• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2014

Рұқсат беру жүйесін реттеу – уақыт талабы

412 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында рұқсаттар мен хабарламалар, денсаулық сақтау жүйесі туралы заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, депутаттар күн тәртібінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге қатысты заңдық құжаттарды да талқыға салды. Алдымен Президент шұғыл деп жариялаған «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң жобасы және оған ілеспе заңдық құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Негізінен, бұл заңдық құжат рұқсат беру жүйесін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді пайдалана отырып реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, заң еліміздегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, оның қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін болады. Бұл ретте тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделері нақты айқындалып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Заң жобасы бойынша баян­дама жасаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев заң жобасының еліміздегі рұқсат беру жүйесі проблемаларын шешуге бағытталатынын атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы рұқсаттамалардың толық тізбесі жасалады. Жаңа рұқсаттар беруді енгізуде реттеуші әсерлерді талдау қолданылады және рұқсаттар қауіптілік дәре­жесі бойынша санаттарға бөлінеді. Министр, сондай-ақ, барлық рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырудағы бірыңғай стандартталған тә­сіл­дерді бекіту және «бір терезе» қа­ғидаттарын неғұрлым кеңінен қолдану көзделгендігін де ортаға салды. Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы шағын бизнесті қолдауға бағытталған жұмыстар әлі де жеткіліксіз екеніне ерекше тоқталды. Қ.Жақыпов елі­міз экономикасында шағын және орта бизнес үлесі 17 пайыздан аспайтындығын айта келіп, оның көлемін кемінде 50 пайызға жет­кізу жағын ойластыруға ша­қырды. Бұл тұрғыдан келгенде, рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңның маңызы зор, алай­да бұл құжаттың өзі де эконо­ми­каның ауқымды үлесін, соның ішінде банк саласын, рұқсат берулерді, жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету бойынша мәселелерді түгелдей шеше алмайды. Үкіметтің осы бағытта жұмысын жалғастыратынына сенім білдірген Төраға бүгінгі күні рұқсат беру жүйелері әлі де тиісті деңгейде реттеліп отырмағанына назар аудартты. Заң жобасында рұқсат пен хабарламаның 54 пунктін жою тетіктері көрініс тапқанымен, әлі де 737-сі қалып отыр. «Бізде көптеген орган өзіне бизнестің қандай да бір деңгейде тәуелді болғанын қалайды. Осымен күресуге тиіспіз. Бұған барынша салмақтылықпен қарап, шағын және орта бизнеске мүмкіндігінше жағдай жасауымыз керек», деді Қабиболла Қабенұлы. Палата «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі ту­ралы» Кодекске өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайыр­бе­кова қазіргі уақытта денсау­лық сақтау саласында жаңа тә­сіл­дер айқындалып, қоғамдық қатынастарды дамытудың жаңа деңгейі белгіленіп отырғандығын ерекше атады. Ал заң жобасының мақсаты – қолданыстағы заңна­малық олқылықтарды жою, ден­саулық сақтау жүйесін жетіл­діру және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету. Заң жобасында тіндерді (тіннің бөлігін) және ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауға қатысты нормалар едәуір жетілдіріліп отыр. Министр трансплантация үде­рі­сін жетілдіру және донорлар мен олардың клиенттерінің құқы­ғын қорғау мақсатында гемо­поэтикалық тін жасушаларын транспланттауды реттеу мәселесі қарастырылып отырғандығын атап өтті. Тірі донордан ұлпа немесе ор­ганды алу тек қана оның жазбаша нотариалдық куәландырылған келісімімен жүзеге асатын болады. Ал гемопоэтикалық тін жасушаларын алуға ондай нотариалдық куәландырылған келісім талап етілмейді. Қылмыстық іс жүргізу ко­дек­сінің жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Құжат жобасы сот төрелігін жүргізудің тиімділігін арттыруға конституциялық құ­қықты сақтау мен қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңғыртуға бағытталған. Әсіресе, қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату көзделеді. Адвокаттардың сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қа­тысуы кеңейтіледі және сот ісін жүргізу де жеңілдетіледі. Өйткені, үлкен көлемді тергеу және сот әрекеттерін жүргізудің қажеті болмай қалады. Бұдан басқа, жедел іздестіру шараларын жүргізу тәртібі реттелген. Прокурордың санкция беруі азаматтарды олардың жеке өміріне қолсұғылмаушылық конституциялық құқығының бұ­зылуынан қорғауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Соттың сотқа дейінгі іс жүргізуді бақылауын ке­ңейту мақсатында қылмыстық процеске тергеу судьясы институты енгізілетін болады. Оған жекелеген тергеу әрекеттеріне санкция беру, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында тараптардың шағымдары мен өтінішхаттарын қарау өкілеттігі бекітіліп берілмек. Аза­­маттардың қылмыстық процес­тегі құқықтарын күшейту мақсатында куәнің, жәбірле­нушінің айғақ­тарын сақтауға беру кезінде тарап­тардың бірдей қатысу жағдай­ларына кепілдік беретін норма да назардан тыс қалмаған. Және де кодекс жобасын талқылау барысында бұлтартпау шарасын қолдану кезіндегі кепілдің мөлшері елеулі түрде (екі есеге дейін) азайтылған. Айрықша жағдайларда, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қатысты кепілдің мөлшері ең төменгі мөлшерден де аз қол­данылуы мүмкін. Палата, сонымен бірге, «Қа­зақстан Республикасының кей­бір конституциялық заңдарына өзге­рістер енгізу туралы» Консти­туциялық заң жобасын екінші оқы­лымда қолдады. Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековтің айтуынша, өзгерістер аталған кон­ституциялық заңдарды қолдануда құқықтық қайшы­лықтар мен олқылықтардың орын алмауын қамтамасыз ете­тін болады. Жалпы, заң жобасы қабыл­данса, азаматтардың құ­қық­тары мен бостандықтарын, қоғам мен мем­лекеттің мүдделерін қылмыстық қолсұғушылықтан тиімді қорғау қам­тамасыз етіледі. Күн тәртібінің соңғы мәселесі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қыл­мыстық іс жүргізу заңнама­сын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданғанын айта кету керек. Мұндағы негізгі мақсат – қолданыстағы заңнаманың нормаларын Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасына сәйкес кел­тіру. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».