Қазақстанның ірі мәдени орталығы саналатын Алматы қаласында 27 мемлекеттік және жекеменшік музей бар. Тарихи-рухани сұраныс себебімен ашылған осы музейлердің әрқайсының өз тарихы, өз жәдігерлерінің жинағы бар. Халықаралық музейлер күні кәсіби мерекесіне орай өткізілетін «Музей түні» мерекелік іс-шарасына қатысу таңдауының қиынға соғатыны да сондықтан. Бір түнде отызға тарта музейдің бәрін аралап, арнайы әзірленген мерекелік бағдарламасымен танысып шығу әсте мүмкін емес. Әйтсе де, бұл мерекеде Мемлекеттік орталық музейді, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейін және Н.Тілендиев атындағы мемориалды музейді аралап шығуды жөн көрдік.
«Музей түні» – қала тұрғындары мен қонақтарына музей артефактілерімен, мәдени-білім беру бағдарламаларымен танысуға және еліміздің тарихы мен мәдениетінің жаңа беттерін ашуға мүмкіндік беретін ірі халықаралық әлеуметтік мәдени-білім беру жобасы. Ел Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты Мемлекеттік орталық музей мен Өнер музейі биылғы «Музей түні-2022» дәстүрлі акциясы талантты балалардың бастамалары мен жаңашыл идеяларын қолдауға бағытталған. Іргелі мәдени шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова: «Музей орталықтары шығармашылық тұрғыдан өркендеуімен қатар, дарынды балалардың жұмысын насихаттай отырып, жас ұрпақты, ұлттық құндылықтарымызды дәстүріміз бен мәдениетімізді тануға үйретіп келеді.
Тағы бір мақсат, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқауларда жоғары жетістіктерге жеткен оқушылардың білім, өнер, музыка, спорт саласында бағындырған шыңдарын насихаттай отырып, олардың арасында достық қарым-қатынас орнауына жол ашу. Бүгінгі фестивальге қатысуға ниет білдірген барша балдырғандарымызға және олардың ата-аналарына алғысымызды білдіреміз», деді.
Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қырым аралдары» лабораториясында консервациядан және реставрациядан өткен археологиялық құндылықтар алғаш рет халық назарына ұсынылып, Қырым Алтынбековтің жүздеген жыл тарихы бар көне жәдігерлерден топтастырылған «Қайта жарқыраған жауһарлар Аралы» көрмесі көпшіліктің назарын аударды.
«Музей түні» акциясының негізгі бөлігі «Талантты балалар шеруі» республикалық балалар фестиваліне арналды. Республиканың әр өңірінен келген талантты балаларға 16 номинация бойынша жүлде мен марапат берілді. Сыйлық пен марапаттарды Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет және өзге де елге белгілі өнер саңлақтары табыстады.
Мемлекеттік орталық музейде өткен акцияның тағы бір маңызды оқиғасы – «Коворкинг балалар орталығының» ашылуы. Орталықтың жұмысы балаларды музей әлемімен, ондағы тарихи құндылықтармен таныстыруға, сондай-ақ шығармашылық бастамалар мен балалардың мүмкіндіктерін ұштауды ұйымдастыруға бағытталған. Яғни балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мультипликациялық фильмдер көру, кітап оқу, қазақтың ұлттық ойындары және дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйретеді. «Коворкинг балалар орталығының» тұсауын кескен жазушы Мереке Құлкенов балдырғандардың қуанышына ортақтасып, жылы лебізін білдірді. «Коворкинг балалар орталығының» бас демеушісі – KMF Микроқаржы ұйымы және «KMF-Демеу» корпоративтік қоры. «Біздің компания өзінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекеттік орталық музейінде балалар оқыту орталығының ашылуын қаржыландыра отырып, Алматының және бүкіл Қазақстанның мәдени өміріне елеулі үлес қосқанына мақтанады. Бұл біздің тарихымыз бен мәдениетімізді жақсы білгісі келген өскелең ұрпаққа берілген сыйлық. Жобаны іске асыру құны 3 млн теңгеден асты» деп атап өтті Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов. «Коворкинг» орталығының аясында «Жас экскурсовод», «Өлкетанушы» және «Бірге сурет салайық» бейнелеу үйірмелері ашылып, музей күніне келген балалар тегін қатысып, алдағы уақытта үйірме жұмысына қатысуға ықыласты екенін көрсетті.
