• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Мамыр, 2022

Өнері өрге жүзді

412 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласында өткен республикалық «Інжу-Маржан» Ұлттық дәстүрлі өнер байқауында еліміздің әр өңірінен кел­ген 80-нен астам өнерлі өрен бақ сынады. Бесінші рет ұйымдасты­рылған бұл өнер бәйгесінде Қарағандыдан барып қатысқан Мағ­жан және Ұлжан Мыңбаевтар толайым табысқа қол жеткізді.

Нақтырақ айтқанда, Мағ­жан Мыңбаев бас жүлде­ні жеңіп алса, Ұлжан Мың­бае­ва «Халық әні» аталы­мы бойынша бірінші жүл­де иегері атанды. Екі өнерпаз да Қарағанды қала­сын­дағы Кеншілер мәдениет сарайының «Арқа әуені» дәстүр­лі ән үйірмесінде дәріс алады.

Айта кету керек, «Арқа әуе­ні» дәстүрлі ән үйірмесі биылдан бас­тап жұмыс істейді. Оны Қайрат Байбосыновтың шәкірті, белгілі әнші, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Әбеуов басқарады.

Аталған байқауда 11 жаста­ғы Ұлжан халық әні «Гүлдер­айымды» орындапты. Бұдан басқа оның репертуарында «Туған ел», «Әселім жаным», «Тербелді тың дала», «Маржан қыз» және «Ләйлім» сынды әндер бар екен.

– Бала кезімнен домбыра тартумен және ән айтумен айналысамын. Танымал әнші болуды армандаймын. Мектепті бітір­геннен кейін Құрманғазы атын­дағы консерваторияға түс­кім ке­леді, – деп сыр ақтарды Ұлжан.

Ал жеңімпаз Мағжан болса, домбыра класына үш жылдан бері барып жүр екен. Ал дәстүрлі ән айтумен биылғы жылдың қаңтар айынан бастап айналысады.

Байқауда ол «Сайра бұлбұл» әнін тамылжыта орындап, қазылар мен көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген.

 

ҚАРАҒАНДЫ