«Қымызмұрындық» – атадан балаға мирас болып келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Бұл ежелден қалыптасқан жазға қарай бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсімі. Оған ауыл ақсақалдары мен өзге де сыйлы қонақтар шақырылады. Көпшілікке арнап ақ дастарқан жайылып, бата жасалады. Дәстүрге сай, биыл бұл үрдіс Әулиеата өңірінде өз жалғасын тапты. Талас ауданының «Жұрындысай» балалар лагерінде облыстық «Қымызмұрындық-2022» этно-фестивалі өтті. Аталған іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Сондай-ақ этно-фестивальге Тараз қаласы мен өңір аудандарынан жүзге жуық ардагер шақырылған.
Қарт Қаратаудың бөктерінде өткен игі іс-шара барысында келушілерді ақ жаулықты әжелер қазақы қонақжайлық пейілмен шашу шашып қарсы алды. Қымыз әзірлеушілер қымыз баптау барысындағы тәжірибелерімен бөлісті. Ал қонақтар ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татты. Сонымен қатар ардагерлер «Ауыз тию», «Биебайлар» рәсімдеріне қатысып, арнайы ұйымдастырылған түрлі салт-дәстүрлер мен спорттық жарыстарды, қолөнер көрмелерін тамашалады. Қариялар көпшілікке ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен амандығын тіледі. Аталған іс-шара барысында таластық өнерпаздар өнер көрсетті. Қаратау аспанын ән кернеп, күй қалықтады. Жиында халықаралық Qazaqstan Dauiri жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы сөз алып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық сусыны қымыздың қадір-қасиеті жайлы ойын ортаға салды.
Жиналғандар ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарды құрметтеп, дәстүрді дәріптеген елдің алға озатынын атап өтті. Сондай-ақ қасиетті сусын қымызды ұлттық брендке айналдыру, оны кең көлемде насихаттау, ол үшін елімізде «Қымызмұрындық» дәстүрін атап өтуді жалпыхалықтық сипатқа айналдыру секілді ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жамбыл облысы