Осы ауқымды шаралардың барлығы Қазақстан өнеріндегі танымал әртістердің концертімен сүйемелденді. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі, «Камерата Казахстан» және В.Боровикованың жетекшілігіндегі скрипкашылар ансамблі, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің сәндік топтамасының көрсетілімі және Қазақстан-Жапония орталығынан оригами, каллиграфия, фурошики өнері бойынша шеберлік сабақтары өтті. Бір қызығы, арнайы тамашалаған адамдар болмаса, музей ішін жаңғыртқан музыка үнін, әуелеген ән, төгілген күйді елең қылмастан, көне жәдігерлерді қызықтап жүргендердің рухани қажеті мен сұранысы басымырақ түскені анық аңғарылды. «Қаңтар қасіретінде» зардап шексе де, көзінің қарашығындай сақтап отырған жәдігерлерін бар қажыр-қайратымен қорғап қалған Орта Азиядағы ең ірі музейлердің бірі саналатын мемлекеттік Орталық музейге лек-легімен келген қонақтардың саны бұл түні шамамен 20 000-ға жуықтады.
Тартымды әрі таным көкжиегін кеңейтетін бай бағдарламасымен танысуға шақырған рухани орталықтардың бірі – Ә.Қастеев атындағы өнер музейі. Мәдени мұраның мол қоры мен таңғажайып өнер туындылары жинақталған музей де биылғы акциясын «Балалар жылы» тақырыбына арнаған. Мемлекеттік өнер музейі әртүрлі жастағы аудитория үшін ұйымдастырған өрнектеп киіз басу, мүсіндік фигуралар, сазбалшықтан бұйымдар жасау шеберлік сабақтары және шеберлер жәрмеңкесін тамашалаған халықтың қарасы қалың болды. Әсіресе музей қызметкерлерінің Акварель залына орналастырылған «Көктем нұры» атты көрмесі ұлттық бейнелеу өнерінің бүгінгі қарымын танытқандай. Бір мәрте музей есігін ашып көрмегендердің қоғамда қалыптастырған «Музей – іш пыстырып, зеріктіретін орын» деген қиямпұрыс пікірін мұндағы «Дала таңбасы» көрмесі теріске шығарады. Көрме залдарына экскурсия жасаған қала қонақтары әдемі картиналардың адам психикасына оң әсер ететін қасиетін сезініп, классикалық өнердің ой салатын қуатына тамсанды.
Музей мерекесін тойлауға келгендерді «Отырар сазы» оркестрінің құлаққа да, санаға да сіңген, жүректі тербейтін сазды әуенімен қарсы алатын Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі жылдағы дәстүрінен жаңылған жоқ. Мүлгіген қараңғы түнде Алматының көшесінен төгілген самаладай жарығының астында «Отырар сазы» оркестрі «Құстар» әні мен «Ата толғауы» күйін күмбірлетіп, алыста кетіп бара жатқан адамдардың өзін қол бұлғап шақырғандай, қонақтар қатарын үстемелей берді.
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі биылғы «Музей түнінің» тақырыбын «Алмалыдан Алматыға дейін» деп атады. Осы бірлестікке кіретін біздің мәдени кешеніміздегі ең үлкен жаңалық – Нұрғиса ағамыз алғаш өзі іргетасын қалаған оркестр құрамын ортамызға арнайы шақырып, талғамы биік кәсіби өнер шеберінің көңілінен шыққан сол өнерпаз аға-апаларымызбен сұхбаттасып, әңгіме-дүкен құруды жөн деп шештік. Нұрағамыздың өз қара шаңырағының алдында концерт ұйымдастырып, сәні мен салтанаты келіскен, әрін де, нәрін де жоғалтпаған ұлы шығармаларын халыққа қайыра бір орындап беруді мұрат тұттық. Себебі «Отырар сазы» оркестрінің құрылғанына биыл 40 жыл толып отыр. Сондай-ақ музей қоры да күн өткен сайын жаңа жәдігерлермен толығып жатыр. Жақында композитор Алтынбек Қоразбаев пен әнші Нұрғали Нүсіпжанов Нұрағаңмен түскен суреттерін, басқа да қымбат бұйымдарын әкеліп табыстады. Осындай жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба береді» дейді Нұрғиса Тілендиев атындағы мемориалды музей-кешенінің директоры Ернат Ысқақ.
Қала қонақтарын бір түн тегін қабылдаған барлық музейдің қызметкерлері әрбір адамды қуана қарсы алып, экскурсиялар мен тақырыптық дәрістер өткізуге дайын екенін жеткізді. Ұлы тұлғалар тұтынған заттарды, көнеден жеткен баға жетпес қымбат қазынаны көзбен көрудің әсері, расында да, бөлек. Жылына бір рет тегін акция ұйымдастырып, музейге қонақ тартудың игі дәстүрін қалыптастырған «Музей түні» акциясы көпшілікке сол үшін керек.
АЛМАТЫ