік дағдарыс кезінде ерекше сездік. Әлем елдерінде біздер сататын шикізатқа сұраныс және оның бағасы күрт төмендегенде табыс көзі азайып, Ұлттық қордың едәуір бөлігіне қол салуға тура келді. Осы жағдайларды өзінің кезекті Жолдауында халыққа айтып, Президент индустриялық-инновациялық дамудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Жақында Елбасы бекіткен “Қазақстан-2020”, 2009-2014 жылдарға арналған екпінді индустриялық-инновациялық даму, 2020 жылға дейінгі бизнестің Жол картасы, Индустрияландыру картасы осы Президент ұсынған онжылдық даму стратегиясының негізгі бағыттары. Аталмыш стратегиялық бағдарлама өзінің тиянақтылығын байқатады. Онда көзделген мерзімде, әсіресе алдымыздағы бес жылда, екпінді дамитын өндіріс салалары, жаңа кәсіпорындардың, игеретін технологиялардың түр-түсі анықталған. Оларды орындау үшін керек инвестициялар көзі, мемлекет тарапынан қолдау шаралары да сарапталып, бекітілген. Стратегияның тағы бір ерекшелігі ел өңірле­рінде болашақта экономикалық өсу орталық­тарын қалыптастыру. Осының негізінде өңірлер­де шағын және орта бизнестің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Осы саладағы кәсіп­керлерге “2020 бизнес жол картасы” арқылы мемлекет тарапынан қомақты қолдау шаралары анықталған. Бұрынғы бағдарламаларға қарағанда алдымыз­дағы 10 жылдық даму стратегиясының тағы да бірнеше ерекшелігі бар, оларды аталмыш стратегияның артықшылығы десек те болады. Оның бірінші басымдылығы – елімізде шығатын шикізаттарды тереңірек өңдеуді қалыптастыру. Мысалы, бокситтен тек алюминий алып қоймай, одан өндіріске немесе тұтыну салаларына керекті дайын заттар шыға­ру, мысты өңдеп кабель, басқа да бұйымдар шығару, азық-түлікті терең өңдеу арқылы Қазақстан халқының ішетін тамағының 80 пайызын өз елімізде шығару, тағы тағылар. Осындай тиянақтылығымен аталмыш стратегия оны орындаудың мүмкіндігін арттырып отыр. Онда болашақ салынатын кәсіпорындарға, иге­рілетін жаңа технология, техника жүйелеріне алдын ала кадрлар дайындау шаралары да бекітілген. Тағы бір ерекшелік – өндірісті дамытудың, инновацияларды игерудің басты мақсаты әр шаруашылық саласында еңбек өнімділігін қарқынды түрде өсіру. Олай болмаған жағдайда әртүрлі жобалардан бас тарту талап етілуде. жалғасы